№6001-24-00-6ап/1244
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып,
мүдделі тұлғаның өкілі Х.Р.Тойчибаевтың қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Камалудин Сарвар Назаридің жауапкер Түркістан облысы, «Сайрам аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) жауапкердің мәлімдемесін заңсыз және жер учаскесін бөлінеді деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
К.С.Назари жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымда іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен мүдделі тұлға өкілінің пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады. АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, 2022 жылғы 13 маусымында Сайрам ауданы, Қайнарбұлақ ауыл округі, 219 кварталда орналасқан кадастрлық №19-295219-3319, көлемі 16,7932 га және кадастрлық №19-295-219-3318 көлемі 10 га жер учаскелеріне талап қоюшы К.С.Назаридің құқықтары туындаған.
Талап қоюшының арызымен жер учаскелері біріктіріліп, 2023 жылғы 22 мамырында жалпы көлемі 26,7932 га жер учаскесіне кадастрлық №19-295219-3521 сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Әрі қарай, талап қоюшы жер телімін көлемі 2,0 га (жайылымдық) және 24,7932 гектарға бөлу туралы арызбен Сайрам ауданының әкіміне жүгініп, өз кезегінде Бөлім 2023 жылғы 21 маусымдағы жауап хатымен сұралған жер учаскесін бөлуге мүмкіндік жоқтығын хабарлаған.
Бұл жауаппен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 50-бабы 5-тармағына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартып, Түркістан облысындағы жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленген Түркістан облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №52/539-VI бірлескен шешімі және Түркістан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №232 қаулысына сәйкес, Сайрам ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең төменгі мөлшері жайылымдық жер үшін 3,0 га, егістік үшін 2,0 га, суармалы егістік үшін 1,0 га болып анықталғанын көрскен.
Аталған жағдайда, соттардың талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру жөніндегі тұжырымы заңды және негізді болып саналады. Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 7 қыркүйектегі шешімі мен Түркістан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Камалудин Сарвар Назаридің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Көшірмесі дұрыс. Судья Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.