ҚАУЛЫ
2025 жылғы 15 желтоқсан №6003-25-00-4к/1690 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Ә. Назарова,
судьялар М. Қасымов, Ә. Нұрлыбаева,
талап қоюшы Е. Абдимажитовтің, талап қоюшының өкілі Т.Ахметовтің, мүдделі тұлға Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің (бұдан әрі - Комитет) өкілі С. Алпысованың қатысумен ашық сот отырысында
талап қоюшы Естай Абатович Абдимажитовтің жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент)
2024 жылғы 16 қазандағы шешімді заңсыз деп тану және 2023 жылғы 1 қарашадан бастап әлеуметтік жәрдемақы төлеуге мәжбүрлеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешіміне, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешімімен талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, оның күшін жоюды сұрады.
Жауапкер Департаменттің өкілі істі онлайн түрде мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұрады.
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың отырысы осы соттың ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Департамент өкілінің сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген қағидалармен айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы, заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан жағдайда, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.
Бұл іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталғандай, Е.А. Абдимажитов 2023 жылғы қазан айында Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасындағы тарихи отанына Қостанай облысы Рудный қаласына отбасымен тұрақты тұруға көшіп, қандас мәртебесін және тұруға рұқсат алған.
Бұған дейін Өзбекстанда тау-кен металлургия комбинатының Солтүстік кен басқармасының жөндеу-технологиялық жабдықтары учаскесінде тұрақты жұмыс істеп, 2001 жылғы 22 наурызда жұмыс кезінде өндірістік жарақат алған. Нәтижесінде 3 топ мүгедектігі тағайындалған.
2006 жылғы 16 ақпаннан бастап Өзбекстанның уәкілетті мекемесі ДЕСК №106 куәландыру актісіне сәйкес еңбек жарақатына байланысты 3 топ мүгедектігі мерзімсіз тағайындалған.
Тарихи Отанына қоныс аударуына байланысты Навай облысы Үшқұдық ауданының бюджеттен тыс зейнетақы қоры бөлімі 2023 жылғы 31 қазаннан бастап Өзбекстан Республикасында тұрғылықты жерін ауыстыру жөніндегі уәкілетті органға ұсыну үшін жәрдемақы төлеуді тоқтатып, зейнетақы ісін тапсырған.
2024 жылғы 4 сәуірде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес толық құжаттандырудан өткеннен кейін Қостанай облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің департаментіне өтініш беріп, ұсынылған құжаттардың негізінде 2023 жылғы 1 қарашадан бастап мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуді қайта бастауды сұраған, алайда оған шетелде қолданыстағы ережелерге сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының аумағында оған мүгедектік белгіленбеген. Осыған байланысты мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін МӘС куәландырудан өту қажет екенін көрсетіп, мүгедектігі бойынша жәрдемақы төлеуден бас тартылғаны туралы жауап берілген.
Жергілікті соттар анықталған мән-жайларға және келесі заң нормаларына сүйене отырып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес Республика ратификациялаған халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республика заңнамасында айқындалады (4бапқа өзгеріс енгізілді-ҚР 10.03.2017 ж. №51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.06.2022 заңдарымен (01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі). Осылайша, Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республика заңнамасында айқындалады. Осыған байланысты жергілікті соттар талап қоюшының осыған өатысты уәждері негізсіз деген қорытындыға келген.
Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген Медициналық - әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) реттеледі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда №32922 болып тіркелді.
Қағидалардың 2-тармағына сәйкес медициналық-әлеуметтік сараптаманы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші - қон комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі - Аумақтық бөлімшелер) жүргізеді.
Қағидалардың 5-тармағына сәйкес анатомиялық кемістігі бар немесе емделмейтін аурулары бар, дене функцияларының елеулі немесе өте айқын бұзылулары бар және оңалту әлеуеті жоқ адамдарды, балаларды қоспағанда, тыныс-тіршілігінің шектелуіне әкеп соғатын ауруға, жарақаттарға немесе ақауларға байланысты дене функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын медициналық ұйымдар диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін және уақытша еңбекке жарамсыздығы басталған жұмыс істемейтін адамдар, олар диагноз қойылған сәттен бастап төрт айдан МӘС-ке жіберіледі.
Қағидалардың 5-тармағына сәйкес медициналық ұйымдар тіршіліктынысының шектелуіне алып келетін ауруға, жарақат зардаптарына немесе кемістікке байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту іс-шараларын жүргізгеннен кейін, анатомиялық кемістіктері бар адамдарды немесе организм функцияларының едәуір немесе өте айқын білінетін бұзылушылықтары бар және оңалту әлеуеті жоқ жазылмайтын ауруларды қоспағанда, еңбекке уақытша жарамсыздық басталған немесе балаларға және жұмыс істемейтін адамдарға диагноз белгіленген сәттен бастап кемінде төрт айдан кейін МӘС-ке жібереді.
Қағидаларға сәйкес МӘС өткізу нәтижесі МӘС бөлімінің немесе МӘС әдіснама және бақылау бөлімінің сараптамалық қорытындысы болып табылады, оның негізінде куәландырылатын адамға немесе оның заңды өкіліне: мүгедектік анықталған жағдайда - осы Қағидаларға 19-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мүгедектік туралы анықтама беріледі.
Осылайша, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар куәландырылатын адам диагностикалық, емдік және оңалту кешені шараларын өткеннен кейін, мүгедектікті тек Қағидаларда көзделген тәртіппен анықталғаннан кейін ғана тағайындалатын болады.
Бұған дейін талап қоюшыны Департаменттің №3 МӘС мамандары куәландырған, мүгедектігі кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айрылу дәрежесі 29% болғанда қайта куәландыру мерзімінсіз белгіленбеген. Талап қоюшы қорытындыға шағым бермеген, жәрдемақы тағайындау үшін талап қоюшы МӘС бөлімінде куәландырудан өту қажет.
Талап қоюшы мүгедектігі бойынша жәрдемақы алу үшін Қазақстан Республикасының жоғарыда көрсетілген талаптарын орындамағаны, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптамадан (МӘС) өтпегені және мүгедектігі бойынша белгіленген анықтаманы алмағаны анықталды.
ӘРПК-нің 155-бабының 4-бөлігіне сәйкес сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады.
Бұл жағдайда жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңды және негізді болып табылады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне шағым беріліп отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа уәждер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.
Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 16 қазандағы шешімі, Қостанай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ә. Назарова
Судьялар
М. Қасымов Д. Нұрлыбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.