Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 22.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2443 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/2443

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 22 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья А.К.Рамазанова, судьялар Д.Д. Махметова, А.К.Айкенова,

талап қоюшы Б.Р. Шамшеновтың, оның өкілі Ж.М.Бекджанованың, жауапкердің өкілі Е.М.Сеитовтың қатысуларымен, бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Болат Рахимжанович Шамшеновтың жауапкер «Зевс Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою, жұмысқа қайта қабылдау, мәжбүрлі түрде бос жүрген уақыты үшін жалақыны өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша қабылданған,

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешіміне, Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Б.Р. Шамшенов сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен «Зевс Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік, жұмыс беруші) жүгінген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, материалдық және процестік нормалары дұрыс қолданбағандығын көрсетіп, талап қоюды толық қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Сот актілерінде тараптар арасында 2024 жылғы 1 қыркүйектегі №1422 еңбек шартында 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін үш айға сынақ мерзімімен жасалғаны анықталған деп көрсеткен. Серіктестіктің Еңбек кодексін елемей, 2024 жылғы 1 қыркүйекте еңбек шартында екінші рет сынақ мерзімін белгілеуі Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек Кодекс) 36-бабына қайшы келетінін, жұмыс беруші тарапынан жол берілген заң бұзушылықтар ескерусіз қалғанын көрсеткен.

Жауапкер өкілі қарсылығында кассациялық шағымды

қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушыларды тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгеріссіз қалдыруға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан,

материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге соттар заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай 2024 жылғы 1 қыркүйекте Серіктестік пен Б.Р. Шамшенов арасында №1422 еңбек шарты жасалды, оған сәйкес соңғысы өрт сөндіру бөлімінің бастығы лауазымына қабылданып, үш айға сынақ мерзімі белгіленген.

2024 жылғы 13 қарашадағы №333-л/с бұйрыққа сәйкес, Б.Р. Шамшеновпен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмыс нәтижесінің теріс болуына байланысты, Еңбек Кодексінің 52-бабының 1- тармағының 7) тармақшасына сәйкес бұзылған. Серіктестік келісім комиссиясының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімімен Б.Р. Шамшеновтың жұмысқа қайта қабылдау және 2024 жылғы 13 қарашадағы №333-л/с бұйрықтың күшін жою туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартылған.

Талап қоюшыны жұмыстан босатуға сынақ мерзімі кезеңінде жұмыстың теріс нәтижесі негіз болған. Бұл 2024 жылғы 12 қарашадағы қызметтік тексерудің қорытындысымен расталады. Талап қоюшының «Қаражанбас» МҚБ-і объектісіндегі өрт сөндіру бекетінің және оған бұйырылған жеке құрамның жұмысына тиісті бақылау жасамай, өзінің лауазымдық міндеттерін орындамауының салдарынан бұзушылықтарға жол берген және ол соттармен анықталып, іс материалдарымен бекітілген.

Талап қоюшының Серіктестікпен еңбек шартында екінші рет сынақ мерзімін белгілеу заңға қайшы деген уәжі негізсіз. Өйткені талап қоюшы Серіктестік арасындағы 2024 жылғы 1 қыркүйектегі еңбек шартымен белгіленген үш айға сынақ мерзіммен келіскен және оған қол қойып, жұмысқа кіріскен. Жұмыскерді сынақ мерзімін белгілей отырып, қабылдау жұмыс берушінің құзыретіне жатады.

Жергілікті соттар Еңбек кодексінің 36, 37-баптарының талаптарына сәйкес жұмыскердің сынақ мерзімі кезеңіндегі жұмысы теріс нәтиже беруіне байланысты Б.Р. Шамшеновпен еңбек шарты дұрыс бұзылған деген қорытынды жасаған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюшының даулы бұйрықты бұзу және бұрынғы жұмысына қайта орналастыру туралы және осы талаптан туындайын бос жүрген күндеріне жалақы өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан-жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларын бұзу деректері анықталған жоқ. Сондықтан сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші А.К.Рамазанова

судьялар А.К.Айкенова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.