ҚАУЛЫ
2025 жылғы 6 қараша 6003-25-00-4к/2313 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева
ашық сот отырысында талап қоюшы Кувандик Махамбетович Мусабековтың жауапкер Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Алихан Темирханович Лесхановтың, мүдделі тұлға «Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тарта отырып,
2025 жылғы 3 наурыздағы №3011/25-51-1077 атқару өндірісін қозғау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жою;
борышкердің белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу туралы қаулының күшін жою;
борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондайақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы қаулының күшін жою туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 мамырдағы шешіміне, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысына түскен талап қоюшының кассациялық шағымын қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талаппен жауапкерге жүгініп, сотқа талап арыз түсірген.
Түркістан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 22 мамырдағы шешімімен К.М. Мусабековтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы, өзінің кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Кассациялық сот, шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарынан белгілі болғандай, Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2018 жылғы 24 желтоқсандағы №5210-18-00-2/2396 шешімімен талап қоюшы «Евразиялық банк» акционерлік қоғамының пайдасына жауапкер Кувандик Махамбетович Мусабековтен 508 546 теңге 37 тиын қарыз сомасы мен 15 256 теңге 39 тиын сот шығыстары, барлығы 523 802,76 теңге өндірілген.
Абай аудандық сотының 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №5210-22-002м/3157 ұйғарымымен өндіріп алушы «Евразиялық банк» акционерлік қоғамының орнына өндіріп алушы ретінде «Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі – мүдделі тұлға, «Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» ЖШС) ауыстырылған.
Абай аудандық сотының 2019 жылғы 28 қаңтардағы №5210-18-002/2396-2 атқару парағы бойынша Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Т.Д.Дүйсен (бұдан әрі – ЖСО) 2023 жылғы 30 мамырда талап қоюшыға қатысты №10063/23-51-6258 атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғаған.
2023 жылғы 19 маусымдағы және 12 қыркүйектегі қаулылармен атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары қабылданып, талап қоюшының банк есеп-шоттарындағы 523 802 теңге көлеміндегі қаражаттарға және белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салынған.
«Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» ЖШС-нің 2023 жылғы 26 маусымдағы хаты мен қарызды өзара бөліп төлеу жөніндегі 2023 жылғы 7 маусымдағы келісім негізінде, ЖСО Т.Дүйсен 2023 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен «Kaspi Bank» акционерлік қоғамындағы (бұдан әрі - «Kaspi Bank» АҚ-ы) талап қоюшының есеп-шотындағы қаражаттарына салынған тыйымды босатқан.
Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының Түркістан облысындағы филиалы – Түркістан облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының 2023 жылғы 2 қазандағы №02-26/236 хабарламасына сайкес, ЖСО Т.Дүйсен Алматы қаласының атқарушылық округіне ауысуына байланысты оның өндірісіндегі барлық атқарушылық іс жүргізу өндірістері Түркістан облысының атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Алихан Темирханович Лесхановқа ары қарай жүргізу үшін өткізілген.
«Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» ЖШС-гі 2024 жылғы 19 ақпандағы №569 хатымен ЖСО А.Лесхановқа жүгініп, 2023 жылғы 7 маусымдағы келісім бойынша талап қоюшы өзіне алған міндеттемелерді орындамағандықтан талап қоюшының «Kaspi Bank» АҚ-дағы есеп-шотына тыйым салуды сұраған.
ЖСО А.Лесхановтың 2024 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары қабылданып, талап қоюшының банк есеп-шоттарындағы 523 802 теңге көлеміндегі қаражаттарға, талап қоюшының Түркістан облысындағы Жетісай ауданы Ынтымақ елді мекені, Ақбұлақ көшесі, №35 мекен-жайында орналасқан жер учаскесіне тыйым салынған.
Атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданғаны туралы 2024 жылғы 15 сәуірде талап қоюшының +77712525239 абоненттік нөміріне СМС-хабарлама жолданған.
2025 жылғы 28 ақпанда жеке сот орындаушысының қызметіне төлемақы сомасын бекіту туралы қаулысы қабылданып, онда 104 786 теңге (20% - 104 761 теңге + 25 теңге СМС-хабарлама сомасы) көлемінде жеке сот орындаушысының қызметінің сомасын бекітілген.
2025 жылғы 3 наурызда ЖСО А.Лесхановпен, атқарушылық құжаттың өндiрiп алу талабы толық көлемде орындалды деген негізбен №10063/23-516258 атқарушылық іс жүргізу өндірісі тоқтатылған.
ЖСО А.Лесханов 2025 жылғы 3 наурызда жеке сот орындаушысының қызметіне 104 786 теңге төлемақыны өндіру мақсатында №3011/25-51-1077 атқарушылық іс жүргізу өндірісін қозғаған.
Атқарушылық іс жүргізу өндірісі қозғалғаны жөнінде 2025 жылғы 3 наурызда талап қоюшының +77712525239 абоненттік нөміріне СМСхабарлама жолданған. Хабарлама талап қоюшыға 2025 жылғы 4 наурыздағы сағат 04:56-да жеткізілген.
ЖСО А.Лесхановтың 2025 жылғы 3 наурыздағы қаулысымен атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қабылданып, талап қоюшының банк есеп-шоттарындағы 104 786 теңге көлеміндегі қаражаттарға, әрі талап қоюшының белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салынған.
Талап қоюшы К.Мусабеков сотқа талап қою беріп, 2025 жылғы 3 наурыздағы №3011/25-51-1077 атқару өндірісін қозғау туралы қаулысын заңсыз деп танып, күшін жоюды, борышкердің белгiлi бiр әрекеттер жасауына тыйым салу туралы қаулының күшін жоюды, борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы қаулының күшін жоюды сұраған.
Төменгі соттар талап қоюшының арызын қанағаттандырудан бас тарта отырып, жауапкер ЖСО-мен осы атқару өндірісі бойынша атқарушылық әрекеттер Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптарына сай жүргізілгенің, сондықтан ол әрекеттерді заңсыз деп тануға қандай да бір құқықтық негіз жоқ деп уәждеген.
Заңның 118-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, мүліктік емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу айлық есептік көрсеткіштермен белгіленеді.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу атқарушылық құжат толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі.
Аталған жағдайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде заңды және негізді тұжырымға келген.
Сондай-ақ, бірінші саты соты Заңының 47-бабының 1-тармағының 7)тармақшасына сәйкес, атқарушылық iс жүргiзу, егер атқарушылық құжаттың өндiрiп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалса тоқтатылатыны жөніндегі қағидаттарына дұрыс сілтеме жасаған.
Сотта анықталғандай, «Эксперт Плюс» Коллекторлық агенттігі» ЖШСнің 2024 жылғы 24 сәуірдегі талап қоюшының қарызы толық төленгені жөніндегі анықтамасы негізінде 2025 жылғы 3 наурызда ЖСО А.Лесхановпен атқарушылық құжаттың өндiрiп алу талабы толық көлемде орындалғандықтан №10063/23-51-6258 атқарушылық іс жүргізуі өндіріспен тоқтатылған.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» №416 бұйрығының (бұдан әрі - №416 бұйрығы) 1)-тармақшасына сайкес, 60 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) 300 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы белгіленген.
Аталған жағдайда, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар, жауапкер ЖСО осы атқару өндірісі бойынша атқарушылық әрекеттер Заңның талаптарына сайкес жүргізілгенің анықтады. Сондықтан ол әрекеттерді заңсыз деп тануға қандай да бір құқықтық негіз жоқ деп дұрыс тұжырымға келген.
Осыған байланысты, талап қоюдың қанағаттандырылуға жатпайтыны туралы негіздемелер сот актілерінде толық көрсетілген.
Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал жауапкердің сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандыруға еш негіз жоқ. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабының екінші бөлімінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 мамырдағы шешімі, Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е. Нұралиев
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.