ВС РК - Постановление от 16.01.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1852 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 16 қаңтар 6001-23-00-6ап/1852 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ғ.Ө. Әлжанов, Ш.Т. Даниярова болып,

жауапкер Зайсан ауданы әкімінің өкілі З[...] қатысуымен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкерлер Зайсан ауданының әкіміне, Зайсан ауданының жер комиссиясына жер комиссиясының қорытынды хаттамасын заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы шешіміне, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысына жауапкердің және мүдделі тұлға «Т[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдарымен және

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы жеке ұйғарымына, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы ұйғарымына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.

Зайсан ауданының жер комиссиясының 2022 жылғы 8 қарашадағы № 2- 11 шешімі даулы бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Әкімшілік істі қарау барысында анықталған заң бұзушылық фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, «Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің, «Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің атына жеке ұйғарым шығарылған.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысымен және ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Жауапкер Зайсан ауданы әкімі және мүдделі тұлға «Т[...]» ШҚ кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күштерін жойып, талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Мүделлі тұлға «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамның Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының өкілінен істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған.

Іс бойынша басқа тараптардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, кассациялық шағымдардың уәждерімен танысып, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2022 жылғы 9 қыркүйекте Зайсан ауданының Кеңсай ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 12 км жерде орналасқан 70,4 га жер учаскесіне шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурс өткізу туралы хабарландыру жарияланған.

Даулы учаске бойынша (№33 лот) конкурсқа қатысуға Е[...] және О[...] өтінім берген.

Жер комиссиясының 2022 жылғы 8 қарашадағы №2-11 хаттамалық шешімімен (бұдан әрі – комиссия шешімі) даулы жер учаскесі бойынша жеңімпаз болып О[...] танылған.

Бұл шешіммен келіспеген Е[...] сотқа жүгінген.

Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізге

алған.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 43-бабының 2-тармағына сай жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыс беру нәтижелері отырысқа қатысып отырған жер комиссиясы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен айқындалады және егер оған жер комиссиясы мүшелерінің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Жер комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда жер комиссиясының мүшесі ерекше пікір білдіруге құқылы, ол жазбаша түрде жазылуға және жер комиссиясының шешіміне қоса берілуге тиіс. Жер комиссиясының отырысы міндетті түрде аудио - бейнежазба құралдарының көмегімен тіркеледі. Жер комиссиясының отырысын аудиобейнежазба құралдарымен тіркеуді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы жүзеге асырады.

2022 жылғы 8 қарашадағы комиссия отырысының аудиобейнежазбасына қарағанда даулы лот бойынша комиссия талап қоюшыны жеңімпаз деп анықтаған. Бірақ, осыдан кейін комиссия мүшесі - Кенсай ауылдық округінің әкімі С[...] ұсынысымен комиссия қайтадан дауыс берген.

Кодекстің 43-1-бабының 15-тармағына сәйкес жер комиссиясының хаттамалық шешіміне отырысқа қатысқан жер комиссиясының төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ жер комиссиясының хатшысы қорытынды шығарылған күні қол қояды.

Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес жер комиссиясы қорытындысының бір данасы қол қойылған сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге (оның өкіліне) мынадай тәсілдердің бірімен: қолмақол; тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырысты почта жөнелтімі нысанында; электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған электрондық құжатпен; өтініш берушінің электрондық почтасының мекенжайы бойынша табыс етіледі (жіберіледі).

2022 жылғы 15 қарашада талап қоюшының сұрауы бойынша берілген комиссия отырысы хаттамасына комиссия мүшелері А[...] мен С[...] қолдары қойылмағаны анықталған. Ал, істі сотта қарау кезінде жауапкер комиссия мүшелерінің барлығының қолдары қойылған шешімді ұсынған.

Яғни, комиссияның өткізген конкурс рәсімі аталған заң талаптарына сәйкес келмеген. Сондықтан жеке ұйғарым да негізді шығарылған.

Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 9 ақпандағы шешімі мен жеке ұйғарымы, Шығыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 25 мамырдағы қаулысы мен ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Зайсан ауданының әкімінің және мүдделі тұлға «Т[...]» шаруа қожалығының кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ғ. Әлжанов

Ш. Даниярова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.