КСАД РК - Постановление от 20.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1727 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 20 қазан № 6399-2500-4а/1727 іс Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың құрамында:

төрағалық етуші - судья Е.Б. Тулеев,

судьялар - Н.М. Кабдрахманова, Е.Нуралиев,

Бапаева Нұржамал Өсербайқызының «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясына 2024 жылғы 10 қазандағы хаттамалық шешімді ішінара заңсыз деп тану туралы туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының өкілі А.А. Юсуповтың кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Н.Ө. Бапаева жоғарыда көрсетелген әімшілік талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі ұйғарымымен Н.Ө. Бапаеваның әкімшілік талап қоюы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 15) тармақшасына сәйкес сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартуына байланысты қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшының өкілі А.А. Юсупов кассациялық шағымында процессуалдық нормалар бұзылғанын көрсетіп, соттан аталған ұйғарымның күшін жоюды сұрады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Істі қарағанда мұндай кемшіліктер орын алмаған.

ӘРПК-нің 1- бабының үшінші бөлігіне сәйкес әкімшілік сот ісін жүргізуде АПК-нің ережелері қолданылады.

ӘРПК-те әкімшілік рәсімдік-процестік заңның уақыт тұрғысынан қолданылуы туралы ережелер болмағандықтан АПК-нің нормалары қолданылуға жатады.

ӘРПК-нің 136-бабының бірінші бөлігіне сәйкес дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі; егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Талап қоюшыға қатысты Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының 2024 жылғы 10 қазандағы хаттамалық шешімі туралы хабарлама оның жеке кабинетіне және ұялы телефонына 2024 жылғы 12 қазанда тиісті түрде жіберілген, талап қоюшының қызына аталған хабарлама 2024 жылғы 18 қазанда қолма-қол берілген.

Бұдан басқа, талап қоюшы шешімнің көшірмесін жауапкерден өзі 2025 жылғы 21 ақпанда алған.

Алайда сотқа тек 2025 жылы 2 сәуірде жүгінген, яғни заңмен көзделген процессуалдық мерзімді өткізіп алған.

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігіне сәйкес егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Талап қоюшы мерзімді өткізіп алуының негізі ретінде азаматтық тәртіппен заңдық маңызы бар фактіні анықтау туралы арызбен сотқа жүгінгенін көрсеткен.

Осы уәждері талап қою мерзімін қалпына келтіруге негіз бола алмайды, өйткені сол кездің өзінде талап қоюшының сотқа шағымдану мерзімі өтіп кеткені туралы соттардың тұжырымдары дұрыс. Басқа дәлелді себеп келтірілмеген.

Егер Кодекстің 136-бабының сегізінші бөлігіне сәйкес сотқа талап қоюды беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алса не сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса, сот талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады (ӘРПК-нің 136-бабы екінші бөлігінің 15) тармағы).

Осылайша, Н.Ө. Бапаева талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алған, ол мерзімді қалпына келтіруге дәлелді себеп жоқ, сондықтан соттардың әкімшілік талап қоюды қайтару туралы қорытындысы дұрыс

Мұндай жағдайда кассациялық сатыдағы сот жергілікті соттардың шешімі заңды әрі негізді деген тұжырымға келді. ӘРПК-ның 169-бабы, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы іс бойынша Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 сәуірдегі ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 28 мамырдағы ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі А.А. Юсуповтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Тулеев

Н. Кабдрахманова

Судьялар

Е. Нуралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.