ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 қазан 6001-24-00-6ап/1009 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ш.Т.Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Ақтас Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер Жамбыл облысы Қордай ауданының әкіміне (бұдан әрі – Әкім), «Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Жер қатынастар бөлімі) 2019 жылғы 27 наурыздағы қаулыны, 2016 жылғы 29 маусымдағы қаулының 3 гектар бөлігінде күштерін жою, 2019 жылғы 5 маусымдағы жалға беру шартының күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қарашадағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 ақпандағы қаулысына мүдделі тұлғалар К.М.Тлеубердиевтің, Б.А.Бейсенбиннің кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қарашадағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған. Әкімінің:
2019 жылғы 27 наурыздағы №125 қаулысы заңсыз деп танылып, күші жойылған;
2016 жылғы 29 маусымдағы №243 қаулысы К.М.Тлеубердиевке мал шаруашылығы кешенінің құрылысын жүргізіп, қызмет көрсетуге уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) құқығымен 39 жылдық мерзімге көлемі 3,0 гектар (кадастрлық №06-090-051-196) берілген бөлігінде заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жер қатынастар бөлімі мен Б.А.Бейсенбиннің арасында шопан үйі мен мал қорасына қызмет көрсету үшін 1,21 гектар жайылым жер учаскесін уақытша өтеулі пайдалану құқығы 45 жылдық мерзімге жалға беру туралы 2019 жылғы 8 маусымдағы жасалған №100 шарты жарамсыз деп танылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлғалар К.М.Тлеубердиев пен Б.А.Бейсенбин кассациялық шағымдарында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Серіктестік пен мүдделі тұлға Б.А.Бесенбиннің өкілдері істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған. Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.
Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері сот алқасы отысырына қатысуға дәлелді себепсіз келген жоқ.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Б.А.Бейсенбинге өз шаруа қожалығының жерінен шопан үйі мен мал қорасына қызмет көрсету үшін жалпы көлемі 1,21 га. жайылым жер учаскесіне уақытша өтеулі пайдалану (жалдау) құқығы 45 жыл мерзімге берілген. Қордай аудандық жер қатынастары бөлімі мен Б.А. Бейсенбиннің арасында 2019 жылы 5 маусымда жер учаскесін жалға беру туралы №100 шарт жасалған.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (бұдан әрі – экономикалық сот) 2020 жылғы 3 маусымдағы шешімімен «Ақтас Қордай» ЖШС-нің 2013 жылғы 12 қарашадағы Серіктестіктің жерінен 297 га. жайылым жерді «Таует» шаруа қожалығының басшысы Б.А.Бейсенбинге шаруа қожалығын жүргізу үшін беру туралы хаттамасы жарамсыз деп танылған. Осы хаттаманың негізінде Қордай ауданы әкімдігімен 2014 жылғы 28 сәуірде қабылданған «Ақтас Қордай» ЖШС-нің жерінен 297 га. жайылым жерді Б.А.Бейсенбинге 49 жылға жалға беру туралы № 121 қаулысы да жарамсыз деп танылған.
Соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде Қордай ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 27 қазандағы № 483 қаулысымен «Ақтас Қордай» ЖШС-нің жерінен 297 га. жайылым жерді Б.А. Бейсенбинге бөліп беру туралы №121 қаулының күші жойылып, осы 297 га. жайылым жер «Ақтас Қордай» ЖШС-не қайта алынған.
Қордай ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 29 маусымдағы №243 қаулысымен К.М.Тлеубердиевке мал шаруашылығы кешенінің құрылысын жүргізіп, қызмет көрсетуге уақытша өтеулі (жалдау) құқығымен 39 жыл мерзімге пайдалану құқығындағы өз шаруа қожалығының жерінен 10 га. жайылым жер учаскесі бөлініп берілген.
Экономикалық соттың 2020 жылғы 19 қазандағы шешімімен аудан әкімдігінің 2009 жылғы 30 маусымдағы №274 қаулысының, 2009 жылғы 30 қарашадағы №464 қаулысының негізінде ауандық жер қатынастары бөлімі мен К.М.Тлеубердиевтің арасында 2012 жылы 18 қазанда жер учаскесін жалға беру туралы №707 шарттың 350 га. жер учаскесін жалға беру бөлігі жарамсыз деп танылған.
Заңды күшіне енген сот актісінің негізінде Қордай ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №192, 2021 жылғы 9 ақпандағы №48 қаулыларымен «Ақтас Қордай» ЖШС-нің жерінен 100 га. және 250 га. жайылым жерлерді К.М. Тлеубердиевке бөліп беру туралы қаулылардың күші жойылып, барлығы 350 га. жайылым жер «Ақтас Қордай» ЖШС-не қайта алынған.
Әкімдіктің 2016 жылғы 29 маусымдағы №243 қаулысымен К.М.Тлеубердиевке берілген 10 га. жер учаскесінің 3 гектары осы соттың шешімімен жалға алу жарамсыз деп танылған 350 га. жердің ішінен беріліп, № 06-090-051-196 жер кадастрлық ісі жүргізілген. Нәтижесінде Б.А.Бейсенбинге 1,21 га. жер Серіктестікке қайтарылған 297 га. жайылым жердің ішінен, ал К.М.Тлеубердиевке берілген 10 га. жердің 3 гектары 350 га. жердің ішінен берілгені «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік копорациясы» КЕ АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының 2023 жылы 1 тамызда талап қоюшыға берген хатымен расталған.
Азаматтық істерді қарау барысында Серіктестіктің жайылым жер учаскелері бұрыңғы басшымен Серіктестікке қатысушы емес басқа тұлғаларға заңсыз берілгені толық анықталғандығына байланысты, сот әкімдіктің қаулыларын, жасалған шарттарды жарамсыз деп таныған.
АПК-нің 76-бабының 2 бөлігін, яғни соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мәнжайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.
Сондықтан соттардың қаралып отырған әкімшілік талап қоюды қағаттандыруы заңды болып табылады.
Соттардың келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі. Кассациялық шағымдар иелерінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымдарда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 17 қарашадағы шешімі, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 9 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлғалар К.М.Тлеубердиевтің, Б.А.Бейсенбиннің кассациялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
С. Баймаханов
Судьялар
Ш. Даниярова
Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс
Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.