КСАД РК - Постановление от 24.12.2025 по делу 6003-25-00-4к/2608(2) (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 24 желтоқсан №6003-25-00-4к/2608(2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев, судьялар – Ә.Ж. Назарова, М.А. Қасымов,

талап қоюшы А.М. Биболовтың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Айдос Маликович Биболовтың жауапкерлер Жамбыл облысы Тараз қаласының әкіміне (бұдан әрі – Қала әкімі), «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Бөлім) қатысты 2024 жылғы 22 сәуірдегі №KZR1777U00004698 және №KZR1777U00004711 шешімдерін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (бұдан әрі – МАӘС) 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – ӘІжСА) 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысына мүдделі тұлға К.Е. Каракесековтың берген кассациялық шағым бойынша әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгініп, өзінің уәждерін жер учаскелеріне құқық беру туралы қабылданған шешімдердің заңсыздығымен негіздеген.

МАӘС-тің 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, дауланып отырған Қала әкімінің шешімдері заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

ӘІжСА-ның 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысымен МАӘС-тің шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Мүдделі тұлға К.Е. Қаракесеков өзінің кассациялық шағымында сот актілерінің күшін жоюды және талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Мүдделі тұлғалар А. Алтаевтың және «Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Шу-Талас бассейндік су инспекциясы» РММ-ның өкілдерінен сот отырысына бейнеконференцбайланыс режимінде қосылу туралы өтінішхаттар түсіп, ол болмаған жағдайда істі олардың қатысуынсыз қарауды сұраған. Алайда аталған өтінішхаттар қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында тараптардың міндетті түрде жеке қатысуымен қарауға тағайындалған, бұл жөнінде іс жүргізуге қатысушылардың барлығы алдын ала хабардар етілген. Көрсетілген мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Салдарынан іс олардың қатысуынсыз қаралуға жатады. Жауапкерлердің өкілдерінен, мүдделі тұлғалар К.Е. Каракесеков пен «Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» КММ-ден істі олардың қатысуынсыз қарау туралы өтінішхаттар келіп түсті.

Әкімшілік іске қатысушы өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты мен форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сот отырысына келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімдемеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Кассациялық шағымның уәждерін талқылап, іс материалдарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, кассациялық сот келесі қорытындыға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер ӘРПК-де өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сай заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы АПК-нің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтарға соттар жол бермеген.

Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабымен реттеледі.

Кодекстің 44-2-бабының 1, 2 тармақтарына сәйкес, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық және аудандық маңызы бар қаланың жерінен жер учаскесін беруді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы және аудандық маңызы бар қаланың әкімі өздерінің осы Кодексте белгіленген құзыреті шегінде жүзеге асырады.

Осы баптың ережелері осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағында көзделген айрықша жағдайларға қолданылады.

Кодекстің 48-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, жер учаскесі немесе жер учаскесін жалдау құқығы жеке және заңды тұлғаларға оларға меншік құқығымен және (немесе) өзге де заттай құқықпен тиесілі үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) пайдалану және ұстау үшін, оның ішінде іргелес аумақтағы үйлерді (құрылыстарды, ғимараттарды) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес кеңейту және реконструкциялау үшін мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын беру сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады. Төмен тұрған сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, Қала әкімі жер учаскелерін А. Алтаевқа және К.Е. Каракесековке жер заңнамасының нормаларын бұза отырып бергенін, себебі аталған жер учаскелеріне құқық бұрын А.М. Биболовқа тиесілі болғанын, соның салдарынан соңғысының құқықтары елеулі түрде бұзылғанын көрсеткен.

Кассациялық сот ұсынылған дәлелдемелерді бағалап, іс бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын анықтап, олардың негізіне алынған мән-жайлардың талап қоюды қанағаттандыру туралы төмен тұрған соттардың қорытындыларымен келіседі.

Іс бойынша анықталған мән-жайлардан А.М. Биболов 2021 жылғы 12 қазандағы сатып алу-сату шарты негізінде Тараз қаласы, Жамбыл даңғылы 11Г мекенжайында орналасқан су бұру сорғы станциясының меншік иесі және уақытша жер пайдалану құқығымен алаңы 0,2826 га (кадастрлық нөмірі №06097-018-670) жер учаскесіне ие болып табылады. Аталған құқық заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуден өткен.

Алайда, кейіннен Қала әкімі Кодекстің жоғарыда келтірілген нормаларын бұза отырып, 2024 жылғы 22 сәуірдегі №KZR1777U00004698 және №KZR1777U00004711 даулы шешімдерінің негізінде осы жер учаскесін басқа жеке тұлғалар А.Алтаев және К.Е. Каракесековке берген. Бұл ретте А.М. Биболовтың бастапқы жер пайдалану құқығы тоқтатылмаған, ол аталған құқықтан айырылмаған. Қала әкімі берілетін жер учаскелерінің нақты шекараларын және бұрынғы құқық иелерінің бар-жоғын тиісті түрде тексермей, оларды басқа тұлғаларға берген.

Жер учаскелерінің қабаттасуы объективті түрде расталған, бұл жөнінде тиісті мамандық қорытындысы бар, атап айтқанда Жамбыл облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ-ның филиалының Тараз қаласы бойынша тіркеу және жер кадастры жөніндегі №2 бөлімнің бас маманы – жерге орналастырушы Н. Рысбай берген қорытынды ұсынылған.

Сот отырысында жауапкердің өкілі аталған мән-жайларды мойындап, А.М. Биболовтың уәждері негізді екенін көрсеткен.

Осы мән-жайларды ескере отырып, қаралып отырған жағдайда жер учаскелерін басқа тұлғаларға беру заңсыз деп тану туралы талап қоюшының талаптары негізді болып табылады.

АПК-нің 426 және 452-баптарына сәйкес, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін АПК-да көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Іс бойынша мән-жайлар дұрыс анықталып, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына немесе дұрыс қолданылмауына жол берілмегендіктен, кассациялық сот сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды. Осы мән-жайлар бойынша мүдделі тұлға К.Е. Каракесековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 28 қаңтардағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 27 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға К.Е. Каракесековтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Д. Әбдіғалиев

Төрағалық етуші

Судьялар

Ә. Назарова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.