Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 08.01.2026 по делу 6003-25-00-3к/743(2) (Об административном правонарушении)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 8 қаңтар 6003-25-00-3к/743(2) Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Қ.А.Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин, Қазақстан Республикасының Бас прокурорының аға көмекшісі А.Төремұратұлының,

әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша жүргізіліп жатқан тұлға Д.Қ.Қожатайдың қорғаушысы- адвокат С.Ж.Батырбаевтың,

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Ә.Ж. Байбутаевтың,

Жер ресустарын басқару комитетінің өкілі- А.А.Кабденованың, Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері - Ж.Ж.Бурантаевтың, Е.С.Мухамердің, М.А.Усембаевтың қатысуларымен,

кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуымен келіп түскен Доскелді Қожатайұлы Қожатайға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Е.С.Мухамердің 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Доскелді Қожатайұлы Қожатай Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (әрі қарай - ӘҚБтК) 136-бабымен кінәлі деп танылып, 393 200 теңге әкімшілік айыппұл салынған.

Жетісу облысының Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулысымен Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысына келтірген шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен Д.Қ.Қожатайдың шағымы бойынша шығарылған бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, жаңа қаулы шығарылған.

Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің Д. Қ.Қожатайға қатысты ӘҚБтК-тің 136-бабы бойынша 2025 жылғы 26 маусымдағы қаулысының күші жойылып, іс жүргізу өндірісі

Д.Қ.Қожатайдың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соты төрағасының ұсынуында құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот қаулыларын қайта қарауды сұраған.

Апелляциялық сатыдағы сот қаулысын күшінде қалдыруды сұраған қорғаушы С.Ж.Батырбаевтың пікірін, ұсынуды қолдаған Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерінің пікірлерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді. Кассациялық тәртіппен қайта қарау ӘҚБтК-нің 851 - бабы 5 - бөлігінің 3 - тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

Апелляциялық сатыдағы сот істі тоқтатқанда, Д.Қ.Қожатайдың малдарын жаюға және жер теліміне рұқсаты болған, мұндай шешім 2025 жылғы 29-сәуірде Қапал округі әкімі, қауымдастық, ардагерлер кеңесі төрағасы мен мүшелерінің қатысуымен болған жиналыста қабылданған, ол шешіммен Д.Қ.Қожатайға осы шалғайдағы маусымдық жайылым жерге жайлауға шығуына рұқсат етілген деген тұжырым жасаған.

Алайда апелляциялық сатыдағы соттың бұл тұжырымдары iстiң нақты мəн-жайлары туралы дəлелдемелеріне сəйкес келмейді.

ӘҚБтК-нің 136-бабына сәйкес мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақтылы қайтармау әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабының 1-бөлігіне сәйкес егер облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi.

Сотта анықталғандай, 2025 жылғы 8 сәуірдегі Ақсу аудандық әкімнің №158 қаулысына сәйкес Қапал ауылдық округінде орналасқан 278,0 гектар маусымдық жайылым жерде қажеттілігі туындаған жағдайда Д.Қожатайға Қапал ауылдық округінің тұрғындарымен бірге

малдарын бағуға ғана рұқсат берілген, яғни ертеңгі уақыттан кешкі уақытқа дейін.

Алайда, іс-құжатарындағы фото-суреттерге сәйкес Д.Қ.Қожатайдың мал қамайтын қоршау және вагон қойғаны және оның бұл жерге мал бағумен қатар, рұқсатсыз уақытша құрылым, яғни қоршау құрып, вагон қойған.

2025 жылғы 20 маусымдағы Жер ресурстарының бақылау комитеті Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаментінің №129 тексеру нәтижелері туралы актісіне сәйкес, жоспардан тыс тексеру нәтижесінде және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жетісу облысы бойынша филиалының Тіркеу және жер кадастры бойынша Ақсу ауданы бөлімінің жерге орналастырушы бас маман С.К.Закариннің қорытындысына сәйкес МБЖМК (ЕГКН) мәліметер базасында Ақсу ауданы, Қапал ауылдық округіне қарасты жалпы көлемі 0.224 га жер учаскесін Д.Қ.Қожатайдың өздігінен басып алу фактісі анықталған.

Д.Қ.Қожатай Департаменттің 2025 жылғы 20 маусымдағы № 129 тексеру туралы актісін, бұзушылықты жою туралы нұсқамасын дауламаған. «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1- бабының 11) тармағында, көпшілік падаланатын жайылымдар- елді мекендердің іргелес аумағында орналасқан және мемлекет меншігіндегі, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басын жаю бойынша жергілікті халық мұқтажын қанағаттандыруға арналған жайылымдар туралы көрсетілген.

Осы Заңның 13-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жайылымдар, оның ішінде көпшілік пайдаланатын жайылымдар жеке меншікке және жер пайдалануға берілмейді және жеке ауладағы ауыл шаруашылығы жануарларын жаю үшін халық мұқтажына ғана пайдаланылады.Жеке ауланың ауыл шаруашылығы жануарларын жаю бойынша жергілікті халықтың қажеттіліктеріне арналған көпшілік пайдаланатын жайылымдар жерлеріне қандай да бір тосқауылдар, маусымдық құрылыстар орнатуға және мал союға тыйым салынады.

Мұндай жағдайда, ауылдық округтің қоғамдық кеңесі жиналысының хаттамалық шешімі жер учаскесін беру үшін негіз болмайды, сондықтан жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз Д.Қ.Қожатайдың әрекетінде ӘҚБтК-нің 136-бабының, яғни мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленуі белгілері анықталып отыр.

Істің жоғарыда көрсетілген мән-жайларды назарға ала отырып, соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында біркелкіліктің бұзылуына байланысты ӘҚБтК-нің 851-бабының тәртібімен іс бойынша шығарылған апелляциялық сот қаулысының күші жойылуға, Д.Қ.Қожатайды ӘҚБтК-нің 136-бабымен жауаптылыққа тарту туралы Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Е.С.Мухамердің 2025 жылғы 26 маусымдағы, Жетісу облысының Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулылары өзгеріссіз қалдыруға жатады.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандыруға жатады.

ӘҚБтК-нің 851 - бабын басшылыққа ала отырып, қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Жетісу облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы Доскелді Қожатайұлы Қожатайға қатысты қаулысының күші жойылсын.

Доскелді Қожатайұлы Қожатайды ӘҚБтК-нің 136-бабымен жауаптылыққа тарту туралы Жетісу облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Е.С.Мухамердің 2025 жылғы 26 маусымдағы, Жетісу облысының Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулылары өзгеріссіз қалдырылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Қ.А.Мусетов

Судьялар Г.Б.Даулетова

М.К.Сатыбалдин

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.