Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/2017 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/2017 ҚАУЛЫ

2025 жылғы 18 желтоқсан Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А. Исполова,

арызданушылардың өкілі С.Юсановтың,

жауапкердің өкілі Х.Р. Тойчибаевтің қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Сайрам ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер «Нематжан» шаруа қожалығына, «Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» және «Сайрам аудандық әділет басқармасы» мемлекеттік мекемелеріне мемлекеттік жер актісінің тіркелуінің күшін жою, жер телімін мемлекет меншігіне қайтару және жер теліміне заңсыз салынған тұрғын үйлерді өз есебінен бұзуды міндеттеу туралы азаматтық істі арызданушылар өкілі С.Юсановтың Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымына және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы ұйғарымына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ: «Сайрам ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - ММ) сотқа жауапкерлер «Нематжан» шаруа қожалығына (бұдан әрі - ШҚ), «Сайрам аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі» ММ мен «Сайрам аудандық Әділет басқармасы» ММ-не жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының 2015 жылғы 23 маусымдағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

«Нематжан» ШҚ-ның төрағасы Н.Сайдижаппаровқа жалға берілген 3,8 га жер телімі нысаналы мақсатта пайдаланылмағандықтан кадастр № 19295057966 мемлекеттік жер актісінің және оны тіркеуінің күшін жойып, жер телімін мемлекет меншігіне қайтару міндеттелген. «Нематжан» ШҚ-

ның төрағасы Н.Сайдижаппаровқа заңсыз салынған тұрғын үйлерді өз есебінен бұзу міндеттелген.

Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасының 2015 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен сот шешімі мен апелляциялық сот алқасының қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

И.Сайдижаппарова мен М.Ирсалиева сотқа Оңтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2015 жылғы 15 сәуірдегі шешіміне апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат берген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы ұйғарымымен өзгеріссіз қалдырылған Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 20 желтоқсандағы ұйғарымымен өтінішхат қанағаттандырусыз қалдырылған. Кассациялық шағымында И.Сайдижаппарова мен М.Ирсалиеваның өкілі жергілікті соттармен процестік құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот ұйғарымының күшін жойып, апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Кассациялық сот шағымды қолдаған С.Юсановтың, шағымға қарсылық білдірген жауапкердің өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген. Дау айтылған сот шешімі 2015 жылғы 23 маусымда заңды күшіне енген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар заңда көзделген негіздердің болмауына байланысты мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Қассациялық сот жергілікті соттардың тұжырымдамасымен толық келіседі.

Іс материалдарынан И.Сайдижаппарова Н.Сайдижаппаровтың анасы, ал М.Ирсалиева оның қызы болып келетіні анықталған. Сондықтан, арыз иелеріне сот шешімі туралы 2015 жылдан бері белгілі болған, олар сотқа 9 жылдан астам уақыт

өткен соң беріп отыр деп соттар дұрыс тұжырымдаған. Сонымен қатар, арызда мерзімді өткізіп алудын себептерінің дәлелді екенін растайтын мән-жайлар келтірілмеген.

АПК-тің 126-бабының 3-бөлігінде көрсетілген арыз иелеріне уақтылы шағым беруге кедергі болатын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға мүмкіндігін шектейтін (іске қатысатын адамға сот актісінің көшірмелерін уақтылы жібермеу; егер сот актісі осы тұлға білетін тілге аударылмаса, сот ісін жүргізу тілін білмеу; құқық мирасқорлығын дұрыс ресімдемеу) мән-жайлар анықталған жоқ.

Осыған байланысты соттар өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдыруға, шағым қайтаруға жатады деген тұжырымға дұрыс келген. Арызданушылар кассациялық шағымда мерзімді өткізіп алудың себептерінің дәлелді екенін растайтын мән-жайлар келтірмеген. Сондықтан, соттың ұйғарымын өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатының ұйғарымы күшінде қалдырылуға жатады. АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 ақпандағы ұйғарымы күшінде , арызданушылар өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Т. Кадырова

Судьялар А.З. Каирбеков

Р.А. Исполова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.