№6003-25-00-2к/4258(2) ҚАУЛЫ
2026 жылғы 19 наурыз Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья Г.Б. Бастаубаев, судьялар Н.О. Косанов, М.Т. Кадырова, талап қоюшының өкілі Б.Орынбековтың, жауапкердің өкілдері А.Сахиұлы және Т.М.Умирзаковтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Али Проект Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Басқарма) 2025 жылы «Қызылорда облысының білім басқармасының Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімінің орта мектептерінің спорт аландарын ағымдағы жөндеу» жұмыстарына конкурс ұйымдастырған.
Конкурсқа қатысуға «Али Проект Construction» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен (бұдан әрі-ЖШС, Серіктестік) өтінім берілген. Басқарма талап қоюда Серіктестікпен конкурсқа қатысу барысында анық емес ақпарат беру фактісі анықталғанын негізге алып, жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды сұраған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған. «Али Проект Construction » ЖШС-і мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.
Жауапкердің өкілі кассациялық шағымында соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, жауапкер анық емес ақпарат бергені туралы дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.
Кассациялық сот шағымды қолдаған жауапкер өкілінің, шағымға қарсылық білдірген талап қоюшының өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процесстік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 3-бабының 1) тармағына сәйкес анық емес ақпарат - біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша әлеуетті өнім берушінің және (немесе) тартылатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) конкурсқа, аукционға қатысуға арналған өтінімінде және растаушы құжаттарында қамтылған, сол сияқты ұсынылған өтінімде шынайы мазмұнды бұрмалайтын және шындыққа және әлеуетті өнім берушінің растаушы құжаттарына сай келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.
Анықталғандай, Серіктестік конкурстық құжаттамасында көрсетілген материалдық ресурстарына «Строй модуль-Астана» ЖШС-ның есебінен 2020 жылғы 7 тамызда шығарылып кеткен «Автокран МКТ 25.1», мемлекеттік тіркеу нөмері 539AL 11 көлік құралын «Строй модуль-Астана» ЖШС-нен жалға алу туралы 2023 жылғы 5 шілдедегі №17 шартты ұсынған.
Сонымен бірге «Строй модуль-Астана» ЖШС-нің 2022 жылғы 20 қыркүйекте тіркеу есебінен шығарылған ЗИЛ 133 ГИ КС-3575а/zil 133 GYA X-3575-a, мемлекеттік тіркеу нөмері 534AL11» автокөлігін жалға алу туралы 2023 жылғы 1 маусымдағы №2 шартты ұсынған.
Жоғарыда көрсетілген автокөліктер тіркеуден шығарылғаны Қызылорда облысының Полиция департаментінің Әкімшілк полиция басқармасы 2025 жылғы 26 наурыздағы берген мәлеметтермен толық дәлелденген.
Осылайша Серіктестік конкурсқа қатысу барысында материалдық ресурстарына қатысты анық емес ақпарат ұсынған.
Ұсынған шарт біліктілік талаптарына және конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжат болып табылады, сондықтан соттар дәлелдемелерге дұрыс баға бере отырып, жауапкердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу барысында анық емес ақпарат берген деген уәждері негізді.
Талап қоюшы жауапкерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талапты сотқа заңмен белгіленген мерзімде жүгінген.
Жауапкердің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері соттармен қаралып, оларға дұрыс құқықтық баға берілген. Іс қаралған кезде материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.
Сондықтан дауланып отырған соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 8 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Б.Бастаубаев
Судьялар Н.О. Косанов
М.Т. Кадырова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.