ҚАУЛЫ №6003-26-00-4к/256
29 мамыр 2026 жыл Астана қаласы
Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамындағылар: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев, судьялар Л.С.Кудекова, Ш.С.Манжуева,
ашық сот отырысында Дархан Мақсатұлының (бұдан әрі-талап қоюшы, борышкер) Жетісу облысы атқарушылық округінің бұрынғы жеке сот орындаушысы Жандос Асхатұлы Мырзахметовке (бұдан әрі-жауапкер-1, ЖСО), Жетісу облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Руслан Кадыржанович Исаевке (бұдан әрі-жауапкер-2, ЖСО), «Қазақстан халық Банкі» акционерлік қоғамын (бұдан әрі-мүдделі тұлға-1, өндіруші) және Жетісу облысы бойынша жеке сот орындаушылар палатасын (бұдан әрімүдделі тұлға-2) тарта отырып, сот орындаушының жалақы түсетін есеп шотына 19 маусым 2025 жылғы №6611-3989 инкассалық өкімін беріп, жалақыдан толық көлемде ақша сомасын ұстау әрекетін заңсыз деп тану, құқықбұзушылықты жою туралы талап қоюы негізінде қозғалған әкімшілік ісін,
ол бойынша Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен жеке ұйғарымына, Жетісу облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымына жауапкер-2, ЖСО берген кассациялық шағымдары бойынша қарап, төмендегені
АНЫҚТАДЫ :
Талап қоюшы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкер-1, ЖСО-ға қарсы жоғарыдағы талаптармен жүгініп, осы сот орындаушы әрекетінің заңдылығын даулаған. Өзі мүдделі тұлға-1, өндіруші алдында борышкер болып табылады, «Ветеринариялық пункттері бар Ақсу ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында жұмыс жасап жүрген кезінде, оның еңбек есепшотына 2025 жылдың 26 маусымында жалақысы түскен, алайда, жауапкер-1, ЖСО қолданыстағы заң талаптарына қайшы әрекет етіп, сол жалақысының толық мөлшерін өзінде ұстап қалған.
Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімімен, әрі оны өзгеріссіз қалдырған екінші сатыдағы соттың сол жылғы 18 қарашадағы қаулысымен, аталған талап қою қанағаттандырылып, талап қоюшының жалақы түсетін есеп шотына жауапкер-1, ЖСО-ның 19 маусым 2025 жылғы №66113989 инкассалық өкім беріп, жалақыдан толық көлемде ақша сомасын ұстау әрекеті заңсыз деп танылған.
Осыған орай, талап қоюшы, борышкердің ақшалай жалақысын толық көлемде ұстау жөніндегі сот орындаушы Ж.А.Мырзахметовтің заңсыз әрекеті салдарынан орын алған құқықбұзушылықты жою соңғыға және қазіргі кездегі жеке сот орындаушы Р.К.Исаевке міндеттелген.
Сот шешімінің бұл бөлігін орындауға, ол заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзім белгіленген, әрі соттың шешімін орындамағаны үшін
жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолданылатындығы түсіндірілген.
Сонымен қатар, жауапкер-1, ЖСО Ж.А.Мырзахметовтен мемлекет кірісіне 2 359,20 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
Сот шешімінен тыс, аталған әкімшілік іс бойынша сол күні жеке ұйғарым шығарылып, онда борышкердің есеп шотынан өндірілген 227 381 теңгені иемдену фактісі бойынша Жетісу облысы атқарушылық округінің бұрынғы жеке сот орындаушысы Ж.А.Мырзахметовтің әрекеттерінде қылмыс белгілерінің бар/жоқтығына баға беру үшін Жетісу облысы прокурорының назарына, ал жеке сот орындаушыларына тиісті дәрежеде бақылау жасамау фактісі бойынша жеке сот орындаушыларының Жетісу облысы өңірлік, республикалық палатасының назарына жеткізілген, әрі анықталған фактілер бойынша қабылдаған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде сотқа хабарлау міндеттелген.
Бұл соттың жеке ұйғарым апелляциялық тәртіппен 2025 жылдың 18 қарашасында өзгеріссіз қалдырылған.
Жергілікті соттардың шығарған сот актілерімен келіспеген жауапкер-2, ЖСО Р.К.Исаев кассациялық шағымдар беріп, олардың кейбіреуінің күшін жоюды сұраған.
Іске қатысушы талап қоюшы, жауапкерлер мен мүдделі тұлғалар кассациялық соттың отырысына келмеді, кейбіреулері істі өздерінсіз қарауды сұрады. Мұндай жағдайда, кассациялық сот істі олардың қатысуынсыз қарауға мүмкіндік бар деп санайды және бұл тұжырым Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115 бабы бірінші бөлігіне қайшы келмейді.
Даудың мән-жайын зерттеп, шағымдардың уәждерін бағалап, кассациялық сот төмендегі тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігі бойынша, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Мұндай мән-жайлар осы істі кассациялық тәртіппен қарау барысында анықталмады.
ӘРПК 5 бабының 2 бөлігінен туындайтыны, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды
мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.
Алайда, жауапкер-2, ЖСО-ның бұзылып, қалпына келтірілуге тиісті құқықтары немесе шектелген заңды мүдделері төменгі соттардың тарапынан анықталмады.
Іс құжаттарынан туындайтыны, 2023 жылғы 09 қарашада мүдделі тұлға1, өндіруші мен талап қоюшы, борышкер арасында банктік шарт жасалып, ол бойынша соңғы алғашқыдан 48 айға - 520 834 теңге (ай сайынғы 17 008 теңге төлеммен) қарыз алған.
Қарызды қайтару міндеті орындалмағандықтан, 2025 жылғы 02 мамырда нотариуспен атқарушылық жазба жасалып, борышкерден өндірушінің пайдасына 417 659,42 теңге қарыз бен 6 933 теңге нотариалдық шығын өндірілген.
Алайда, борышкерден қарсылық түсуіне байланысты, нотариустың сол жылғы 23 мамырдағы қаулысымен бұл атқарушылық жазбаның күші жойылған.
Мүдделі тұлға-1, ЖСО-ның 25 мамырдағы қаулысымен жоғарыда аталған атқарушылық жазба негізінде атқарушылық өндіріс қозғалып, сот орындаушымен борышкердің банктік шоттарының нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпарат, сонымен қатар, банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондайақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтер талап етіліп, оларға, әрі борышкерге тиесілі жылжымайтын мүлік - Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылы, Желтоқсан көшесі, 25 үй, 5 пәтерге және мемлекеттік нөмірі 854 АЕІ 19, VIN-коды: JMZGD12D201504555, «Mazda 626» маркалы автокөлікке тыйым салынған.
Бұдан тыс, сот орындаушының 2025 жылғы 19 маусымдағы №6611-3989 инкассалық өкімімен «Ветеринариялық пункттері бар Ақсу ауданының ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан түскен 227 381 теңге жалақы борышкердің «Қазақстан халық Банкі» АҚ-дағы №KZ536010002007784718 банктік есеп шотынан толық көлемде ұсталған.
«Қазақстан халық Банкі» АҚ-ның дерегі бойынша, 2025 жылғы 04 шілдеде аталған сома инкассалық өкімде көрсетілген сот орындаушы Ж.Мырзахметовтің KZ25722S000018374878 банктік есеп шотына аударылған.
Сөйтіп, борышкерден өндірілген сома өз уақытында өндірушіге жолданылмаған немесе атқару жазбасының күші жойылуына байланысты борышкерге қайта қайтарылмаған.
Жетісу облысы атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы Е.Қ.Абдығалиевтың 2025 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен, борышкердің арызы негізінде соңғының банктік есеп шотынан тыйым алынып, инкассалық өкім кері қайтарылған.
Ал, 03 шілдеде, атқарушылық өндіріс жауапкер-2, ЖСО-ның қармағына өтіп, нотариалдық атқару жазбасының күші жойылуына байланысты, келесі күні ол тоқтатылған.
Бұған дейін, 02 шілдеде борышкер мүдделі тұлға-2, палата атына арыз түсіріп, өзінен бұған дейін толығымен ұсталған жалақысының жартысын қайтаруды сұраған. Осыған 23 шілдеде берілген жауаптан көрінетіндігі, жауапкер-1, ЖСО-ның лицензия күші уақытша тоқтатылуына байланысты, борышкердің банктегі шоттары Әділет департаментімен бұғатталған, сондықтан инкассалық өкіммен ұсталған қаражат сомасын қайтару мүмкін емес.
Аталған жағдайға байланысты, борышкер сотқа жүгініп, талап қоюында жалақысын толық көлемде ұстау жөніндегі инкассалық өкімді жолдау және жалақыны толық ұстау туралы бұрынғы сот орындаушының әрекеттерімен келіспей, оларды заңсыз деп танып, құқықбұзушылықты жоюды сұраған.
Тараптар арасында туындаған дауды шешу барысында жергілікті соттар, зерттелген дәлелдемелерге қажетті құқықтық баға бере келе, талап қоюшының уәждерімен толықтай келіскен.
Мұндай шешімді кассациялық сот заңды деп санайды, әрі ол туралы сот актілерінде көрсетілген тұжырымдарды негізді деп бағалай келе, бұл тұжырымдардың барлығын осы сот қаулысында қайтара келтірудің қажеті жоқ деп санайды.
Ескеретін жағдай, іс бойынша жауапкер-1, ЖСО Ж.Мырзахметовтың тарапынан «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) талаптары сақталмағаны, атқарушылық өндіріс барысында борышкердің жалақысын толық мөлшерде заңсыз ұстап қалғандығы, кейіннен ол соманы өндірушіге жолдамағаны сияқты деректер анықталған.
Атап айтқанда, Заңның 93,95 баптары бойынша, борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу мерзімдік төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжатты орындау кезінде, бір жүз айлық есептік көрсеткіштен аспайтын соманы өндіріп алу кезінде, сондай-ақ борышкердің мүлкі болмаған немесе өндіріп алынатын соманы толық өтеу үшін мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда басқа да өндіріп алу бойынша қолданылады.
Борышкердiң жалақысынан және өзге де табыс түрлерiнен өндiрiп алынған кезде сот орындаушысы осы Заңның талаптарын ескере отырып қаулы
шығарады, онда берiлген сома толық өндiрiп алынғанға дейiн ай сайын қандай мөлшерде ақша ұсталуға тиiс екендiгi көрсетiледi және аумақтық бөлімнің не жеке сот орындаушысының мөрімен куәландырылған атқарушылық құжаттың көшірмесімен бірге оны орындау үшiн борышкер еңбек қатынастарында тұрған жұмыс берушiге немесе борышкер одан кіріс алатын тұлғаға жiбередi.
Бiр немесе бiрнеше, оның ішінде басқа сот орындаушыларының іс жүргізуіндегі атқарушылық құжат бойынша борышкердiң жалақысына немесе өзге де кіріс түрлерiне өндiрiп алу қолданылған кезде борышкер жалақысының немесе өзге де кірісінің кемiнде елу пайызы сақталуға тиiс. Бұл ретте, алименттерді өндіріп алу және мертіккеннен немесе денсаулығы өзгеше зақымданғаннан, сондай-ақ асыраушының қайтыс болуынан келтiрiлген зиянды өтеу жағдайларын қоспағанда, борышкерде сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Қаралып отырған жағдайда, жауапкер-1, ЖСО борышкердің жалақысынан және өзге де табыс түрлерінен өндіріп алу туралы қаулы шығармаған, жалақының кемiнде елу пайызын иесінде қалтырмаған, оның орнына сақталатын сома республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінен кем, яғни жалақы толық көлемде ұсталған. Тіптен, 2025 жылғы 26 маусымда борышкерден өндірілген сома өз уақытында атқару құжатының талаптарын орындау мақсатында өндірушіге жолданбаған.
Керісінше, борышкер нотариустың атқарушылық жазбасын орындаудан жалтармаған, сөйтіп, Заңның 16-бабы екінші тармағындағы өзіне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарған. Ол өзіне заң бойынша тиесілі жалақысының 50 пайызын пайдалануға құқылы болған. Бірақ, оның бұл құқығын жауапкер-1, ЖСО шектеген, сөйтіп, сот орындаушы өз қызметінде жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасалуына жол бермеуге міндетті деген Заңның 126 бабының 3 тармағында көзделген талапты қамтамасыз етпеген.
Сотта анықталған дерекке байланысты, Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы басқарма отырысының 2025 жылғы 01 шілдедегі шешімімен жауапкер-1, ЖСО Ж.А.Мырзахметовтың жеке сот орындаушы ретінде алған лицензиясының қолданылуы, оның бала күтімі бойынша демалыста болуы байланысты тоқтатылған.
Ал, оның борышкер Д.Мақсатұлының есеп шотынан өндірілген 227 381 теңгені иемдену әрекеттерінде қылмыс белгілерінің бар/жоқтығына баға беру үшін Жетісу облысы прокурорының назарына, сонымен қатар, сот орындаушыларға тиісті дәрежеде бақылау жасамағаны бойынша жеке сот
орындаушылардың Жетісу облысы өңірлік палатасының назарына жеке ұйғарым шығарылуы АПК-ның 270 бабының талабына толықтай сәйкес келеді. Жалпы дауды жан-жақты зерттеп, дұрыс шеше білген төменгі сатыдағы соттар заң шеңберінде әрекет жасап, заңдылық талаптарын қамтамасыз етіп, тараптардың әрбір уәждеріне тиісті құқықтық баға бере білген. Олардың талапты қанағаттандыруы істегі дәлелдермен келісіледі.
ӘРПК-нің 155-бабы үшінші бөлігінің талаптарын соттар сақтаған.
Мұндай жағдайда іс бойынша қабылданған сот актілерін бұзуға немесе өзгертуге ешбір негіз жоқ.
Кассациялық шағымдардың уәждерін тексеру барысында анықталғаны, олардың бірінде шағым беріп отырған соттың атауы бұрмаланып, «сот алқасының» атына арналған, шағымдардың мәтіні бірдей, өзара көшірілгені көрініп тұр, сонымен қатар, жергілікті соттар тарапынан кассатар (жауапкер-2, ЖСО Р.К.Исаевтың) нақты қандай құқықтары бұзылғаны, ол қандай заңмен қарастырылғаны мүлдем көрсетілмеген, екі бірдей шағымның сұрау бөлімінде тек апелляциялық сот алқасының қаулысын бұзу сұралған, ал қалған бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы, екінші соттың ұйғарымы жөнінде еш мәлімет жоқ, олар туралы шағымдардың тек кіріспе бөлігінде ғана көрсетілген.
Мұндай жағдайда, кассациялық шағымдарды негізді, әрі дәлелді деп санауға болмайды, оның үстіне, оларды қанағаттандыруға ешбір негіз де жоқ.
Осы себептерді ескеріп, кассациялық сот іс бойынша шығарылған сот актілерінің барлығын өзгеріссіз күшінде қалдырып, ал жауапкер-2, ЖСО-ның кассациялық шағымдарын қанағаттандырусыз қалдыру қажет деп табады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы іс бойынша шығарылған Жетісу облысы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 22 қыркүйектегі шешімі мен жеке ұйғарымы, Жетісу облыстық соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 қарашадағы қаулысы мен ұйғарымы – күшінде, жауапкер-2, ЖСО Р.К.Исаевтың кассациялық шағымдары - қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Е.М. Нұралиев
Судьялар
Л.С. Кудекова
Ш.С. Манжуева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.