ВС РК - Постановление от 06.02.2023 по делу 6001-23-00-3Г/59 (Гражданское)

6001-23-00-3г/59

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 6 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ж.М. Қашқынбаева талап қоюшы «СРМ[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жеке кәсіпкер А[...] (бұдан әрі – ЖК [...]) санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына мәжбүрлеп келтіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымын және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымын қайта қарау туралы М[...], Г[...], Ж[...], Х[...], Б[...] сенімді өкілі А[...] келтірген өтінішхатын электрондық істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі - МАЭС) 2022 жылғы 27 мамырдағы ұйғарымымен Серіктестік пен жауапкер ЖК [...] арасында санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына мәжбүрлеп келтіру туралы талап қоюын медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген.

Соттың ұйғарымына жауапкер ЖК [...] сенімді өкілі А[...] 2022 жылғы 31 тамызда апелляциялық шағым түскен.

Шымкент қаласының МАЭС-ның 2022 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымымен сот ұйғарымына шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш қанағаттандырусыз қалдырылған, апелляциялық шағым қайтарылған. Аталған сот ұйғарымымен келіспей Шымкент қаласы, [...] иелері М[...], Г[...], Ж[...], Х[...], Б[...] сенімді өкілі А[...] жеке шағым түскен. Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арызданушылардың өкілі іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың істі қарау барысында процесстік құқық нормаларын бұзғанын көрсетіп, дауланған сот актілерінің күшін жоюды сұрайды.

Электрондық іс құжаттарын және өтінішхат уәждерін зерделеп, судья төмендегі негіздерге байланысты кассациялық сатыдағы сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беру керек деген тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.

Электрондық іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар талап қоюшы мен жауапкер дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келіп, медиация рәсімінде өздері ұсынған, оның негізінде осы келісімнің, ақпараттың толық және дұрыс екендігін растайтын қол таңбалары қойылған келісімді бекітіп беруді және істі тоқтатуды сұраған.

Шымкент қаласының МАЭС-ның 2022 жылғы 27 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюшы мен жауапкер ЖК [...] арасында санитарлық қорғау аймағын бастапқы қалпына мәжбүрлеп келтіру туралы талап қоюын медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілген. Аталған сот ұйғарымына жауапкер ЖК [...] сенімхат бойынша өкілі А[...] жеке шағым 2022 жылғы 31 тамызда түскен. Сот ұйғарымы түпкілікті нысанда 2022 жылғы 27 мамырда дайындалған. Мерзімді қалпына келтіру туралы сотқа жүгінген кезде мүдделі тұлға өкілі А[...] азаматтық іс сотта қаралғанын және тараптар бітімгершілікке келгенін білмегендерін, сол себепті дер кезінде жеке шағым бере алмағанын көрсеткен.

Жергілікті соттар апелляциялық шағымдану мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырып, шағым келтіру мерзімін өткізіп алу себептерін дәлелсіз деп санаған.

Соттардың тұжырымдарын өтінішхат иесі заңсыз деп есептейді.

Өтінішхатта келесідей уәждер келтірілген.

Бірінші сатыдағы сот 2022 жылғы 31 тамыздағы жеке шағымды қайтара отырып, жауапкер [...] өкілі А[...] шағымдануға және оны қалпына келтіру туралы өтінішхаттың болмауына байланысты процестік мерзімді өткізіп алғанына сілтеме жасаған.

Алайда 2022 жылғы 31 тамыздағы жеке шағым ұйғарымда көрсетілгендей ЖК [...] емес М[...], Г[...], Ж[...], Х[...] және Б[...] өкілі А[...] түскен.

М[...], Г[...], Ж[...], Х[...] және Б[...] бірінші сатыдағы сот талап қоюшы Серіктестіктің жауапкер ЖК [...] талап қоюы бойынша азаматтық істі қараған кезде қатыстырылмаған.

Шағымданған медиативтік келісімде істі қарауға тартылмаған Шымкент қаласы, [...] тұрғындары мен пәтер иелерінің, яғни М[...], Г[...], Ж[...], Х[...] және Б[...] құқықтары мен заңды мүдделері

қозғалды деп санайды, бұл туралы 2022 жылғы 31 тамыздағы жеке шағымда тікелей көрсетілген.

ЖК [...] заңсыз тұрғызған объектілердің кәріз коллекторының үстінде болуына байланысты, оның деформациялануы мүмкін. Нәтижесінде Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесіндегі №[...] үйде кәріз жүйесін пайдалану мүмкін болмайды. Сонымен қатар кірдің жерге түсуі және олардың шығуы жақын маңдағы үйлердің тұрғындары, соның ішінде өтініш берушілер үшін зиянды салдарға әкелуі мүмкін.

Азаматтық іс материалдарынан талап қоюшы талап қою кезінде диаметрі 150 мм кәріз коллекторына сілтеме жасаған. Алайда, 2022 жылғы 31 тамыздағы жеке шағымға қоса берілген құжаттардан көріп отырғанымыздай, бұрын жүргізілген тексерулерге сәйкес жауапкердің диаметрі 200 мм кәріз коллекторының үстінен құрылысты жүзеге асырғаны анықталған, бұл талапкер ұсынған Серіктестіктің мәліметтері мен құжаттарының дұрыстығына күмән келтіреді.

Медиативтік келісімнің 6-тармағына сәйкес жауапкер ЖК [...] жылғы 25 мамырға дейін (бекітілген сәттен бастап 2 жыл ішінде) диаметрі 150 мм кәріз құбырын жылжыту арқылы санитарлыққорғау аймағын өз есебінен қалпына келтіреді деп көрсетілген. Алайда, қолданыстағы кәріз желілері (коллектор) жобаланған, құрылыс нормативтеріне сәйкес салынған және жауапкер заңсыз құрылыс жүргізгенге дейін пайдалануға берілген.

Көрсетілген жағдайларда, қолданыстағы кәріз коллекторының үстіндегі ғимараттардың заңсыз құрылысын жүргізу кінәсі толығымен жер учаскесінің иесі ретінде жауапкердің мойнында.

Осыған байланысты, кәріз коллекторын жылжыту арқылы емес, заңсыз салынған объектілерді бұзу арқылы санитарлық қорғау аймағын өз есебінен қалпына келтіруге жауапкер міндетті деп санайды.

Сонымен қатар, азаматтық іс материалдарында қолданыстағы кәріз коллекторын ауыстыру мүмкіндігі туралы техникалық қорытынды тіркелмеген. Соған байланысты, медиативтік келісімді орындау мүмкіндігіне күмән келтіреді. АПК-нің 177-бабының 4-бөлігіне сәйкес егер ол заңға қайшы келсе немесе басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот бітімгершілік келісімді бекітпейді.

2022 жылғы 31 тамызда жеке шағымға өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы арыз қоса берілген. Осылайша, бірінші сатыдағы соттың оның шағымға тіркелмегені туралы 2022 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымда көрсетілген дәлелдері негізсіз және іс материалдарына сәйкес келмейді.

Бұдан әрі Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын өзгеріссіз қалдыра отырып,

медиативтік келісімді бекіту кезінде үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделері қозғалмайды деген қорытындыға келген.

Сондықтан, апелляциялық алқаның бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіскен тұжырымын негізсіз деп санайды.

Өтінішхатта көрсетілген және басқа да уәждер дау айтылған сот актілері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында анықталуға жататын негіздер болып табылады.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 6 қыркүйектегі ұйғарымына және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымына келтірілген өтінішхат электрондық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.

Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ж.Қашқынбаева

Көшірмесі дұрыс

Судья Ж.Қашқынбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.