КСАД РК - Постановление от 12.09.2025 по делу 6003-25-00-4к/375 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 қыркүйек 6003-25-00-4к/375 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші – судья Д.Ә. Әбдіғалиев,

судьялар –Г.М. Ыдырысова, М.А. Қасымов болып,

ашық сот отырысында талап қоюшы Куляра Кибашовна Куйшибаеваның жауапкер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Департамент) еңбек өтілін есепке алуды міндеттеу және зейнетақы, базалық зейнетақы төлемін тағайындауда еңбек өтілін есепке алуды, зейнетақы мөлшерін қайта есептеп төленуін міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 15 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Департаментке К.К.Куйшибаеваның зейнетақы, базалық зейнетақы төлемін тағайындауда еңбек өтілін есепке алуға және зейнетақы мөлшерін қайта есептеп төлену бойынша міндеттер жүктелді.

Талап қоюдың еңбек өтілін есепке алуды міндеттеу туралы бөлігінде қанағаттандырудан бас тартылды.

Сот шығысы мәселесі шешілді.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы сотының шешімі өзгертілді. Департаментке талап қоюшы К.Куйшибаеваның зейнетақы, базалық зейнетақы төлемін тағайындауда еңбек өтілін есепке алуға және зейнетақы мөлшерін қайта есептеп төленуіне міндеттеу, талап қоюшының жергілікті бюджетке төленген 1 108 теңге мемлекеттік бажды қайтару туралы бөліктерінің күші жойылып, талап қоюдың осы бөлігінде қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды.

Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.

Талап қоюшы кассациялық шағымында материалдық құқық нормаларының бұзылуына сілтеме жасап, іс бойынша апелляциялық сатыдағы сотының қаулысының күшін жоюды, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Жауапкер Астана қаласына бара алмауына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде сот отырысына қосылу туралы өтінішпен сотқа жүгінген. Алайда бұл өтініш қанағаттандыруға жатпайды, себебі сот отырысы Қазақстан Республикасы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының ғимаратында міндетті түрде жеке қатысу арқылы өткізуге тағайындалған, бұл туралы іске қатысушы барлық тұлғалар алдын ала хабарланған. Аталған мән-жай кассациялық сатыдағы сотта сот отырысын өткізу форматын өзгертуге негіз болып табылмайды. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарға қатысқан өзге тұлғалар сот отырысының күні, уақыты және форматы туралы тиісті түрде хабардар етілгеніне қарамастан, сотқа келмеген және келмеу себептері туралы сотқа мәлімет бермеген.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, ұсынылған дәлелдемелерді бағалай келе, төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (әрі қарай – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша апелляциялық сатының сотымен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың жауапкер тарапынан талап қоюшының еңбек өтілін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы «Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы» Заңының (әрі қарай – ҚазССР Заңы) талаптары негізінде есептеу қажет деген тұжырымын дұрыс емес деп тапты.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Әлеуметтік Кодексімен (бұдан әрі – Кодекс) реттеледі. Талап қоюшы 2024 жылғы 10 наурыздан бастап зейнетке шықты. Сәйкесінше, оның зейнетақы төлемдерін алу құқығы көрсетілген мерзімнен бастап пайда болды. Сондықтан, қалыптасып отырған құқықтық қатынаста жоғарыдағы Кодекс талаптары қолданылуы тиіс.

Бұл ретте, бірінші сатыдағы сот күші жойылған ҚазССР Заңының нормаларын қате қолданды.

Кодекстің 208-бабының 1-бөлігіне сәйкес жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде мыналар:

  1. еңбек шарттары бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтін жұмыс;

  2. әскери қызмет;

  3. арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтегі қызмет;

  4. мемлекеттік қызмет;

  5. кәсіпкерлік және кірістер әкелетін өзге де қызмет;

  6. басқа адамның көмегіне мұқтаж бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы мүгедектігі бар жалғызбасты адамға және жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ сексен жасқа толған қарт адамдарға күтім жасаған уақыт;

  7. мүгедектігі бар 18 жасқа дейінгі балаға күтім жасаған уақыт;

  8. жұмыс істемейтін ананың жас балаларға күтім жасаған, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;

  9. қылмыстық жауаптылыққа негізсіз тартылған және қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ кейіннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеген және айдауда болған уақыты;

  10. еңбекке қабілетті азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша басып алынған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңінде басқа мемлекеттердің аумағына зорлықпен әкетілген адамдардың (жасына қарамастан), егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаған болса, сонда болған, фашистік концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңінде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) ұсталған уақыт; 11) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар жұмыс істемейтін адамдардың және оларға теңестірілген мүгедектігі бар адамдардың мүгедектікте болған уақыты;

  11. бұрынғы кеңестік мекемелердің, Қазақстан Республикасының мекемелері мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің зайыбы (жұбайы) шетелде тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;

  12. әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден басқа), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған, бірақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезең;

  13. Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жердегі жоғары оқу орындарындағы, оның ішінде даярлық курстарындағы, арнаулы орта оқу орындарындағы, училищелердегі, мектептердегі және кадрлар даярлау, біліктілікті арттыру және қайта мамандандыру курстарындағы, аспирантурадағы, докторантурадағы және клиникалық ординатурадағы, сондай-ақ рухани (діни) білім беру ұйымдарындағы оқу;

  14. ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан, әскерилендірілген күзеттегі, арнаулы байланыс органдарындағы және тау-кендік құтқару бөлімдеріндегі қызмет;

  15. Қазақстан Республикасына тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында келген этностық қазақтардың шығу еліндегі еңбек қызметі есепке алынады.

Кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың қорытындысымен келісіп, талап қоюшы зейнетке 2024 жылы шығуына байланысты оған ҚазССР-ның заңының нормалары емес, Кодекстің нормалары қолданылуы тиіс деген тұжырымын негізді деп санайды. Кодекс бойынша жұмыссыз ретінде тіркелген кезеңдер жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындауда еңбек өтіліне есепке алынбайды.

Сәйкесінше, Департамент тарапынан жұмыссыз ретінде тіркелген уақытта зейнетке шығу барысында зейнетақы төлеміне тағайындауда еңбек өтілін есепке алмауы заңға сәйкес келеді.

Істің бұл тұрғысында апелляциялық соттың К.К.Куйшибаеваның талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімі заңға сәйкес қабылданған. Сот алқасының келтірген негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс. АПК-нің 427-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, мәні бойынша дұрыс сот шешімінің күші бір ғана формальды пайымдаулар бойынша жойылмайды. Материалдық немесе процестік құқық нормаларының бұзылуы немесе дұрыс қолданылмауы, егер осы бұзушылық дұрыс шешім қабылдамауға әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, соттың шешімін өзгертуге немесе күшін жоюға негіз болып табылады. Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актісінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Жоғарыда аталғанның негізінде, апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы күшінде қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 қаңтардағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы К.К.Куйшибаеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Д. Әбдіғалиев

Судьялар

Г. Ыдырысова

М. Қасымов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.