ҚАУЛЫ
2026 жылғы 6 қаңтар №6003-25-00-2к/3717 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева, прокурор А.Камашевтің,
талап қоюшының өкілі Г.У.Азимбайдың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы
талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер «ANB-2007» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі -ЖШС) ақшалай өтемақы төлеумен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы Астана қаласы әкімдігі жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Автокомбинат» бау-бақша серіктестігі, № 140 учаскесі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0248 га, жер учаскесі, мақсаты бау-бақша, 4 267 639 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлеумен; Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» бау-бақша серіктестігі, Литейная көшесі, № 156 учаскесі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0493 га, жер учаскесі үшін, мақсаты бау-бақша, 8 754 226 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлеумен; Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» бау-бақша серіктестігі, Лесная көшесі, № 229 учаске мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0590 га, жер учаскесі үшін, мақсаты бау-бақша, 10 552 994 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлеумен; Астана қаласы, «Алматы» ауданы, «Литейщик» бау-бақша серіктестігі, Лесная көшесі, № 242 учаскесі мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 0,0600 га, жер учаскесі үшін, мақсаты бау-бақша, 10 764 000 теңге көлемінде ақшалай өтемақы төлей отырып, жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім шығарылған.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында қабылданған сот актілерімен келіспей, оларды өзгертіп, жауапкерге мемлекет мұқтажы үшін иеліктен
шығарылатын төрт жер учаскесі үшін сотпен өндірілген 34 338 859 теңге өтемақыны «НОК Дом оценки» ЖШС-нің мүлікті бағалау туралы есебі бойынша 29 124 030 теңге мөлшерінде анықтауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, прокурордың сот актілері заңды деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сай, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 188бабының тармағында меншiк құқығының мерзiмi шексiз екені, мүлiкке меншiк құқығы осы Кодексте көзделген негiздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкiн екені көрсетілген.
АК-нің 255-бабының 1-тармағына сай мемлекеттiк органның меншiк иесiнен мүлiктi алып қоюға тiкелей бағытталмаған шешiмiне, соның iшiнде меншiк иесiне тиесiлi үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсiмдiктер бар жер учаскесiн алып қою туралы шешiмiне байланысты қозғалмайтын мүлiкке меншiк құқығының заң құжаттарымен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана меншiк иесiне құны тең мүлiк берiп және өзге де келтiрiлген залалдарын өтей отырып немесе меншiк құқығының тоқтатылуынан келтiрiлген залалдарын толық көлемiнде өтей отырып тоқтатылуына жол берiледi.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 84-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 1- бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3 - тармақтарында мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалатыны қарастырылған.
Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы осы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Азаматтық істің құжаттарына қарағанда, Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару (сатып алу) туралы» 2024 жылғы 3 шілдедегі қаулысына сәйкес, Астана қаласы, Алматы ауданы, Ш. Қалдаяқов пен С.Нұрмағамбетов көшелерінің қиылысында орналасқан жалпы алаңы 2,9956 га. жер учаскілері «Балабақша» нысанына іздестіру-жобалау жұмыстарын жүргізу үшін сатып алу арқылы мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегіне жауапкер «ANB-2007» ЖШС-не тиеселі төменде көрсетілген жер учаскелері кіреді:
жалпы алаңы 0,0600 га, кадастрлық №21-318-092-525, көгалдандыру мақсатында, Астана қаласы, Алматы ауданы, Литейщик бағбандық серіктестігі, Лесная көшесі, № 242 учаскесі бойынша мекенжайында орналасқан, 2007 жылғы 11 маусымдағы сатып алу-сату шарты бойынша;
жалпы алаңы 0,0590 га, кадастрлық №21-318-092-333, бау-бақша өсіру мақсатында, мекенжайы: Астана қаласы, Алматы ауданы, ПСК Литейщик, Лесная көшесі, № 229 учаскесі, 2012 жылғы 26 қарашағы сатып алу-сату шарты бойынша;
жалпы алаңы 0,0493 га, кадастрлық №21-318-092-554, бау-бақша өсіру мақсатында, мекенжайы: Астана қаласы, Алматы ауданы, ПСК Литейщик, Литейная көшесі, № 156 учаскесі, 2010 жылғы 10 қарашағы сатып алу-сату шарты бойынша;
0,0248 га, кадастрлық №21-318-092-1177, бау-бақша мақсатында, мекенжайы: Астана қаласы, Алматы ауданы, «Автокомбинат» бау-бақша серіктестігі, № 140 учаскесі, 2012 жылғы 29 маусымдағы сатып алу-сату шарты бойынша.
Жауапкерге көрсетілген жер учаскелері мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуға жататындығы туралы хабарлама тапсырылған.
Алайда, жауапкер жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға қарсы болмағынымен, талап қоюшымен ұсынылған әрбір жер учаскесінің нарықтық құнымен келіспеген.
«Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 29 қаңтардағы сараптама қорытындысына сәйкес жауапкерге тиесілі жер учаскелерінің жалпы нарықтық құны 34 338 859 теңгені құраған.
Бірінші сатыдағы сот өтемақыны айқындау кезінде осы сот сараптамасының қорытындысын дұрыс негізге алған. Өйткені, бұл қорытындыда объектіні зерттеу кезінде жер учаскесінің нақты нарықтық құны көрсетіліп, олардың жалпы сомасы 34 338 859 теңгені құраған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған. Салыстырмалы зерттеу әдістемесін қолданғанда сарапшы жер учаскелерінің ұқсас аналогтарын пайдаланған. Бұл сараптама қорытындысына сотпен күмән келтіретіндей, талап қоюшы тарапынан қандай да бір дәлелдемелер ұсынылмаған.
Сонымен қатар, сарапшыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420-бабы бойынша көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлген.
Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында келтірген уәждері дәйексіз, олар жергілікті соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттар тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.
Талап қоюшының іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды.
Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа
алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 31 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.