6001-21-00-3гп/178
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 19 мамыр Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші С.Ж.Абдолланың,
судьялар А.С.Савинова, Б.Д.Мақұлбековтың,
прокурор Д[...],
талап қоюшының өкілі Н[...], «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2029 әскери бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - әскери бөлім) өкілі Ш[...], жауапкер Ө[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы И[...] жауапкерлер - әскери бөліміне, Ө[...] материалдық залал мен моральдық зиянның өтемін өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2020 жылғы 27 ақпандағы шешімін, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы талап қоюшының өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы әскери бөлімнен, Ө[...] 1025800 теңге материалдық залал мен моральдық зиянның өтемі үшін 5000000 теңге өндіру туралы талабымен сотқа жүгінген. Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2020 жылғы 27 ақпандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған. Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген, шешімнің материалдық залал және моральдық зиянның өтемін өндіру туралы бөлігінің күші жойылып, талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданған. Әскери бөлімінен және Ө[...] ортақ түрде И[...] пайдасына моральдық зиянның өтемі үшін 3000000 теңге өндірілген. Бірінші сатыдағы сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өтінішхатында әскери соттардың тұжырымдары істің мәнжайларына сәйкес келмейтінін, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды, талаптың 1025800 теңге материалдық залалды өндіру туралы бөлігін қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, жауапкер және жауапкер өкілінің қарсылығын, прокурордың сот актілерін өзгерту туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілері өзгертілуге жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, 2016 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекаралар сызығының 599 шекаралық белгісі учаскесіндегі «Тасқала» шекара заставасында болған кезде көзбен көріп бақылау жолымен күзет шекаралық қызметін атқару үшін арналған металл бақылау мұнарасын (бұдан әрі - М15) монтаждау мен тұрғызу жүргізілген.
2016 жылдың 26 тамызында құрылыс жұмыстарының жетекшісі капитан Ө[...] өз лауазымы мен әскери атағы бойынша оған бағынышты сарбаздар үшін бастығы бола тұра, қатардағы С[...] оның сақтандыру белбеуінің және қорғаныс дулығасының болмауына қарамастан М15-тің екінші қабатындағы сатының төменгі бұрандамаларын бекітуге бұйрық берген.
Ө[...] өз қызметіне салғырт қарауының нәтижесінде тиісті түрде бекітілмеген М15-тің төртінші қабатының металл мұнаралық алаңы С[...] басына құлаған.
2016 жылғы 1 қыркүйектегі сот-медициналық сарапшысының қорытындысына сай С[...] денсаулығына келтірілген зиянның ауырлығы бойынша өмірі үшін қауіпті, ауыр деңгейге жататын сол жағынан самай-төбе аймағының жаншылып сынуы, оң жағынан самай сүйегінің ұзындығынан сынуы, сол жағынан жаншылған сынықтармен ауыр деңгейдегі бас миының соғылуы, көлемді жарақаттан кейінгі торлы қабақ астына қан құйылуы, бас миының ісуі және ісіп-кебуі, сол жағынан самай-төбе аймағындағы жаралар, оң жағынан самай аймағында соғылған жара, ашық бас сүйек-ми зақымы келтірілген.
Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2017 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 453-бабының 2-бөлігімен сотқа берілген Ө[...] ҚК-нің 68-бабының 1- бөлігі негізінде жәбірленуші тарапымен татуласуына және келтiрiлген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
2018 жылғы 8 ақпандағы анықтамаға сәйкес С[...] екінші топтағы мүгедектік анықталған.
Осыған байланысты И[...] талабын ұлы С[...] әскери бөлімде «Тасқала» шекара заставасында шекаралық қызметін атқаруға арналған металл бақылау мұнарасын монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде құрылыс жұмыстарының жетекшісі капитан Ө[...] өз қызметіне салғырт қарау салдарынан, соңғының бұйрығын сақтандыру белбеуінсіз және қорғаныссыз орындау нәтижесінде басына металл зат құлап, денсаулығына ауыр зардап алып, келтірілген жарақаттар бойынша оған екінші топтағы мүгедектік тағайындалғаны туралы уәждермен негіздеген.
Ақтөбе гарнизонының әскери соты талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыру туралы шешім қабылдап, Ө[...] қатысты қылмыстық істің қаралу барысында сотталушы жәбірленуші өкілі - талап қоюшы И[...] татуласып, қылмыстың салдарынан келтірілген материалдық залал және моральдық зиянның өтемі толықтай өтелгенін көрсетіп, тиісті өтінішхатты сотқа жолдағанын, сонымен қатар АПК-нің 72бабына сай 1025800 теңге материалдық шығындарды растайтын дәлдедемелер табыс етілмегенін көрсеткен.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 «Азаматтық талапты қылмыстық процесте қарау туралы» нормативтік қаулысының 24-тармағына сілтеме жасап, қылмыстық іс бойынша сотталушының жәбірленушімен татуласып, оны қылмысты жауаптылықтан босату туралы өтінішін сотқа жолдауы өзіне келтірілген зиян толық өтелуін дәлелдейтіні туралы қорытындыға келген.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың моральдық зиянның өтемін өндіру бойынша қабылдаған шешімі істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, материалдық заң талаптары бұзылуына жол берілгенін көрсеткен.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 931-бабының 1, 3-тармақтарында қызметi айналасындағылар үшiн жоғары қауiптiлiкпен байланысты заңды тұлғалар мен азаматтар (көлiк ұйымдары, өнеркәсiп орындары, құрылыстар, көлiк құралдарының иелерi және т.б.), егер зиян дүлей күштердiң немесе жәбiрленушiнiң терiс пиғылының салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, жоғары қауiптiлiк көздерi келтiрген зиянды өтеуге мiндеттi.
Зиянды өтеу мiндетi меншiк құқығымен, шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе жедел басқару құқығымен немесе кез келген басқа да заңды негiзбен (мүлiктiк жалдау шарты, көлiк құралын басқару құқығына берiлген сенiмхат, көздердi беру туралы құзіреттi органның өкiмi арқылы және т.б.) жоғары қауiптiлiк көзiн иеленушi заңды тұлғаға немесе азаматқа жүктеледi деп көрсетілген.
Жәбірленуші С[...] келтірілген дене жарақаттардың салдарынан екінші топтағы мүгедектік тағайындалғанын, өзінің және туысқандарының тартқан азабын ескеріп, моральдық зиянның өтемін өндіру туралы шешім қабылдаған.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша жергілікті соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
С[...] №374/4 станционарлық науқастың дәрігерлік картасына сәйкес 2016 жылғы 23 тамыздағы оқиғаны салдарынан оның денсаулығына келтрілген зиян бойынша «травматичекая болезнь головного мозга в форме рубцово-атрофического процесса в левой височной и теменной долях, моторной афазии, правостроннего лёгкого гемипареза; посттрепанационные костные дефекты лобно-височно-теменных областей, замещённые пластическим материалом, неполная атрофия зрительных нервов; сходящееся вторичное постоянное паралитическое нерефракционное косоглазие левого глаза, паралич отводящего нерва слева; хронический левосторонний отит в стадии ремисссии; хронический двухсторонний кохленеврит» деген диагноз қойылған.
2016 жылғы 8 қыркүйекте С[...] Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орталық әскери ауруханасына жедел түрде жеткізіліп, оған ота жасалып, денсаулығын зерттеу барысында «подострая гидрома правой гемисферы головного мозга, кревой некроз послеоперационной раны слева, постравматическая ликворея» қосымша диагноздар қойылған.
АК-тің 917-бабының 1-тармағына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Талап қоюшы өзінің өтінішхатында С[...] Тасқала аудандық ауруханасында, Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде, «Сұңқар» дәрігерлік компаниясында, Алматы қаласындағы көз ғылыми зерттеу институты ауруханасында ем, соның ішінде бірқатар ақылы емдік курстар қабылдағанын атап өткен.
Сонымен қатар, С[...] дәрігерлік көмекке жүгінгені, әуе және теміржол көліктері үшін жұмсалған шығындар жөнінде тиісті құжаттар, түбіртектер Ө[...] қатысты қылмыстық іс құжаттарында және аталған азаматтық іс құжаттарына тіркелгенін, алайда әскери соттармен елеусіз қалдырылғанын көрсеткен.
Өтінішхатта жауапкерлерден талап етілген 1025800 теңге шығындарды дәлелдейтін құжаттардың бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға табыс етілуі ескерусіз қалдырылғаны, аталған құжаттар талап қоюшымен
мәлімдеген өтінішіне және іс бойынша шешім қабылдау үшін қажеттілігіне қарамастан Ө[...] қатысты қылмыстық істен сұратылып, азаматтық іске тіркелмегені туралы жазылған.
Сонымен қатар Ө[...] қатысты қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны АК-нің 917-бабына сәйкес заңды тұлғаны, яғни әскери бөлімді, қайғылы оқиға салдарынан келтірілген зиянды өтеуден босатпайтыны туралы уәждер келтірген.
Өтінішхат иесінің бұл уәждерін сот алқасы негізді деп табады.
Азаматтық және қылмыстық істе материалдық зиянды өтеуге дәлелдейтін құжаттардың барын ескермей, Әскери соттардың сот актілерінде талап қоюшымен қажетті дәлелдемелер сотқа ұсынылмаған деген тұжырымға келген.
Яғни, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда, талап қоюшымен табыс етілген материалдық зиянды өтеуге дәлелдейтін құжаттарға құқықтық баға берілмеген, зерттелмеген.
Сонымен қатар, бірінші сатыдағы сот, оқиға болғаннан кейін қаралған қылмыстық істің шеңберінде келтірілген материалдық және моральдық залалдар жауапкерлермен жәбірленуші С[...] оның талап еткен арызының мөлшерінде залалдар өтелініп, қылмыстық істің қысқартылған деген тұжырымға негізсіз келген.
Қылмыстық іс бойынша тек Ө[...] ғана азаматтық жауапкер ретінде танылып, талап қоюшы оған қатысты қылмыстық істің тоқтатылуына қарсылық білдірмеген. Алайда әскери бөлім жауапкер ретінде көрсетілмеген. Сол себепті бұл тұрғыда соттардың уәждері негізсіз болып табылады. Сот алқасы жергілікті соттар дәлелдемелерге, іс бойынша анықталған мән-жайларға дұрыс баға бермей, материалдық құқық нормаларын қолдануда қателікке жол берген деп санайды.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды.
Сондықтан сот актілерінің материалдық зиянды өтеу бөлігі бойынша күші жойылып, іс қайта қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жолдануға жатады.
Сот актілерін жауапкерлерден талап қоюшының пайдасына материалдық зиянды өндіруден бас тарту туралы бөлігінде бұзып, бұл бөлігінде апелляциялық сатыдағы сотқа басқа судьялар құрамында жаңа сот талқылауында қарауға жіберілуге жатады.
Істі қайта қарау барысында дауды жаңадан қараған сот істің мәнжайларын толық қарап, талап қоюшының материалдық залал өтемін өндіру туралы дәлелдейтін құжаттарының растылығын анықтап, зерттеп, тараптардың арасындағы қарым-қатынастарға анықталған мән-жайлар бойынша құқықтық баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе гарнизонының әскери сотының 2020 жылғы 27 ақпандағы шешімі, Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің талап қоюшы И[...] жауапкерлер - «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 2029 әскери бөлімі» Республикалық мемлекеттік мекемесіне, Ө[...] материалдық залал өтемін өндіру туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тарту бөлігінің күші жойылып, осы бөлікте істі жаңа сот талқылауына Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына басқа судьялар құрамында қарауға жіберілсін.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын. И[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын. Төрағалық етуші С. Абдолла Судьялар А. Савинова
Б. Мақұлбеков
Көшірмесі дұрыс. Судья С. Абдолла
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.