ҚАУЛЫ
2025 жылғы 30 қазан №6003-25-00-4к/1830 Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:
төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,
судьялар – Л.Е. Каирбаева, Н.Е.Нуралыева болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Расул Калмурзаевич Жуманиязовтың жауапкер «Астана қаласының Жұмыспен қамту және - әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі Басқарма) босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімінің күшін жою туралы талабы бойынша қабылданған
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Р.Жуманиязов Басқарманың өзіне босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы 2024 жылғы 7 қазандағы шешімінің күшін жою туралы талаппен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттар істің мәнжайларына дұрыс баға бермегенін, істі біржақты қарағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және істі қайта қарауға жолдауды сұраған.
Әкімшілік іске тараптардың келмеуі оған тиісінше хабарланған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Кассациялық сот талап қоюшының кассациялық шағымындағы дәлелдерін талқылап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі- ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. Соттар анықтағандай, Р.Жуманиязов 1992 жылдың 8 қазанында дүниеге келген, Өзбекстан Республикасының азаматы болып табылады.
Нукус (Қарақалпақстан) Ақтау Астана бағыты арқылы 2022 жылғы 4 наурызда Қазақстан Республикасына келген.
2024 жылғы 16 сәуірде босқын мәртебесін беруді сұрап, Басқармаға өтінішхатпен жүгінген.
2024 жылғы 16 сәуірімен мен 15 шілде аралағында талап қоюшыға
№AST224 Қазақстан Республикасында пана іздеген адам куәлігі берілген.
2024 жылғы 12 шілдедегі Басқарманың №02-06/188 бұйрығымен куәлік мерзімі 3 айға, яғни 10 қазанға дейін созылған.
2024 жылғы 27 қыркүйегінде талап қоюшыға 10 қазанында сағат 15:00де комиссияның отырысы өтетіні туралы хабарлама жіберілген.
2024 жылғы 10 қазандағы комиссия отырысының №12 хаттамалық шешімімен нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізделмеуіне байланысты талап қоюшыға босқын мәртебесін беруден бас тартылған.
Кассациялық сот жергілікті соттардың бұл тұжырымдары іс материалдарына мен құқық нормаларына негізделіп, заңды қабылданған деп санайды. Тараптардың арасындағы қарым-қатынастар босқын мәртебесін беру мәселесі бойынша туындаған. Мұндай қарым-қатынастар 1951 жылғы 28 шілдедегі Босқындардың жағдайы туралы Конвенциямен, 1967 жылғы 31 қаңтардағы Босқындар мәртебесіне қатысты Хаттамамен, «Қазақстан Республикасының Босқындардың мәртебесі туралы конвенцияға және Босқындардың мәртебесіне қатысты хаттамаға қосылуы туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 15 желтоқсандағы Заңымен, «Босқындар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі-Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 183 Қаулысымен бекітілген Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату қағидаларымен, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № 118 бұйрығымен бекітілген Босқын мәртебесiн беру туралы өтiнiшхатты тiркеу мен қарау қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) реттеледі.
Заңның 1-бабының 1) тармақшасында көрсетілгендей, босқын ретінле нәсілдік, ұлттық, діни сенімі, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалаудың құрбаны болу қаупінің негізділігіне орай өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген және өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын немесе осындай қауіп салдарынан мұндай қорғауды пайдаланғысы келмейтін шетелдік немесе осындай қауіп салдарынан еліне қайтып орала алмайтын немесе қайтып оралғысы келмейтін, өзі тұрақты тұратын немесе өзі азаматы болып табылатын елден тыс жерде жүрген азаматтығы жоқ адам ұғынылады. Осы Заңның 12-бабында пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тартудың негіздері көрсетілген. Іс материалдарына қарағанда, Басқарма жоғарыда аталған 12 - баптың 1) тармақшасының негізінде талап қоюшының өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдырған. Бұл тармақшада адамның нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болуы мүмкін деген негізделген қауіп болмаса, пана іздеген адамға босқын мәртебесін беруден бас тарту үшін негіз болып табылатыны көрсетілген.
Қағидада қамтылған өтінішхатты қарау тәртібіне сәйкес өтінішхатты тіркегеннен кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша пана іздеген адамды есепке алу карточкасы ресімделе отырып, пана іздеген адаммен сауалнама жүргізілетіні көрсетілген. Қағидада пана іздеген адамға қойылатын сұрақтарға шынайы ақпарат беру қажеттілігі туралы, ол жалған мәліметтерді хабарлаған не қолдан жасалған құжаттарды ұсынған жағдайда туындауы мүмкін салдар туралы ескертілетіні көрсетілген.
Талап қоюшының сауалнама парағындағы мәліметтерге қарағанда, ол өз елінде құдалау мен зорлық-зомбылыққа ұшырамаған, 2022 жылы Қазақстан Республикасына жұмыс істеуге келген. Сонымен қатар, талап қоюшының отандағы саяси нанымы бойынша қудалау құрбаны болғаны туралы сенімді дәлелдемелер, сондай-ақ талап қоюшының саясатқа қызығушылық танытатыны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған. Бұдан бөлек, Заңының 8-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, пана іздеген адамдар босқын мәртебесін беру туралы шешім қабылдау үшін қажетті дәйекті мәліметтерді хабарлауға міндетті.
Бірақ, талап қоюшы өзінің нәсілдік, ұлттық, діни сенім, азаматтық белгісі, Өзбекстанда белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша құдалауға ұшырағанын бектітетін нақты мәліметтер бермеген.
Сондықтан Басқарманың бас тартуын заңсыз деп тануға негіз болмаған.
ӘРПК-нің 85-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасының негізінде және талаптарына сәйкес қабылданған әкімшілік акт заңды болып есептеледі.
ӘРПК-нің 154-бабының 4-бөлігі бойынша сот, егер талап қоюды қарау кезінде даулы әрекет (әрекетсіздік) жасалғанын, шешім құзыретіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданғанын анықтаса, оны қанағаттандырудан бас тартады. ӘРПК-нің 8 - бабына сәйкес әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мәнжайларын жан-жақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.
Жоғарыда келтірілгендердің негізінде кассациялық сот дауланып отырған әкімшілік актінің заңды екені жайлы қорытындыға келген жергілікті соттардың тұжырымымен келіседі.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен бірыңғай. Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 наурыздағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Расул Калмурзаевич Жуманиязовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші М. Туғанбаев
Судьялар Л. Каирбаева
Н.Нуралыева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.