6001-23-00-6ап/536
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 8 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар - Г.У.Альжанов, Б.Т.Нажмиденов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жеке сот орындаушысы (бұдан әрі - ЖСО) Е[...] қойған жауапкердің әрекетсіздігін заңсыз деп тану туралы, өтінішхатқа мәні бойынша жауап беруді міндеттеу туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысына жауапкер өкілімен келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жүгініп, соттан 2022 жылғы 18 қазанда жазған өтінішхатына ЖСО Е[...] уақытында жауап бермеу әрекетсіздігін заңсыз деп тануды және өтінішхатқа мәні бойынша жауап беруді міндеттеуді сұраған.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы К[...] жауапкер ЖСО Е[...] әрекетсіздігін заңсыз деп тану және өтінішхатқа мәні бойынша жауап беруді міндеттеу туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылған. Талап қоюшы К[...] 2022 жылғы 18 қазанда жазған өтінішхатына ЖСО Е[...] уақытында жауап бермеу әрекетсіздігі заңсыз деп танылған.
Талап қоюдың 2022 жылғы 18 қазанда берілген өтінішхатқа ЖСО Е[...] мәні бойынша жауап беруді міндеттеу бөлігі қанағаттандырылудан бас тартылған.
Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысымен 2022 жылғы 18 қазандағы сот шешімі өзгеріссіз, ЖСО Е[...] апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Кассациялық шағымда жауапкер қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұраған.
Сот алқасы, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, ЖСО-ның өндірісінде өндіріп алушы «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамының пайдасына талап қоюшы К[...] 2 247 038 теңге қарыз ақшаны және сот шығыстары 67 411 теңге мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы атқарушылық өндірісі орындалуда.
Борышкер болып табылатын талап қоюшы К[...] сенімхат бойынша өкілі И[...] 2022 жылғы 18 қазан электрондық байланыс арқылы жауапкерге осы атқарушылық өндіріс бойынша борышкер атына тіркелген «Toyota Camry» маркалы мемлекеттік тіркеу нөмір белгісі [...] автокөліктен тыйым салуды алып тастау туралы өтінішхат жолдаған.
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (әрі қарай - Заң) 126бабының 2-бөлігінің 3-тармақшасына сәйкес, сот орындаушысы бес жұмыс күні ішінде тараптардың атқарушылық iс жүргiзуге байланысты арыздары мен өтiнiшхаттарын қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге міндетті.
Алайда жауапкер Заң талаптарымен көзделетін атқарушылық iс жүргізуге байланысты өтiнiшхатты бес жұмыс күні ішінде қарап, оны қарау нәтижесі бойынша қаулы шығару міндетін орындамаған. Жергілікті соттар К[...] талап қоюын ішінара қанағаттандыра отырып, жауапкер өкілінің талап қоюшының өтінішхатына сол күні жауап берілді деген уәжін ЖСО-сы жауапты өтінішхат иесі болып табылмайтын басқа тұлғаға жолдағандықтан негіссіз деген дұрыс тұжырымға келген.
Демек ЖСО-сы 2022 жылғы 18 қазанындағы өтінішхатқа уақытында жауап бермеген, яғни оның осы әрекетсіздігі дұрыс заңсыз деп танылған.
Сот актілері материалдық және процестік құқық нормаларына негізделіп шығарылған, заң нормалары дұрыс қолданылған, іс бойынша дәлелдемелерге заң тұрғысынан дұрыс баға берілген.
Сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға не өзгертуге дәлелді негіз жоқ деп санайды. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 желтоқсандағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Жауапкер жеке сот орындаушысы Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Г. Дуйсенбаев
Судьялар
Г. Альжанов
Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.