ҚАУЛЫ
2026 жылғы 11 наурыз 6003-26-00-4к/217 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші – Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып, прокурор Б.И. Саттыбаевтың,
талап қоюшы С.Т.Токшовтың және оның өкілі Н.С.Айдарханованың қатысуларымен,
ашық сот отырысында Султан Тизакович Токшовтың жауапкерлер Қарқаралы ауданының әкіміне (бұдан әрі - Әкім) , «Қарқаралы ауданының жер қатынастары бөлімі» мемлекет мекемесіне (бұдан әрі - Жер қатынастары бөлімі) Жер комисиясының №20 лот бойынша хаттамалық шешімін заңсыз деп тану және күшін жою, Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімдігінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №163 «Қарқаралы ауданы Темірші ауылдық округі жерінен шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен «Алим» шаруа қожалығына жер учаскесін беру туралы» қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешіміне, Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандыруды сұраған.
Жауапкерлер Әкім мен Жер қатынастары бөлімінен олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттары келіп түскен.
Мүдделі тұлға С.С.Бекмаганбетовтен ауа-райының қолайсыздығына орай, Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтінішхаты келіп түсті.
Алайда, бұл өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы тұлғалар алдын-ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабарланғанына қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот кассациялық шағым мен қарсылықтың уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, келесідей қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Төмен тұрған соттар тарапынан мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 2025 жылдың 28 мамырында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының әкімдігі «Ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі» конкурс өткізгені анықталды.
Қарқаралы ауданы Темірші ауылдық округінде орналасқан ауданы
853,0664 га жер учаскесі № 20 лотпен конкурс тағайындалған.
Аталған лотқа ұсынылған өтінімдерге сәйкес талап қоюшы С.Т.Токшов және мүдделі тұлға С.С.Бекмаганбетов үміткер болған.
Қарқаралы ауданының жер комиссиясының 2025 жылғы 28 мамырдағы №2 хаттамалық шешімімен № 20 лот бойынша С.С.Бекмаганбетов жеңімпаз болып танылған.
Конкурс нәтижесінде, Қарқаралы ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №163 қаулысымен Қарқаралы ауданының Темірші ауылдық округі жерінен шаруа қожалыгын жүргізу үшін «Алим» шаруа қожалығына (басшысы Бекмаганбетов С.С.) жалпы алаңы – 853, 0664 га жер учаскесі уақытша (ұзақ мерзімге) өтеулі жер пайдалану құқығымен 2045 жылдың 29 мамырға дейін бекітіліп берілді.
Мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беру тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (әрі қарай – Жер кодексі) 431-бабында және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу қағидаларында (әрі қарай – Қағидалар) көзделген.
Жер кодекстің 43-1-бабы 13-тармағының талаптарына орай, шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты жер комиссиясы осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағына сәйкес өткізеді.
Жер кодекстің 43-бабы 2-бөлігіне сәйкес, жер комиссиясының отырысы, егер оған комиссия құрамының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, құқыққа сыйымды деп есептеледі. Бұл ретте қоғамдық кеңестердің, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік емес ұйымдардың және өзге де салалық мемлекеттік емес ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қатысып отырған өкілдерінің саны жер комиссиясының қатысып отырған мүшелері жалпы санының кемінде елу пайызын құрауға тиіс. Жер комиссиясының мүшелері оның отырыстарына ауыстыру құқығынсыз қатысады. Жер комиссиясының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Жер кодексінің 43-1-бабы 14-тармағына сәйкес, Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды. Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және жеңіп алған конкурстық өтінімді айқындайды.
Қағидалардың 22-тармағына сәйкес, жер комиссиясы барлық өтінімдерді, олардың сәйкестігін, толықтығын, есептемелердегі қателіктердің, құжаттардағы барлық қолтаңбалардың бары тұрғысынан зерделейді, сондайақ, жалпы рәсімдеудің дұрыстығын тексереді, конкурстық ұсыныста көрсетілген бизнес-жоспар, оның ішінде, инвестициялардың болжамды көлемі бойынша балл беру жолымен өтінімдерді бағалайды, салыстырады. Жер комиссиясының хаттамасы мен отырыстың аудио-бейнежазбасын зерттеу барысында, 2025 жылғы 28 мамырда №20 лот бойынша өткен жер комиссиясы отырысына 10 комиссия мүшесінің, соның ішінде Темірші ауылдық округінің әкімі мен Темірші ауылдық округі тұрғындарының өкілі С.А.Омашевтың қатысқаны анықталды.
Қағидалардың 24-тармағының мазмұнына сәйкес, екі немесе одан да көп конкурстық ұсыныстар бойынша тартылатын инвестиция көлемі тең болған жағдайда, конкурстың жеңімпазы комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы айқындалады.
Бұл ретте, жер комиссиясының отырысы құзыретті болған, себебі оның сандық және сапалық құрамы бойынша бұзушылықтар орын алмаған.
Аталған №20 лотқа қатысқан барлық конкурсқа қатысушыларға, оның ішінде талап қоюшыға да, олардың конкурс ұсыныстары мен ауылдық округ аумағында тұратындары ескеріле отырып, жер комиссиясы тарапынан 30 баллдан берілген.
Ашық дауыс беру нәтижесінде комиссия мүшелерінің көпшілік даусымен №20 лот бойынша конкурстың жеңімпазы болып С.С.Бекмағамбетов танылған.
Жер комиссиясы отырысының бейнежазбасы мен отырыс хаттамасы негізінде, конкурсқа қатысушылардың өтінімдері салынған конверттерді ашу, оларды сәйкестігіне, толықтығына, есептеулердегі қателіктердің бар-жоғына, құжаттардағы барлық қолдардың болуына, сондай-ақ жалпы ресімделуінің дұрыстығына тексеру бойынша тиісті іс-қимылдар жүргізілген. Сонымен қатар, өтінімдерге, оның ішінде конкурстық ұсыныста көрсетілген болжамды инвестиция көлеміне сәйкес, бағалау мен салыстыру жүргізіліп, дауыс беру өткізілген. Осыдан жер комиссиясы тарапынан балл беруге арналған тиісті өлшемшарттардың зерттелгені аңғарылады. Жер комиссиясы отырысының бейнежазбасы үзіліссіз жүргізілген.
Жер комиссиясының конкурстың нәтижесі бойынша қабылдаған шешіміне қатысты талаптарды қарау кезінде, конкурс ұсынысының мазмұнына сот баға бермейді, өйткені бұл мәселелер Қағидаларға сәйкес комиссия мүшелерінің құзыретіне жатады.
АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағымның уәждері мазмұны, мәні және мақсаты жағынан бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда келтірілген уәждерге ұқсас болып табылады. Аталған уәждер төмен тұрған сатыдағы соттарда қаралып, оларға тиісті құқықтық баға берілген. Кассациялық шағымда жаңа уәждер келтірілмеген.
Кассациялық сот, жер комиссиясы Жер кодексі мен Қағидалардың талаптарын бұзбағаны туралы төмен тұрған соттардың тұжырымдарымен келіседі.
Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды. Жоғарыда аталғанның негізінде, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК–нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 1 шілдедегі шешімі, Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 25 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Д. Әбдіғалиев
Төрағалық етуші
Судьялар
Г. Ыдырысова
М. Қасымов
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.