ҚАУЛЫ № 4к/1429
07 тамыз 2025 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында:
төрағалық етуші - судья Е.М.Нұралиев,
судьялар - Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,
ашық сот мәжілісінде Байгелов Азамат Тұрарбекұлының (әрі қарайталап қоюшы) «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті» мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - жауапкер) заң бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынуға дау айту туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы ұйғарымына, Шығыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегені
Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа талап арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жоғарыдағы талаппен жүгінген.
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы ұйғарымымен, әрі оны кейіннен өзгеріссіз қалдырған Шығыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы ұйғарымымен, аталған талап қою қайтарылған.
Осы шығарылған сот актілерімен келіспеген талап қоюшы кассациялық шағым беріп, онда олардың күшін жойып, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Іс бойынша тараптар кассациялық соттың отырысына келмеді, мұндай жағдайда сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (әрі қарай – ӘРПК) 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Даудың мән-жайын зерттеп, шағымның уәждерін тексеріп, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады. Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Бұл міндетті төменгі тұрған соттар қамтамасыз ете білген.
Талап қоюдан туындайтыны, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің Шығыс Қазақстан облысы жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не (әрі қарай-департамент) А.А.Фоминыхтан өтініш түсіп, онда А.П.Майданенкоға қатысты жер заңнамасын бұзу дерегі бойынша тексеру жүргізу туралы сұралған.
Осыған байланысты талап қоюшы жауапкердің атына, ақпараттық жүйелер арқылы тіркеу үшін өзінің тексеруді тағайындау туралы актісін жолдаған.
Алайда жауапкер тексеруді тағайындау туралы актіні тіркеуден бас тартып, ол жөнінде қорытынды шығарып, тексерудің заңсыз басталуына байланысты талап қоюшы мен тағы бір қызметкерді (Ә.Жеңісхановты) тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы департаментке 2024 жылғы 27 тамызда №2-20-24-03392 ұсыну жіберген.
Талап қоюшының пікірінше, аталған ұсыну заңсыз, себебі мемлекеттік қызмет туралы заңнамада көзделген тәртіптік жауапкершілікке тарту мерзімі аяқталған, әрі тексерісті кері қайтарған кезде жауапкер тағы қандай қосымша құжаттар қосу керек екенін нақтыламаған.
Қаралып отырған жағдайда, төменгі соттар талаптың мазмұнын саралап, қолданысқа ие процестік құқық нормаларының талаптарын ескеріп, туындаған даудың мән-жайын заң шеңберінде бағалай білген.
ӘРПК-нің 4 бабы бірінші бөлігінің 4 тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім. Яғни, әкімшілік актінің құзыры - құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
Ал, 2024 жылғы 27 тамызда жауапкердің шығарған заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну талап қоюшының немесе ол қызмет атқаратын департаменттің қандай да бір құқықтары мен міндеттеріне ешбір нұқсан келтірмейді. Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңының 36-бабы 2-тармағының мазмұнынан көрінетіндігі, ұсыну онда көрсетілген заңдылықтың бұзылуын жою жөніндегі шараларды қабылдай отырып, лауазымды адамның немесе органның – күнтізбелік отыз күн ішінде, ал адамның және азаматтың өмірі мен денсаулығы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін орны толмас зардаптың басталуы мүмкін болған жағдайларда прокурор белгілеген мерзімде қаралуға жатады.
Бұдан туындайтыны, ұсынуды қарау жайында және соның нәтижесінде қабылданған шаралар туралы департамент прокуратураға хабарлауға тиіс. Бірақ, талап қоюшы мен департамент ол ұсынумен келіспеуі де мүмкін, сондықтан ұсыну ешкімнің құқықтары мен міндеттерін шектемейді, әрі ол әкімшілік акт болып табылмайды.
Талап қоюшының құқығы тек оны нақты бір тәртіптік жауапкершілікке тартқан жағдайда ғана шектелуі немесе бұзылуы мүмкін. Егер мұндай жағдай туындай қалса, талап қоюшы департаменттің шығаратын бұйрығына дау айтуға құқылы болады. Жоғарыда айтылған жағдайларды дұрыс саралаған соттар, қаралып отырған әкімшілік іс бойынша талап қоюды қайтару туралы оң шешім қабылдаған, әрі бұл шешім ӘРПК-нің 138-бабы 2 бөлігінің 11) тармақшасына қайшы келмейді, яғни, сот (судья) іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Сондықтан іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ.
Кассациялық шағымның кейбір уәждері тексерілді, оның талап қоюшыдан түсініктеме алынуы, оған қатысты қызметтік тергеу жүргізілуі, тәртіптік комиссияның отырысы тағайындалуы жөніндегі уәждері тек алдын ала жүзеге асырылған әрекеттер болып саналады, олардың қорытындысымен талап қоюшыға ешбір жауапкершілік қолданылмаған, сондықтан арыз иесінің құқықтарына нұқсан келді деп дәрежелеуге болмайды.
Тіптен 2024 жылдың 03 қазанында №2-20-24-04007 шығарылған ұсынуға қосымшада, жауапкердің өзі қазіргі кезде талап қоюшыға тәртіптік жаза қолдану мерзімі өтіп кеткендігі жөнінде департаментке хабарлаған. Бұл дерек талап қоюшыға болашақта жауапкершілік қолданылмайтынын анықтайды.
Қандай да бір жаңа, әрі заңды уәждер кассациялық шағым иесінен кассациялық сотқа қазіргі кезде де ұсынылмады. Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актісін өзгеріссіз, ал талап қоюшының кассациялық шағымын қанағаттандырылусыз қалдыру қажет деп табады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 14 қазандағы ұйғарымы, Шығыс Қазақстан облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы осы іс бойынша ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.