ВС РК - Постановление от 03.09.2020 по делу 6001-20-00-6кп/40 (Об административном правонарушении)

6кп-40-20 көшірме Қ А У Л Ы

2020 жылғы 3 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева, судьялар А. Рахметулин, Ж. Ермағамбетова,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің прокуроры Т[...],

құқық бұзушы А[...] және оның адвокаты Е[...], аудармашы М[...] қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында мобилді бейнеконференц байланыс арқылы Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 11 ақпандағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуымен келіп түскен А[...] (A[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 11 ақпандағы қаулысымен А[...] (A[...]) ӘҚБтК 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.

А[...] Өзбекстан Республикасының азаматы болып, Қазақстан Республикасына жеке мақсатпен келіп, жүзеге асыратын қызметі визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығы көрсетілген.

Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың қорытындысын, А[...] адвокат Е[...] түсініктемелерін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.

Әкімшілік іс бойынша Өзбекстан Республикасының азаматы А[...] 2018 жылы 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасына келіп, визада көрсетілген мақсаттарға сәйкес келмейтін еңбек қызметін жүзеге асырған.

Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.

Бірінші сатыдағы сот А[...] кінәсі сот мәжілісінде мойындалған және зерттелген істегі дәлелдемелермен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындаған.

Сот жаза тағайындағанда заң талаптарын бұзып, қаулыны заң бойынша шығармаған.

Себебі ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.

Іс материалдары бойынша А[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танымаған.

Сонымен қатар, А[...] Қазақстан Республикасының азаматшасы Е[...] бірге тұрады, олардың кәмелетке толмаған екі балалары бар. Тіркелген құжаттарына сәйкес, олар Қазақстан Республикасында туылған.

Сондай-ақ, А[...] балалардың әкесі екендігі және бірге тұру фактісін растау жөніндегі Е[...] әкесі С[...] нотариаттық арызы тіркелген.

Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.

Сонымен бірге, сотпен тағайындаған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіпбағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.

ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген. А[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.

Сондықтан алқа А[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.

Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.

Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша А[...] (A[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2020 жылғы 11 ақпандағы қаулысы өзгертілсін.

А[...] (A[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 44 188 (қырық төрт мың бір жүз сексен сегіз) теңге әкімшілік айыппұл салынсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева А. Рахметулин

Судьялар

Ж. Ермағамбетова

Көшірмесі дұрыс, Төрағалық етуші

А. Қыдырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.