ҚАУЛЫ
2023 жылғы 15 маусым 6001-23-00-6ап/246 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,
Қазақстан Республикасы Бас прокутурасының аға прокуроры – К[...],
жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі – К[...] қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Маңғыстау облысының білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – лицей-интернат) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Комитет), «Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігі» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Министрлік) Департаменттің 13 мамыр 2022 жылғы №2 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасын, Комитеттің 14 маусым 2022 жылғы №КВ/1643-И қарсылықты қарау шешімін және Министрліктің 26 тамыз 2022 жылғы №1-ДА/7883-И шағымды қарау шешімін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 қазандағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға жеке кәсіпкер (бұдан әрі – ЖК) Р[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 қазандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Департаменттің 13 мамыр 2022 жылғы №2 камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы, Комитеттің 14 маусым 2022 жылғы №КВ/1643-И қарсылықты қарау шешімі ішінара заңсыз деп танылып, сол бөлігінде күші жойылған.
Министрліктің 26 тамыз 2022 жылғы №1-ДА/7883-И шағымды қарау шешімін заңсыз деп тану туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға ЖК Р[...] кассациялық шағымында шешім және қаулымен келіспейтінін көрсетіп, оларды өзгертіп талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Жауапкер Департаменттің өкілі кассациялық шағымға қарсы пікірінде, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған.
Жауапкер Комитет өкілі істі өзінің қатысуынсыз қарауды сұраған.
Жауапкер Департамент және мүдделі тұлға ЖК Р[...] істі мобильді видеоконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.
Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Сондықтан жауапкер Департамент өкілінің және мүдделі тұлға Р[...] сотқа келмеуі туралы уәжін сот дәлелді деп санамайды.
Басқа мүдделі тұлғалар немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді. Сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Бұл жағдайлар істі сотқа келмеген тараптардың қатысуынсыз қарауға кедергі болып табылмайды.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Жауапкер Министрлік өкілінің кассациялық шағыммен келіспеген түсінігін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сот алқасы істі кассациялық шағым дәлелдері шегінде қарады.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда лицей-интернаты (Ұйымдастырушы) «Балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтер» (Лот 1: №50564314-КпОПО2, Лот 2: 48012166-КпОПО1) мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурс ұйымдастырған. Жеңімпаз болып жеке кәсіпкер ЖК Р[...] танылған. Департамент жеке кәсіпкерлер К[...], Ш[...], Т[...] шағымдары бойынша мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізген. Тексеру нәтижелерімен 13 мамыр 2022 жылы анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама енгізілген.
Комитет ұйымдастырушының қарсылығын қанағаттандырусыз қалдырған.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрілігінің жанындағы апелляциялық комиссиясының 26 тамыз 2022 жылғы №1-ДА/7883-И шешімімен шағым ішінара қанағаттандырылған. Лицей-интернаты аталған шешімдермен келіспей сотқа жүгінген. Соттар талапты ішінара қанағаттандырусыз қалдырғанда мына мәнжайларды ескерген.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 32 бабының 1 бөлігіне сай, техникалық және кәсіптік білім беру негізгі орта және (немесе) жалпы орта білім беру базасында училищелерде, колледждерде және жоғары колледждерде жүзеге асырылады. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы оқу процесі білім беру ұйымдарындағы теориялық оқытуды, сондай-ақ оқу-өндірістік шеберханаларда, оқу шаруашылықтары мен оқу полигондарында – өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен, кәсіпорындар (ұйымдар) базасында тәлімгердің, өндірістік оқыту шеберінің, практика жетекшісінің басшылығымен орындалатын өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы қамтиды. Техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқу күндізгі, кешкі және сырттай оқу нысандарында жүзеге асырылатындығы көрсетілген.
Р[...] конкурстық құжаттамасына ұсынған аспаздар Ш[...], У[...], Ж[...] техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар аспазды растайтын құжаттары қоса берілмеген. Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 10 қазандағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға жеке кәсіпкер Р[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ш. Даниярова Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.