ВС РК - Постановление от 29.03.2024 по делу 6001-23-00-6ап/3022 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 29 наурыз 6001-23-00-6ап/3022 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Г.Б. Дуйсенбаев, Е.Д. Өмірәлиев болып,

жауапкерлер Шымкент қаласының әкімінің және «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі У[...] қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер Шымкент қаласының әкіміне, Шымкент қаласының әкімдігі жанынан құрылған жер комиссиясына, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне Шымкент қаласының жер комиссиясының 2023 жылғы 26 қаңтардағы №3/47 хаттамалық шешімін және Шымкент қаласы әкімінің 2023 жылғы 6 ақпандағы қаулысының К[...] қатысты бөлігін заңсыз деп танып, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен,

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысына жауапкер Шымкент қаласы әкімінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 5 мамырдағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымымен талап қоюшы К[...] Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының жер комиссиясына құқық растайтын құжатты ұсынбады деген тұжырымын, жер комиссиясы мүшелерінің қорытындысын алдын-ала дайындау әрекетін, жер комиссия отырысына қатыстырмау әрекетін, хаттаманың шешімін ұсынбау әрекетін, өтінішті қарау кезінде артық міндеттеме жүктеу әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою бөлігі қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатылы соттың шешімінің күші жойылып, К[...] талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Шымкент қаласының жер комиссиясының 2023 жылғы 26 қаңтардағы №3/47 хаттамалық шешімінің және Шымкент қаласы әкімінің 2023 жылғы 6 ақпандағы қаулысының К[...] қатысты бөліктері заңсыз деп танылған. Шымкент қаласының әкімініне К[...] өтініші бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы күшінде қалдырылған.

Талап қоюшы сот ұйғарымдарымен, жауапкер Шымкент қаласы әкімі апелляциялық соттың қаулысымен келіспейтінін көрсетіп, кассациялық шағымындар келтірген.

Талап қоюшы немесе оның өкілі және басқа іске қатысушылар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы, жауапкер өкілінің шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-ның 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Бірінші саты сотының шешімін апелляциялық тәртіппен қарағанда апелляцялық сатыдағы сот тарапынан мұндай кемшіліктерге жол берілген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] әкімінің 2013 жылғы 10 желтоқсандағы №296 шешімімен Жұлдыз ауылы, М[...] [...], жалпы көлемі 600,0 шаршы метр жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер учаскесі) тұрғын үй құрылысын салу үшін К[...] қысқа мерзімге (2 жылға) жалға берілген.

Бұл жөнінде 2015 жылғы 20 шілдеде Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі мен К[...] арасында шарт жасалған. Шарттың қолданылу мерзімі 2015 жылғы 10 желтоқсанға дейін деп белгіленген. 2015 жылғы 10 қазанда уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беретін акт алынып, уақытша жер пайдалану құқығы тіркеуден өткізілген.

К[...] 2017 жылғы 26 қыркүйекте қайтыс болған.

2021 жылғы 2 ақпанда К[...] жұбайы К[...] заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік беріліп, онда куәліктің мүліктік емес құқықтар мен міндеттемелерден, яғни мұра қалдырушының атына тіркелген жылжымайтын мүлдіктердің құқық растаушы құжаттарын тіркеуден, алудан, өткізуден тұратыны көрсетілген.

К[...] 2023 жылы 19 қаңтарда Шымкент қаласының әкімінен даулы жер учаскесінің пайдалану мерзімін 4 жыл 10 ай мерзімге ұзартуды сұраған. Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 6 ақпандағы №197 қаулысымен аталған құқықты табыстаудан бас тартылған.

К[...] бұл бас тартумен келіспей жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Бірінші саты соты талапты қанағаттандырудан бас тартқанда К[...] жер пайдалану құқығы 2015 жылғы 10 желтоқсанда тоқтатылғандығын, себебі ол жалға алу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде оны ұзартуға өтініш келтірмегенін негізге алған. Апелляциялық сатыдағы сот болса бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, талапты қанағаттандырғанда даулы жер учаскесіне тұрғын үй салынып қойғандығын назарға алған. Сот алқасы апелляциялық сатыдағы сот істің мән-жайларын дұрыс анықтай тұра материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбаған деп есептейді. Қазақстан Республикасының жер кодексінің 37-бабының 2-тармағына сәйкес өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, осы Кодекстің 43-бабы 1-тармағының 2), 3), 4), 5) және 8) тармақшаларында белгіленген талаптарды қоспағанда, жер учаскесінің шекаралары өзгермеген жағдайда, ал шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі үшін шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де болған кезде, осы Кодекстің 43-бабында көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқығы бар.

Уақытша өтеулі жер пайдаланушы (жалға алушы) осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi жалға алу шартында көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, онда жалға алу шартының қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейін үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.

Жалға алу шартының қолданылу мерзімі өткен соң өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулі жер пайдаланушының (жалға алушының), егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе жалға алу шартында өзгеше белгiленбесе, жаңа мерзімге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында артықшылықты құқығы болады.

Бірақ марқұм К[...] пайдаланбаған бұл құқығы оның мұрагеріне ауыспайды.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 1040-бабының 1-тармағына сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесiлi мүлiк, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен мiндеттерi кiредi.

«Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 29 маусымдағы №5 Нормативтік қаулысының 23-тармағына сай мұра ашылған кезде мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелмегенде, мұра қалдырушының атына мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар немесе сәйкестендіру құжаттары нотариусқа ұсынылса, ол мұрагерге мұра қалдырушының меншік құқығын тіркеуге құқығы туралы куәлік беруге құқылы. Мұра қалдырушыға меншік құқығы немесе жерді тұрақты пайдалану құқығы негізінде тиесілі жер учаскесінде орналасқан, бірақ пайдалануға енгізілмеген құрылыстарға нотариус осы мүлікті мұра қалдырушының атынан пайдалануға енгізуге куәлікті мұрагерлерге беруге құқылы.

Аталған нормалардың мазмұнына сәйкес егер мұра қалдырушының қайтыс болғанға дейін пайдалануға енгізілмеген құрылыстары болса мұра қалдырушының атынан пайдалануға енгізу құқығы мұрагерге беріледі. Яғни, мұрагер пайдалануға енгізілмеген құрылыстарды заңда көзделген тәртіпте рәсімдемей тұрып, ол құрылыстар орналасқан жерге құқық беру туралы өтініші мерзімінен бұрын берілген болып табылады.

Сондықтан талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жайлы бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында дауланып отырған сот қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады.

Соттардың талап қоюдың бөлігін қайтаруы жайлы ұйғарымдары бойынша.

К[...] Шымкент қаласының әкіміне, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласының жер комиссиясына құқық растайтын құжатты ұсынбады деген тұжырымын, жер комиссиясы мүшелерінің қорытындысын алдын-ала дайындау әрекетін, жер комиссия отырысына қатыстырмау әрекетін, хаттаманың шешімін ұсынбау әрекетін, өтінішті қарау кезінде артық міндеттеме жүктеу әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік талап қою бөлігі қайтарылған.

Соттардың талап қоюдың бұл бөлігі іс қарау барысында баға берілетін талап қоюшының уәждері болып табылады, бөлек талап ретінде қаралуға жатпайды деген тұжырымы негізді.

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 11) тармақшасының талаптарына сай, егер іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Сондықтан сот ұйғарымдарының күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1), 2) тармақшаларын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі қаулысының күші жойылсын. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 5 мамырдағы шешімі күшінде қалдырылсын. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкер Шымкент қаласы әкімінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші С. Баймаханов

Судьялар Г. Дуйсенбаев

Е. Өмірәлиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.