6001-23-00-6ап/3194
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 27 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Ғ.Ө. Әлжанов,
судьялар Г.Б.Дуйсенбаев, Ж.Б. Ермағамбетова болып, талап қоюшының өкілдері А.Н.Исаев, К.А.Кусманованың, жауапкердін өкілі Т.Х. Шиныбаевтың қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Министрлік) жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Агенттік) 2023 жылғы 19 сәуірдегі №0110/1168-И нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюы бойынша қабылданған,
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Министрілік Агенттікке 2023 жылғы 19 сәуірдегі №01-10/1168-И «мемлекеттік органға өздері қабылдаған актілердің күшін жою немесе оларды өзгерту, бұзушылықтарды жою туралы» нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік талап қоюымен жүгінген.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімімен Министрліктің талап қоюы қанағаттандырылған.
Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар істің мән-жайларына дұрыс баға бермегенін, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды және талап арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Тараптардың уәждерін тыңдап, шағым уәждерін және іс құжаттарын зерделеп, сот алқасы төмендегі тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабына сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша жергілікті соттармен материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуға жол берілмеген.
Істің мән-жайы шағым жасалған сот актілерінде толық көрсетілген.
Белгіленгендей, шағымның нысанасы Агенттіктің нұсқамасы болып табылады.
Аталған нұсқамамен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 598 бұйрығымен бекітілген (бұдан әрі - Қағидалар) мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етуге байланысты тауарларды сатып алу конкурс өткізілетін аумақта тіркелген әлеуетті өнім берушілерге ұпай беру қағидасын алып тастау арқылы талап қоюшыға 7-қосымшасына өзгерістер енгізу туралы шешім шығарылды.
Негіздер: Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі - КҚ) 194-бабының 1-тармағын бұзу - білім беру ұйымының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін тамақтандыру қызметін көрсететін әлеуетті өнім берушілер арасында бәсекелестікті шектейтін актіні қабылдау.
Қазақстан Республикасының КҚ - нің 194-бабының 1-тармағының талаптарына сәйкес Конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар, мемлекет нарық субъектілерінің қызметін реттеу функцияларын берген ұйымдар мемлекеттік функцияларды іске асырған немесе мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде олардың әрекеттерінен (әрекетсіздігінен), актілер не шешімдер қабылдаудан көрінетін, бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға алып келген немесе алып келуі мүмкiн бәсекелестiкке қарсы әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тыйым салынады және олар толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
Жергілікті соттар ӘРПК-нің 8-бабының, «Білім туралы» Заңның 48бабының 5-тармағының ережелерін қолдану арқылы дауды шеше және нұсқаманы заңсыз деп тани отырып, Қағидалардың 7-қосымшасының даулы шарты нақты әлеуетті өнім берушілерге артықшылық бермейді, бәсекелестікті шектемейді, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбайды және балалар үшін азық-түлік қауіпсіздігін, тұрақты бағаларды қамтамасыз етуге және өңірлердегі азық-түлікті жеткізу тізбегін бақылауға бағытталғандықтан, әділдік пен пропорционалдылық қағидаттарына толығымен сәйкес келеді деген дұрыс қорытындыға келді. Осыған ұқсас жағдай Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 28 ақпандағы № 155 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алу кезінде әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілерге қосымша талаптар белгіленуі мүмкін жекелеген тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесінің 1.2-тармағында да бар екені анықталды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім министрінің 2024 жылғы 19 ақпандағы № 39 бұйрығымен Қағидалардың 7-қосымшасына өзгертулер енгізілген. Атап айтқанда, үндеу авторы Г.У. Исингужиннің талап етуімен, конкурс өткiзiлетiн аумақта қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыруда тәжiрибесi бар әлеуеттi өнiм берушiлерге ұпай беру туралы ережені енгізу арқылы талап қоюшы даулап отырған ережесі алып тасталды.
Тиісінше, істі кассациялық сатыда қарау барысында даудың мәні болмаған.
Жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтағандықтан, материалдық және іс жүргізу құқығының нормалары дұрыс қолданылғандықтан, сот актілерінің күшін жою үшін негіздер таппайды, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
ӘРПК-нің 169-бабының 1-бөлігіне және АПК-нің 451-бабының 2- бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 26 маусымдағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 қазандағы қаулысы күшінде, жауапкер «Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі» мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
Ғ. Әлжанов Г. Дуйсенбаев Ж. Ермағамбетова Көшірмесі дұрыс Судья
Ж. Ермағамбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.