ВС РК - Постановление от 06.05.2025 по делу 6001-24-00-6ап/3023 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 6 мамыр 6001-24-00-6ап/3023 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,

жауапкерлер:

Абай облысы Үржар ауданы әкімінің (бұдан әрі - әкім) өкілі Д.Ж.Амирбаеваның

«Үржар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Жер қатынастары бөлімі) өкілі Р.К.Исаевтың қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Табиғи қорық) жауапкерлер әкімге, Жер қатынастары бөліміне жерге орналастыру жобасын бекіту жөніндегі бұйрығын және жерге пайдалану құқығын беру туралы әкімнің қаулысын даулау туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешіміне, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысына жауапкер Жер қатынастары бөлімінің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Әкімнің 2023 жылғы 27 маусымдағы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – ҚТЖ) Абай облысы Үржар ауданында орналасқан ПК-5254 шақырымынан ПК-1273 шақырым аралығында жалпы алаңы 107,6884 га жер темір жолға қызмет көрсету ұшін уақытша өтеулі ұзақ мерзімге 49 жылғы жалға жер пайдалану құқығымен беру туралы №227 қаулысы заңсыз деп танылып күші жойылған.

Жер қатынастары бөлімінің ҚТЖ-ға 2023 жылғы 22 маусымдағы 05-248 кадастр номерлі Абай облысы Үржар ауданы, ПК-5254 шақырымынан ПК1273 шақырым аралығында жалпы алаңы 107,6884 га темір жолға қызмет көрсету үшін жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобасын бекіту туралы бұйрығы заңсыз деп танылып күші жойылған.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жер қатынастары бөлімі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Табиғи қорық пен мүдделі тұлғалар Абай облысы Мақаншы ауданы әкімінің, «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесінің, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Абай облысы жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті.

Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда «Абай облысы Үржар ауданы жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2023 жылғы 22 маусымдағы бұйрығымен ҚТЖ-ға Абай облысы Үржар ауданының ПК-5254 шақырымынан ПК-1273 шақырым аралығында жалпы алаңы 107,6884 га теміржолға қызмет көрсету үшін жер учаскелерін қалыптастыру жөнінде жерге орналастыру жобасын бекітілген.

Әкімнің 2023 жылғы 27 маусымдағы №227 қаулысымен ҚТЖ-ға Абай облысы Үржар ауданында орналасқан ПК-5254 шақырымынан ПК-1273 шақырым аралығындағы жалпы алаңы 107,6884 га жер учаскесі теміржолға қызмет көрсету үшін уақытша өтеулі ұзақ мерзімге жалға, 49 жылға, жер пайдалану құқығымен берілген.

Талап қоюшы бұл жер ҚТЖ-ға заңсыз берілгенін көрсетіп, жоғарыдағы талаппен сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 5 қазандағы №1025 қаулысымен Абай облысы Үржар ауданы жерлерінің қорынан және су қоры жерлерінен Табиғи қорыққа жалпы ауданы 45 505 га құрайтын 4 кластерлік учаске берілген. Сотта зерттелген дәлелдемелермен Табиғи қорықтың ені 30 метр, ұзындығы 40 метр болатын жер аумағы теміржолға берілгені анықталған. Бұл факті тараптармен теріске шығарылмаған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 13-бабының 3) тармақшасына сай Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыретiне республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға байланысты жағдайларда, барлық санаттағы жерден жер учаскелерін беру және алып қою, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін алып қою жатады.

Сондықтан соттар жауапкерлердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтағы жерлерді беру жергілікті әкімнің құзырына жатпайды деген заңды тұжырым жасаған.

Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 10 сәуірдегі шешімі, Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Үржар ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс Судья

С. Баймаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.