Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 13.11.2025 по делу 6003-25-00-3к/545 (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 қараша №6003-25-00-3к/545 Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов, судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі А[...],

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға А[...], оның қорғаушысы М[...],

жәбірленуші Т[...] қатысуымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Түркістан облыстық сотының 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысына Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы бойынша келіп түскен,

А[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен А[...] қатысты іс әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот актісінің күші жойылып, А[...] ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 465 192 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты іс бойынша шығарылған сот қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған. Жәбірленуші сот алқасының қаулысын өзгеріссіз қалдыру туралы пікірін, қорғау тарапының түсініктемелерін және ұсынудың уәждерін қолдаған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттей келе, сот мына мән-жайларды анықтады.

Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сот алқасының қаулысына сәйкес, А[...] 2024 жылғы 13 тамызда өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына Т[...] адвокаттық лицензиясы тоқтатылғанына қарамастан заңсыз К[...] қатысты әкімшілік іске қатысты деп жазған. 2024 жылғы 5 тамыздағы Алматы облысы Қарасай аудандық сотының ұйғарымымен жәбірленуші Т[...] №20001377 санды 2010 жылғы 1 қаңтарда берілген адвокаттық лицензиясының қолданылуы уақытша тоқтатыла тұруы белгіленген.

Аталған сот актісі А[...] «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасына Т[...] қатысты мәліметтерді жариялаған уақытта заңды күшіне енбеген, яғни шындыққа сәйкес келмеген.

Апелляциялық сатыдағы сот А[...] өзінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында Т[...] қатысты кесімді сөз формасында берілген мәліметтер шындыққа сай келмейтіні, яғни А[...] тарапынан көрінеу жалған мәліметтерді тарату ісәрекеті орын алғаны анықталып отыр деген түйінге келген.

Алайда, ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату көпшiлiк алдында немесе масс-медианы немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған әрекет үшін әкімшілік жауаптылық көзделген.

Әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін кінәлі адам жәбірленуші туралы көрінеу жалған мәліметтер таратуы тиіс.

Көрініп тұрғандай А[...] әрекетінде бұндай әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы жоқ. Постта көрсетілген мәлімет жалған деп есептеуге болмайды, себебі А[...] жоғарыда көрсетілген 2024 жылғы 5 тамыздағы Алматы облысы Қарасай аудандық соттың ұйғарымындағы мәлеметтерді таратып, адвокат ретінде Т[...] процестерге қатыса алады ма деген әрекетіне құқықтық баға беру үшін Түркістан облыстық және Мақтаарал аудандық прокурорларына жүгінген.

Көрсетілген сот ұйғарымының заңды күшіне енуі құқықтық маңызға әсер етпейді, өйткені онда Т[...] лицензиясының уақытша қолданылуын тоқтата тұру туралы деректер шындыққа сәйкес келеді.

Бұл тұрғыда А[...] қарсы қозғалған іс бірінші сатыдағы сотпен дұрыс тоқтатылған.

Осылайша апелляциялық сатыдағы сот істі біржақты қарап, елеулі мән-жайларға тиісті баға бермеген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жасаған орган А[...] құқық бұзушылықтың объективтік жағын құрайтын әрекеттерді жасағанын дәлелдейтін айғақтар ұсынбаған.

Мұндай жағдайда ӘҚБтК-нің 840-бабы 1) тармақшасына сәйкес апелляциялық сатыдағы сот қате түйінге келіп, қаулысы заңсыз деп танылуға жатады. Осыған орай сот алқасы 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысының күшін жойып, ал бірінші сатыдағы соттың 2024 жылғы 13 қыркүйектегі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтату туралы қаулысын (ӘҚБтК-нің 741-бабы 1- бөлігінің 2) тармақшасы) күшінде қалдыруға, ұсыну қанағаттандырылуға жатады.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша А[...] қатысты Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 21 қазандағы қаулысының күші жойылсын.

Түркістан облысы Жетісай аудандық сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

К.А.Мусетов

Судьялар

Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.