№ 6003-26-00-4к/61
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 8 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық
соттың құрамында:
төрағалық етуші судья – М.А.Туганбаев, судьялар – Р.М. Айнакұлова, Г.Б.Дуйсенбаев болып, талап қоюшы А.М.Ақылбековтың, жауапкер өкілі Е.Т.Төлегеннің қатысуларымен
өзінің ашық сот отырысында талап қоюшы Асыланбек Мұқтарұлы Ақылбековтың жауапкер «Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша Департаменті» (әрі қарай – Департамент) мемлекеттік мекемесіне және «Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті» (әрі қарай – Комитет) мемлекеттік мекемесіне әрекетін заңсыз деп тану, ақпаратты алып тастауды міндеттеу туралы талап қою арызымен қозғалған әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі шешіміне және ұйғаруына, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен осы соттың 2025 жылдың 16 қыркүйектегі ұйғаруына талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А.М.Ақылбеков жоғарыда көрсетілген талап арызбен сотқа жүгініп, негіздемесінде Департаменттің өзіне қатысты ақпараттық жүйесіне түзету енгізу туралы өтініш жолдағанын, алайда өтініші негіссіз қанағаттандырудан бас тартылғанын, сондықтан ақпараттық жүйедегі 2008 жылғы 10 қарашадағы материал бойынша ақталмайтын негіздермен қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы ақпаратты алып тастауды міндеттеуді сұраған. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы соттың ұйғаруымымен талап арыздың Құқықтық статистика комитетіне қатысты бөлігі, сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды деген негізбен кері қайтарылған.
Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Осы соттың 2025 жылдың 16 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші саты сотының ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында төмеңгі саты соттары істі біржақты қарағанын, процессуальдық заң нормаларының бұзулуына жол бергенін көрсете келе іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап арызды толық көлемде қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот, талап қоюшы А.М.Ақылбековтың шағым уәждерін қолдаған түсінігін, жауапкер өкілі Е.Т.Төлегеннің шағымға қарсы келтірген пікірін тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ьұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 449-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде кассациялық шағымның немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
ӘРПК-нің 5-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Іс құжаттарына қарағанда, 2022 жылғы 30 қыркүйектегі Атырау облысының полиция департаментінің №252ж/қ бұйрығымен А.М. Ақылбеков патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің тағылымдамадан өтушікезекшінің көмекшісі лауазымына тағайындалған.
2023 жылғы 12 қаңтардағы Атырау облысы полиция департаментінің №5ж/қ бұйрығына сай, талап қоюшымен еңбек шарты бұзылған, себебі тергеу органымен А.М.Ақылбековке қарсы 2008 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасы қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен бас тартылған.
Атап айтқанда, 2008 жылғы 10 қарашадағы Махамбет аудандық ішкі істер басқармасының қаулысымен ҚК-нің 257 бабының 2 бөлігімен күдікті ретінде танылған Абилхасов Темирлан Санаржанулы және Акылбеков Асланбек Мухтарулына қатысты №08235603200131 қылмыстық іс, Қазақстан Республикасы қылмыстық процестік кодексінің 37-бабының 1 бөлігінің 12 тармағымен, ҚК-нің 67 бабы 1 бөлігімен қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған. Аталған мәліметтер Департаменттің дерекқорына түсіп, тиісті түрде тіркелген.
Талап қоюшы сотқа жүгінген талап арызында Департаменттің дерекқорындағы өзіне қатысты ақпаратты алып тастауды, негіздемесінде аталған қылмыстық іске қатысы жоқ екенін, ол жөнінде жәбірленуші болып табылған А.М. Аюпов қолхат бергенін, сонымен қатар есептік құжаттарда аты екі түрлі жазылғанын көрсеткен.
Жергілікті соттар талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдағанда, жауапкер өз өкілеттіктігі шеңберінде әрекет етіп, талап қоюшының құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол берілмегенін, себебі Департаментке құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу міндеттелгенін, прокуратура органының тиісті шешімсіз арнайы дерекқорға қандайда бір түзету енгізу немесе оның күшін жою мүмкін емес екенін негізге алған.
Кассациялық сот, төмеңгі саты соттарының тұжырымдарымен төмендегі сбептермен толық келіседі.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Заңының (әрі қарай – Заң) 7 бабының 1 бөлігінің 2), 8) тармақшаларына сәйкес, құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектiлерiнің мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырумен және арнайы есепке алуды жүргізумен байланысты емес қызметіне араласпай, олар беретiн құқықтық статистикалық ақпараттың тұтастығына, объективтiлiгiне, анықтығына және жеткiлiктілігiне қадағалауды, мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу кезiнде адам мен азаматтың, заңды тұлғалардың және мемлекеттiң құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын жүзеге асырады.
Аталған Заң нормасына сай, Департаментке мемлекеттiк құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу міндеттелген, ал талап қоюшыға қарсы 2008 жылы қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулысына, яғни тергеу органының қабылданған процестік шешімінің заңдылығын қадағалау прокуратура органдарына жүктелгенін ескеру қажет. Істің бұндай тұрғысында, жергілікті соттардың талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады, себебі 2008 жылы тегеу органымен қабалданған қаулыға өзгеріс енгізбейінше А.М.Ақылбеков жөніндегі дерекқорға Департамент қандайда бір өзгеріс енгізуге құқылы емес. Сонымен қатар, А.М. Ақылбековтың Құқықтық статистика комитетіне қатысты талап қою бөлігі кері қайтарылғаныда заңды әрі негізді болып табылады, себебі талаптың Құқықтық статистика комитетіне берілген бөлігі артық болып табылады.
Комитет жоғары тұрған орган ретінде аймақтық органдардың жұмысына баға беріп, мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастырады, арнайы есепке алуды жүргізіп ақпараттық аналитикалық қызметімен айналысады.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне төмеңгі саты соттарымен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгеріс енгізуге негіз бола алмайды.
Бұндай жағдайда талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. Қазақстан Республикасы ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУ Л Ы ЕТТІ:
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 сәуірдегі шешімі және ұйғаруы, Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 тамыздағы қаулысымен осы соттың 2025 жылдың 16 қыркүйектегі ұйғаруы өзгеріссіз қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі Бектас Григорьевич Рахмановтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
М.А.Туганбаев
Төрағалық етуші
Р.М. Айнакұлова
Судьялар Г.Б.Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.