КСАД РК - Постановление от 05.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/83 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 5 тамыз 6003-25-00-4к/83 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы Е.С. Тобагабуловтың талап қоюшының өкілі Е.К. Еспенбетовтың, жауапкер С.Ж. Алмасовтың, қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Ершат Суиндикович Тобагабуловтың жауапкер Астана қаласы атқарушы округінің жеке сот орындаушысы Сабит Жолдасбекович Алмасовқа қатысты бағалаушыны тағайындау жәніндеғі қаулыны заңсыз деп тану туралы талабымен қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешіміне, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысына талап қоюшы өкілінің берген кассациялық шағымын қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Е.С. Тобагабулов сотқа жауапкер жеке сот орындаушысы С.Ж. Алмасовқа қатысты бағалаушыны тағайындау туралы қаулыны заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюымен жүгінген. Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған. Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз, талап қоюшының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, талап қоюшы тарапының кассациялық шағым уәждерін қолдаған пікірлерін, жауапкердін шағым уәждерімен келіспеген түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан белгілі болғандай, 2023 жылғы 5 желтоқсанда мүдделі түлға Б.А. Ажмаханов пен талап қоюшы Е.С. Тобагабулов арасында ақшалай қаражатты қарызға алу шарты жасалып, оның талаптары бойынша Е.С. Тобагабулов 2024 жылдың 5 наурызына дейін Б.А. Ажмахановтан алған 15 000 000 теңге көлеміндегі қаражатты қайтаруға міндеттелген.

Жоғарыда көрсетілген міндеттеме уақытылы және толық көлемде орындалмау салдарынан, 2024 жылғы 20 наурызда нотариус Ж. Галижанмен №06992-000214/484 (214) атқарушылық жазба жазылып, Е.С. Тобагабуловтан Б.А. Ажмахановтың пайдасына 15 000 000 теңге негізгі қарыз және 33 803 теңге көлеміндегі атқарушылық жазбаны жасауға жұмсалған қаражат өндіріп алынған.

Атқарушылық жазба негізінде жауапкер, жеке сот орындаушы С.Ж. Алмасовтың 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен №255/24-71-683 атқарушылық іс жүргізу қозғалып, мәжбүрлеп орындау шаралары қабылданған.

Атқарушылық іс жүргізу барысында Е.С.Тобагабуловқа Астана қаласы, Есіл ауданы, Сығанақ көшесі, 54-үй, 223-пәтер тиесілі екендігі анықталып, жауапкердің 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен сол пәтерге тыйым салынып, 2024 жылғы 16 тамызда тараптарға бағалаушыны тағайындау жөнінде ұсыныс келтіру туралы мүмкіндіктер берілген, алайда тараптардан ұсыныс түспеген.

Салдарынан, дауланып отырған 2024 жылғы 3 қыркүйектегі қаулыға сәйкес, борышкердің мүлкін бағалау мақсатында, «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ( әрі қарай– Заң) 68-бабы 1-тармағы негізінде жауапкер бағалаушыны өз бетінше тағайындаған.

Бағалаушы Д. Турсумбаевтың 2024 жылғы 4 қырқүйектегі №29422024/DV бағалау есебі бойынша, пәтердің нарықтық құны 41 087 000 теңгені құраған.

Талап қоюшы сотқа жауапкердін бағалаушыны тағайындау туралы қаулысын заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қоюымен жүгінген. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, бағалаушыны тағайындау туралы қаулыны шығару және борышкердің мүлкін сауда-саттыққа беру Заңның 68, 74-баптарында көзделген сот орындаушысының айрықша құзыреті болып табылатындығын негізге алып, дауланып отырған қаулыны шығару барысында заңнама нормаларының бұзылуына жол берілмегендігін негізге алған.

Заңның 68 бабының 1,2 бөліктеріне сәйкес, сот орындаушысы мүлікке тыйым салынған және борышкерге мүліктің тиесілі екені анықталған кезден бастап он жұмыс күні ішінде: бағалаушыны өз бетінше тағайындау; атқарушылық іс жүргізу тараптарының бірінің ұсынысы бойынша бағалаушыны тағайындау; атқарушылық іс жүргізу тараптарының біріне борышкердің мүлкін бағалауды жүргізу туралы тапсырма беруі арқылы бағалаушыны тағайындау туралы қаулы шығарады.

Іс құжаттарына сәйкес, 2024 жылдың 3 қырқүйегінде жеке сот орындаушы, өндіріп алушы Б.А.Ажмахановтын арызы негізінде және сот шешімін орындау мақсатында, берешекті мүлік аркылы өндіру үшін мүлікті бағалау туралы каулы шығарған.

Тараптарға бағалаушыны тағайындау туралы ұсыныс келтіру мүмкіндіктері берілген. Қаулы тараптарға сол күні жіберілген. Алайда тараптардан ұсыныс түспеген.

Жеке сот орындаушының бағалаушыны өз бетінше тағайындау қаулысы негізінде, талап қоюшыға тиесілі. Астана каласы, Сығанақ көшесі, 10 үй, 223 пәтер бағаланған. Бағалаушы Д.Турсумбаевтың, 2024 жылғы 4 қырқүйектегі № 2942-2024/DV бағалау есебі бойынша, пәтердің нарықтық құны 41 087 000 теңгені құраған.

Іс құжаттарына сәйкес, атқарушылық іс жүргізу барысында жауапкер талап қоюшыға тиесілі жылжымайтын мүлік бар екендігін анықтап, Заңның 55-бабы 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша, Заңның 68-бабы 1- тармағында көрсетілген тәртіпті сақтай отырып, тыйым салынған мүлікті бағалау туралы қаулыны Заң талаптарына сәйкес шығарған.

Дауланып отырған қаулыны шығару Заңның 55-бабы 4-тармағына сәйкес келеді, әрі ол сот орындаушысының тікелей міндеті болып табылады және осы қаулыны шығару кезінде жауапкер тарапынан құқық нормаларын бұзуға жол берілмеген.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, кассациялық сот, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін заңды және негізді деп санайды, өйткені олар сотта анықталған нақты мән-жайлар мен заңдылық, әділеттілік принциптері ескеріле отырып қабылданған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал оның жауапкердің тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, іс бойынша қабылданған бірінші сатыдағы сот шешімінің, апелляциялық сот қаулысының күшін жоюға, сөйтіп, кассациялық шағымды қанағаттандыруға еш негіз жоқ.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қазандағы шешімі, Астана қалалық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 27 қарашадағы осы іс бойынша қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Е. Нуралиев

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.