КСАД РК - Постановление от 10.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/972 (Административное)

ҚАУЛЫ

10 маусым 2026 жыл №6003-26-00-4к/972 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья М.А.Туғанбаев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Г.Б.Дүйсенбаев болып,

талап қоюшының өкілі А.А.Худайбергеновтің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Aman Real Estate» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – талапкер, Серіктестік) жауапкер жеке сот орындаушысы Хамит Анельдің 2025 жылғы 14 мамырдағы борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысына талапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Серіктестік жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылып, жеке сот орындаушысы Хамит Анельдің 2025 жылғы 14 мамырдағы борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы қаулысының Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2В үй, құрылысқа; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2В үй, жер учаскесіне; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2Д үй, құрылысқа тыйым салу бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюдың қалған бөлігін қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда талапкер істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерін өзгертіп, іс бойынша талап арызды толығымен қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған жауапкер жеке сот орындаушысы Хамит А., мүдделі тұлғалар «Специальная финансовая компания DSFK (ДСФК)» ЖШС-і мен «Азаматтарға арналған

үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының өкілдері сотқа келген жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

2023 жылдың 20 ақпанында жеке сот орындаушысы Э.К.Абильдин (бұдан әрі – ЖСО Абильдин) Алматы қаласының Бостандық аудандық соты берген Cеріктестіктің меншік құқығындағы: Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2Г үй, мекен-жайында орналасқан, жалпы ауданы 2 436,5 ш.м., жер учаскесінің ауданы 0,2207 га, әкімшілік ғимараты есебінен борышкердің қарызын өндіріп алу туралы атқару парағының негізінде атқарушылық өндіріс қозғаған. Ғимараттың бастапқы сату құны 773 901 882 теңге.

Осыған байланысты 2023 жылдың 11 сәуірінде аталған сот орындаушысы жер учаскесіне тыйым салу және тыйым салынған борышкердің жоғарыда көрсетілген мүлкін сатуға шығару туралы шешім қабылдаған.

Электронды сауда-саттық қорытындысының 2023 жылғы 12 шілдедегі және 2023 жылғы 6 қыркүйектегі хаттамаларына сәйкес ғимаратты сату туралы аукцион өтпеді деп танылып, осыған байланысты 2023 жылы 25 қыркүйекте ЖСО Абильдиннің борышкердің мүлкін беру туралы қаулысымен даулы ғимарат өндіріп алушы «Специальная финансовая компания DSFK (ДСФК)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізілген және ол туралы алыс-беріс актісі жасалып, сот орындаушысының қаулысымен Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2Г мекен-жайында орналасқан жер учаскесіне тыйым салу алынған.

2024 жылы 4 мамырда Алматы қалалық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының бұйрығымен ЖСО Абильдиннің міндеттерін атқару жеке сот орындаушысы Хамит Анельге (бұдан әрі – ЖСО Хамит Анель) жүктеліп, соңғысының 2024 жылдың 12 маусымындағы қаулысымен даулы ғимаратқа салынған тыйым салу алынған.

Алайда, соттың 2024 жылдың 22 тамызындағы шешімімен аталған қаулы заңсыз деп танылып, күші жойылған және де «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалының (бұдан әрі – Филиал) мүлікті шектеуден босату және ғимарат түріндегі жылжымайтын мүлікке меншік құқығын «Специальная финансовая компания DSFK/ДСФК» ЖШС-нің атына мемлекеттік тіркеу әрекеті заңсыз деп танылып, мемлекеттік тіркеудің күші жойылған.

2025 жылы 22 мамырда аталған сот шешімін орындау мақсатында ЖСО Хамит Анель өзінің 2025 жылдың 12 маусымындағы тыйым салуды алу туралы қаулысының күшін жойған.

2025 жылғы 14 мамырдағы ЖСО Хамит Анельдің борышкердің мүлкіне тыйым салу туралы қаулысымен Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2Г үй, жер учаскесіне; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2Г үй, құрылысқа; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2В үй, құрылысқа; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2В үй, жер учаскесіне; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі, 2Д үй, құрылысқа тыйым салынған.

Серіктестік аталған қаулымен келіспей, сотқа жүгінген.

Жергілікті соттар Серіктестіктің талап арызын ішінара қанағаттандыра отырып, іс бойынша анықталған келесі мән-жайларды дұрыс басшылыққа алған.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 55-бабының 1-тармағына сәйкес борышкердің мүлкінен өндіріп алу мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды.

Заңның 62-бабының 1-тармағына сәйкес сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы.

Жоғарыда атап өткендей, ЖСО Абильдин талапкердің меншік құқығындағы ғимараты есебінен борышкердің қарызын өндіріп алу туралы атқарушылық өндірісі аясында даулы ғимаратты Заңның 85-бабына сүйене отырып өндіріп алушыға өткізген.

Алайда, соттың 2024 жылғы 22 тамыздағы шешімімен даулы ғимаратқа меншік құқығын өндіріп алушы «Специальная финансовая компания DSFK/ДСФК» ЖШС-нің атына мемлекеттік тіркеуі жойылған.

Осылайша сот орындаушысының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі борышкердің мүлкін өндіріп алушыға беру туралы қаулысының орындалуы аяқталмаған.

Бұл ретте, жергілікті соттардың ЖСО Хамит Анельдің 2025 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен даулы ғимаратқа (Байқадамов көшесі, 2Г үй) қайтадан тыйым салуы негізді және атқару парағына сәйкес келеді деген тұжырымын кассациялық сот орынды деп санайды.

Бұдан басқа атқару өндірісіне негіз болған Алматы қаласы Бостандық аудандық сотымен 2023 жылғы 13 ақпанда берілген атқару парағында Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2В үй, құрылысын; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2В үй, жер учаскесін; Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Байқадамов көшесі 2Д үй, құрылысын борышкердің мүлкінен өндіріп алу туралы көрсетілмегеніне байланысты, соттар, Заңның 126-бабының 3-тармағына сүйене отырып, ЖСО Хамит Анельдің аталған нысандарға салған тыйымдарын негізді түрде заңсыз деп тапқан.

Жоғарыда көрсетілгендерді ескере отырып, жергілікті соттар талапкердің талап қоюы ішінара қанағаттандырылуға жатады деген дұрыс шешімге келген.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 шілдедегі шешімі мен Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 24 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Судьялар Айнақұлова Р.М. Дүйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.