ҚАУЛЫ
2024 жылғы 10 желтоқсан 6001-24-00-6ап/1688 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
талап қоюшының өкілі Т.Қ.Мырзамбетовтың, жауапкер өкілі Д.Ж.Даулбаеваның қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Жанар Төлебайқызы Күзбаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) марқұм жұбайына тиесілі зейнетақы сомасын қайта есептеп, оны төлеу үшін заңнамада көзделген шара қолданудан бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыруды сұраған.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін, жауапкер өкілінің кассациялық шағымға қарсы болған пікірін тындап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Департаменттің 2013 жылғы 24 қаңтардағы №7 бұйрығымен У.Длимов Қазақстан Республикасы «Құқық қорғау қызметі туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 80-бабының 1-тармағының 5) тармақшасына сай өз өтініші бойынша зейнеткерлік жасына жетуіне байланысты зейнетке шыққан.
Қармақшы аудандық сотының 2014 жылғы 28 қарашадағы үкімімен У.Длимов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 307-бабы 2- бөлігі, 314-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылған.
Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2015 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгертіліп, У.Длимовке «полиция майоры» арнаулы атағынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалған.
Департаменттің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №19 ж/қ бұйрығымен жоғарыда аталған бұйрыққа оны Заңның 80-бабы 1-тармағының 13), 15) тармақшаларымен құқық қорғау органына кір келтірген теріс қылық жасағаны және соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты құқық қорғау органдарынан шығарылсын деп өзгеріс енгізіліп, У.Длимовке ай сайынғы төленіп келген зейнетақы тоқтатылған.
У.Длимов 30 тамыз 2020 жылы қайтыс болған.
Ж.Күзбаева 2023 жылғы 21 тамызда Департаментке жолдаған арызында Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы №5 нормативтік қаулысына сілтеме жасап, У.Длимовтың зейнетақысы заңсыз тоқтатылғанын көрсетіп, жұбайының ала алмай қалған зейнетақы төлемдерінің есебін анықтап беруді және оған мұрагер ретінде төлеуге шаралар қабылдау туралы арызбен жүгінген.
Ж.Күзбаеваның арызы Департаментпен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бұл бас тартумен келіспеген Ж.Күзбаева жоғарыдағы талаптармен сотқа жүгінген.
Соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды негізді ескерген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодесінің (бұдан әрі – АК) 1040бабының 1-бөлігіне сай мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.
Осы баптың 2-бөлігінің 4) тармақшасына сай мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты зейнетақы төлемдеріне, жәрдемақылар мен Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасының негізінде басқа да төлемдер алу құқығы мұраның құрамына кiрмейдi. Аталған заң нормасына мазмұнына сай егер адам қайтыс болғанға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерін алып үлгірмеген жағдайда ғана ол сомалар мұраның құрамына кiруге тиіс болатын.
У.Длимов қайтыс болғанға дейін өзіне қатысты зейнетақының тоқтатылуын дауламаған, яғни зейнетақы төлемдерін алу құқығын пайдаланбаған.
Тиісінше оның жеке басына тығыз байланысты бұл құқығы мұраның құрамына кiрмейдi.
Сондықтан жергілікті соттар АК-нің 1040-бабында көзделген материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданған.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 30 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Жанар Төлебайқызы Күзбаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Көшірмесі дұрыс
С. Баймаханов Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Судья
С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.