6001-23-00-6ап/1211
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 28 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б.Дуйсенбаев, судьялар – Г.К.Нурбаев, Б.Т.Нажмиденов,
жауапкер А[...],
аудармашы Т[...] қатысуларымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Т[...] жауапкер жеке сот орындаушы А[...] оглыға 2022 жылғы 24 тамыздағы және 2023 жылғы 5 қаңтардағы алимент бойынша қарызды анықтау туралы қаулыларды жолдамау әрекетін заңсыз деп тану, алимент бойынша қарызды анықтау туралы қаулыларды заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 ақпандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Т[...] жауапкер жеке сот орындаушы А[...] жағарыда аталған талап қою арызымен жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 ақпандағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
жеке сот орындаушы А[...] 2022 жылғы 24 тамыздағы алимент бойынша қарызды анықтау туралы қаулыны жолдамау әрекеті заңсыз деп танылып, қаулыны Т[...] жолдау міндеттелген.
2022 жылғы 24 тамыздағы және 2023 жылғы 5 қаңтардағы алимент бойынша қарызды анықтау туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Талап қою арыздың басқа бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Ж[...].А[...] кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтіндігін көрсете келе, қарызды есептеу туралы қаулы заңды және негізді екендігін, талап қою мерзімін талап қоюшы өткізіп алғанын, жергілікті соттармен тіл қағидатының бүзылуына жол бергенін көрсете келе, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Ж[...],А[...] шағым уәждерін қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын және кассациялық шағым уәждерін жан-жақты зерделеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Жергілікті соттар істі негізінен қарап талапкердің талабын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдағанда сот орындаушысы тарапынан Қазақстан Республкасының «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) талаптарын бұзылуына жол бергенін негізге алған.
Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіседі, себебі төмеңгі сатыдағы соттар істі жаң-жақты қарап, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданып, сот орындаушысы тарапынан талапкердің құқықтарына нұқсан келтірілген деп есептейді.
Заңның 126-бабының 3-бөлігіне сай, сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Заңның 99-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес, алимент төлемдерін жалақыдан немесе өзге де табыстардан үш ай бойы өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады және осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қолданады және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.
Сот орындаушысы берешек айқындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қаулыны танысу үшін атқарушылық іс жүргізу тараптарына жібереді.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Ақтау қаласының №2 сотының 2014 жылғы 14 сәуірдегі сот бұйрығымен Т[...] Т[...] пайдасына кәмелетке толмаған балаларына табысының ½ бөлігі мөлшерінде 2014 жылдың 14 сәуірінен бастап алимент өндірілген. Жеке сот орындаушы Г[...] 2016 жылғы 29 тамызда атқарушылық іс қозғап, 2020 жылғы 31 наурызда борышкердің 2019 жылғы 1 маусымынан 2020 жылдың 31 наурызына дейінгі алимент берешегі 834 691,50 теңгені құрағаны туралы қаулы қабылдаған.
2022 жылғы тамыз айында атқарушылық іс жүргізу құжаттары ЖСО А[...] берілген соң, соңғының 2022 жылғы 24 тамыздағы қаулысымен борышкердің 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі алимент берешегі 3 441 372 теңге құрағаны туралы қаулы қабылдаған.
Алайда, сот орындаушысы А[...] аталған қаулымен тиісті түрде борышкерді таныстырмаған, тұрғылықты мекен жайынада жолдамай, соңғының құқықтарына нұқсан келтіріп, Заңның 99-бабы талаптарының бұзылуына жол берген.
Сот орындаушысы Т[...] 2020-2021 жылдардағы алимент берешегін есептеу барысында жұмыс жасамаған кезеңі үшін статистика органының мәліметіне сүйеніп, бір жылдың төртінші тоқсанында шыққан орташа айлық жалақы мөлшерiмен есептеп Заңның 99-бабының талаптарын, яғни сот орындаушысы статистика органының мәліметіне сүйеніп, әр кезеңнің (әр жылдың тоқсан сайынғы) Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерiн негізге ала отырып, алимент бойынша борышкердің берешегін айқындауы қажет екенін ескермеген.
Сонымен қатар, сот орындаушысы борышкер Т[...] алимент берешегін есептегенде соңғының 2004 жылғы 22 шілдеде туған қызы К.Т[...] 2022 жылғы 22 шілдеде 18 жасқа толғанын назардан тыс қалдырған.
Бұндай жағдайда жергілікті соттардың борышкердің алимент бойынша берешегі дұрыс есептелмеген деген тұжырымы заңды әрі негізді деп сот алқасы есептейді. Ж[...].А[...] бірінші саты сотына Ж.Г.Тоқсанбаевтың сотқа талап қою мерзімін өткізіп алғандығы туралы ұсынысы қараусыз қалдырылды деген уәжі негіссіз, себебі іс құжаттарына қарағанда соттың 14 ақпан 2023 жылғы ұйғаруымен талапкердің сотқа талап арыз беру мерзімі қалпына келтірілген. Жергілікті соттар тіл қағидатының талаптарын өрескіл бұзылуына жол берілді деген шағым уәжінде сот алқасы негіссіз деп санайды, себебі іс құжаттарына қарағанда сот отырысына аудармашы ретінде қатысқан Л.Құрманова сот хатшысы емес, яғни іске төрағалық еткен судьяға тәуелді адам емес екені анықталған.
Ж[...].А[...] кассациялық шағымында көрсетілген басқада уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал сотта зерттелген дәлдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сот алқасы, төменгі саты соттарының талап арызды ішінара қанағаттандыру туралы тұжырымдары іс бойынша анықталған нақты мән- жайларға және ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 ақпандағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 29 наурыздағы қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушысы А[...] оглының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші:
Г. Дуйсенбаев
Г. Нурбаев
Судьялар:
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья
Г. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.