6001-22-00-3гп/456
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 7 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқа төрағасы Н.К.Шәріпов, судьялар Б.Ж.Тоқтарова, Т.Ә.Ибрашев,
талап қоюшы Е[...], оның өкілі А[...], Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – АҚ, Банк) өкілі К[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкер Банкке кредит желісін беру туралы шартты жарамсыз деп тану және шарт бойынша ұсталған 239 687 теңгені өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімін, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Банктің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Е[...] жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, уәждерін келесі мән-жайлармен негіздеген.
2021 жылғы 8 сәуірде Е[...] бейтаныс тұлға телефон арқылы хабарласып, өзін Банк қызметкері ретінде таныстырып, төмен пайызға несие рәсімдеп бере алатынын айтып, оның жеке басын растайтын құжаттардың деректерін интернет желісі арқылы алған.
Кейіннен Банк пен Е[...] араларында, соңғының еркінен тыс, қарыз беру шарты жасалған.
Оның негізінде талап қоюшыға онлайн-несие желісінде 1 200 000 теңге, 60 ай мерзімге 19 % сыйақымен заем беріліп, ол сомма С[...]. атты тұлғаның «Kaspi Bank» АҚ-дағы қарточкасына аударылған. Бұл жөнінде талап қоюшының арызымен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүргізілген.
Өз кезегінде, осы шарт бойынша талап қоюшының жалақысынан Банктің пайдасына 239 687 теңге заңсыз ұсталғанын көрсетіп, жоғарыда көрсетілген қарыз беру шартын жарамсыз деп тануды және аталған соманы өндіруді сұраған.
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Банк және Е[...] арасындағы 2021 жылғы 8 сәуірдегі кредит желісін беру туралы № ЕКР003847975 шарты (бұдан әрі – даулы шарт) жарамсыз деп танылған.
Банктен Е[...] пайдасына 226 869 теңге және мемлекет пайдасына 3 727 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арызданушы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттың тұжырымдары істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын және іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымы дұрыс анықталмағанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерін талап қоюды қанағаттандыру бөлігінде күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Өз пікірінде Е[...] өтінішхат уәждерімен келіспей, дауланған сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Өтінішхатты қолдаған Банк өкілі К[...], оны қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған талап қоюшы Е[...], оның өкілі А[...] тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат пен оған берілген пікірдің уәждерін талқылап, сот алқасы өтінішхат келесі негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттармен жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, даулы шарт негізінде талап қоюшыға
1 200 000 теңге, 60 ай мерзімге, 19 % сыйақымен несие ұсынылған.
2021 жылғы 13 мамырдағы № 12-2721 Банктің хатына сәйкес 2021 жылғы 8 сәуірде «сенімді нөмір» сервисі Е[...] телефон нөміріне қосылған.
Е[...] белгісіз үшінші тұлғаның нұсқауы бойынша өз ұялы телефонына құрылғыны қашықтықтан басқаруға арналған қосымшаны орнатқан.
Өз кезегінде, үшінші тұлға Е[...] телефон құрылғысына қашықтан қол жеткізіп, «Homebank» жүйесінде соңғының атынан 1 200 000 теңгеге онлайн-несие рәсімдеп, бұл соманы Е[...] төлем карточкасынан «Kaspi Bank» АҚ-ның карта иесі «С[...].» атты тұлғаның карточкасына аударылым жасалған.
Бұл факт бойынша Е[...] арызы негізінде анықталмаған тұлғаға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы
2-бөлігінің 4) тармағымен алаяқтық фактісі бойынша № 215146031000113 қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Осы дәлелдемелер жиынтығына баға берген жергілікті соттар даулы шарттың Е[...] еркінен тыс жасалғаны және оның несиеге берілген сомманы іс жүзінде алмағаны жөнінде қорытынды жасап, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымға келген.
Сонымен бірге, Банк тарапынан несие беру шарты тікелей Е[...] қатысуымен жасалғанын, соңғыға банктік заем іс жүзінде берілгенін растайтын нақты деректер сотқа ұсынылмағанын көрсеткен.
Кассациялық сот алқасы мұндай тұжырымдармен келіспейді.
Талап қоюшының уәждеріне сәйкес тергеумен анықталмаған тұлға оны жаңылыстыра отырып, «Homebank» мобильді қосымшасы арқылы қашықтан даулы шартты рәсімдеп, оның шотына түскен ақшалай қаражатты иемденген.
Ол интернет-алаяқтардың құрбаны болған. Бүгінгі уақытта қылмыстық іс қозғалып, ол жәбірленуші деп танылған.
Анықталғандай, даулы шарт талап қоюшының ұялы телефон нөмірін көрсете отырып, Банктің мобильді қосымшасын пайдалану арқылы жасалған.
Талап қоюшы мен Банк арасындағы келісім электрондық нысанда, хабарламалармен алмасу және тараптардың электрондық цифрлық қолтаңбасын шартқа қол қоюы арқылы жүзеге асырылған. Талап қоюшының Банкпен шарт жасау, несие алу ниеті және ақша аудару әрекеттері туралы барлық хабарламалары мен растамалары оның +[...] сенімді нөмірінен алынған.
Банк несие сомасын талап қоюшыға оның банктік шотына аудару арқылы берген және бұл операциялар оның жеке кабинетінде «Homebank» қаржы порталында жасалған, оған тек талап қоюшы ғана қол жеткізе алады.
Бірінші және екінші сатыдағы сот отырыстарында талап қоюшы жоғарыда аталған ұялы телефон нөмірінің оған тиесілі сенімді нөмірі екенін растаған.
Қосылу шартының 3.2 және 5.2-тармақтарына сәйкес банктік мәліметтердің сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету клиенттің өзіне жүктеледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 159-бабының 8-тармағына сәйкес елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы).
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
Е[...] өзінің дербес деректерін үшінші тұлғаға өз еркімен берген, сондай-ақ өзінің ұялы телефонына қашықтан қол жеткізуді ұсынып, оның нұсқаулары бойынша ретімен амалдар жасаған, соның нәтижесінде ол онлайннесие рәсімдеп, банктік шотына түскен ақшаны үшінші тұлғаның шотына аударған.
Е[...] даулы шартты жасау кезіндегі барлық әрекеттері оның сенімді нөміріне жолданған SMS-хабарламалардан алынған бір реттік парольдермен қуатталған және арыз бен шартқа электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалану арқылы қол қойылған.
Тиісінше, бұл мән-жайлар талап қоюшының тарапынан өрескел бейқамдыққа жол берілгенін куәландырады.
Жоғарыда аталған құқық нормасының мағынасына сүйене отырып, біреудің қателігі салдарынан басқа тұлғалардың, бұл жағдайда Банктің мүдделері зардап шегуі мүмкін емес екенін және барлық ықтимал қолайсыз салдардың ауыртпалығы қателескен адамға, яғни талап қоюшыға түсуі керек екенін атап өткен жөн, себебі банктік ақпараттың сақталуы мен құпиялылығын қамтамасыз ету клиенттің өзіне жүктеледі.
Бұл ретте Е[...] дауланып отырған шартты өз еркімен жасамағаны, алаяқтық қылмыстың орын алуына Банк қызметкерлерінің салғырттығы себеп болғаны, яғни бейне тану жүргізбегеннің нәтижесі екені дәлелденгені жөніндегі уәждері жарамсыз болып табылады.
Даулы шартты жасау кезінде бетті бейне тану рәсімінен өтуге қажеттілік болмаған, себебі талап қоюшы мұндай амалдан соңғы рет 2021 жылғы 21 наурызда сәтті өткен, сондықтан «Homebank» қаржы порталының қызмет көрсету ережесінің тәртібіне сәйкес одан қосымша өту талап етілмеген.
Осы істі қарау кезінде даулы мәмілені жасауға түрткі болған үшінші тұлға анықталмаған, Е[...] қатысты алаяқтық жасағаны үшін өзге біреудің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбеген.
АПК-нің 76-бабы 3-бөлігінің мағынасы бойынша азаматтық сот үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарының заңдық күші болмады.
Клиентке қатысты алаяқтық фактісін анықтау қылмыстық істің аясында тексерілуге жатады және тек заңды күшіне енген сот үкімімен анықталуы мүмкін.
Даулы мәміле жасалған кезде Банк «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптары бойынша қатаң сәйкестікте әрекет еткен, сондықтан талап қоюшыға қатысты орын алған келеңсіздікті Банктің кінәсіне жатқызуға болмайды.
Осылайша, талап қоюшының несиені үшінші тұлғаның рәсімдегені және клиенттің келісімінсіз жасағаны жөнінде уәждері өз дәлелін тапқан жоқ.
Жауапкердің әрекеттерінде талап қоюшының құқықтары мен заңды мүдделерін бұзудың қандай да бір белгілері байқалмайды, өйткені даулы мәміле Банктің қолданыстағы ережелеріне және азаматтық заңнаманың талаптарына сәйкес мақұлданған.
Мұндай жағдайда, кассациялық сот алқасы, жергілікті соттардың даулы шартты жарамсыз деп тануға, ол бойынша ұсталған ақша сомасын өндіруге құқықтық негізі болмаған деп санайды.
Бұл ретте қылмыстық сот ісін жүргізу шеңберінде даулы әрекеттерді жасаған адамдар анықталған және кінәсі дәлелденген жағдайда, талап қоюшының сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқығы бар екенін атап өткен жөн.
Іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындалмауы және анықталмауы АПК-нің 427-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес сот актілерінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Жоғарыдағылардың негізінде кассациялық сот алқасы дау айтылған сот актілерін өзгертіп, оларды талап қоюды ішінара қанағаттандыру бөлігінде күшін жойып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдау қажет деп санайды.
Мемлекеттік бажды төлеу бойынша сот шығыстары АПК-нің 109-бабының 1-бөлігіне сәйкес талап қоюшыдан Банктің пайдасына өндірілуге жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 24 ақпандағы шешімі, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Аталған сот актілерінің талап қоюды ішінара қанағаттандыру бөлігінде күші жойылып, осы бөлігінде талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.
Қалған бөлігінде дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылсын.
Е[...] «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның пайдасына мемлекеттік бажды төлеуге кеткен сот шығыстары 1 950 (бір мың тоғыз жүз елу) теңге өндірілсін.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның өтінішхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Шәріпов Судьялар Б. Тоқтарова Т. Ибрашев Көшірмесі дұрыс Судья Т. Ибрашев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.