ВС РК - Постановление от 13.09.2022 по делу 6001-22-00-6ап/555 (Административное)

6001-22-00-6ап/555

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 13 қыркүйек Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Г.К.Нұрбаев, Б.Т.Нажмиденов болып,

талап қоюшы М[...], жауапкер М[...], мүдделі тұлға К[...] қатысуларымен,

талап қоюшы М[...] жеке сот орындаушы М[...] (бұдан әрі – ЖСО М[...]) оның әрекеттеріне шағым келтіру туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 ақпандағы қаулысына жауапкер М[...] кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы М[...] сотқа ЖСО М[...]:

2021 жылғы 9 қарашадағы №1003/21-23-2343 атқарушылық іс қозғау жөнінде;

2020 жылғы 5 маусымдағы жеке сот орындаушының қызметіне төлем ақы белгілеу туралы қаулыларын;

2021 жылғы 9 қарашадағы №1003/21-23-2343 атқарушылық іс қозғау туралы қаулысы бойынша хабарламасын;

2021 жылғы 10 қарашадағы борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы қаулысын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюмен жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2021 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшының талабы ішінара қанағаттандырылып, ЖСО-ның:

2021 жылғы 9 қарашадағы атқарушылық іс қозғау жөніндегі қаулысы; 2020 жылғы 5 маусымдағы жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу туралы қаулысы; 2021 жылғы 10 қарашадағы банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы қаулылары заңсыз деп танылып, күштері жойылған.

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 ақпандағы қаулысымен бірінші саты сотының шешімі өзгертіліп, шешімнің 2021 жылғы 9 қарашадағы №1003/21-23-2343 атқарушылық іс қозғау туралы қаулысы бойынша хабарламасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы бөлігінің күші жойылып, талап қоюшының осы бөліктегі талап қоюы қайтарылған.

Жауапкер ЖСО М[...] кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспей, олардың күшін материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына орай жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған. Сот алқасы, шағымның уәждерін қолдаған жауапкердің түсіндірмелерін тыңдап, талап қоюшы мен мүдделі тұлғаның қарсы пікірлерімен танысып, іс құжаттарын, шағым дәлелдерін және талап қоюшының қарсы пікірін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының 1-бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, ЖСО А[...] 2018 жылғы 24 қазандағы борышкердің алимент төлеу жөніндегі берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес М[...] алимент бойынша берешегі 3 557 813 теңгені құраған.

ЖСО А[...] 2018 жылғы 18 қазандағы қаулысымен өндіріп алушының арызы бойынша атқарушылық құжат қайтарылған.

Өндіріп алушының арызы негізінде ЖСО С[...] 2018 жылғы 27 қарашада №364/18-23-823 атқарушылық іс жүргізу қозғалған.

ЖСО С[...] 2019 жылғы 4 қаңтардағы борышкердің жалақысынан 50 пайыз мөлшерінде ұстау туралы қаулысы борышкердің жұмыс орыны «D[...] Pte.Ltd. (Дефендер Инжиниринг Пте.Лтд.)» компаниясының Қазақстан Республикасындағы филиалына жолданған.

2019 жылғы 18 қыркүйекте жасақталған актіге сәйкес 2019 жылғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында борышкердің жалақысынан алимент бойынша берешек өндірілмеген. ЖСО С[...] 2020 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен борышкердің алимент бойынша берешегі 9 417 343 теңге көлемінде белгіленген.

2020 жылдың 14 мамырда ЖСО М[...] қаулысымен ЖСО С[...] атқару өндірісі қабылданып алынған.

ЖСО М[...] 2020 жылғы 5 маусымдағы қаулысымен борышкердің ЖСО-ның қызметіне төленетін ақы мөлшері 941 734 теңге көлемінде бекітілген.

2021 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу қозғалып, ол туралы сол күні борышкерге хабарлама жолданған.

2021 жылғы 10 қарашада борышкердің банктердегі шоттары және онда ақша қаражаттарының бар-жоғы, банкте орналасқан мүліктің бағасы және сипаттамасы туралы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы ақшасы туралы ақпарат алу және оларға тыйым салу туралы қаулысы қабылданған.

Іс материалдарына сәйкес 2020 жылғы 19 мамырдағы өндіріп алушы мен борышкер М[...] арасындағы медиация тәртібімен жасалған келісім шартта өндіріп алушы К[...] алимент бойынша берешектен бас тартқаны көрсетілген. Онда борышкер алимент бойынша 9 417 343 теңге қарыз сомасын төлегені көрсетілмеген.

Жергілікті соттардың Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 118-бабының 2-тармағына сілтеме жасап, ЖСО М[...] атқарған қызметіне 941 734 теңге төлем ақы бекіту туралы қаулысы заңсыз шығарылғандығы туралы тұжырымдары дұрыс.

Бұл ретте, аталған заң номасына сәйкес, жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу туралы атқарушылық құжаты толық немесе ішінара орындалған жағдайда ғана жүргізіледі. Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

Заңның 126-бабының 3-тармағына сәйкес сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті. Алайда, атқарушылық құжаттың ішінара немесе толық орындалғандығы анықталмаған.

Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасының бірінші саты соты шешімін ӘРПК-нің 4-бабының 4) тармақшасына сілтеме жасап оны өзгерту туралы шешім қабылдауы дұрыс.

Өйткені аталған нормаға сәйкес әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан

Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Ал, ЖСО М[...] 2021 жылғы 9 қарашадағы атқарушылық іс қозғау туралы қаулысы бойынша хабарламасы талап қоюшының құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім, яғни әкімшілік акт болып табылмайды.

Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актісі ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидаттарына сай қабылданған деп санайды.

Сондықтан шағымдалған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ.

ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Атырау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 11 ақпандағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Жауапкер – ЖСО М[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Г. Нұрбаев Б. Нажмиденов

Судьялар Г. Нұрбаев Б. Нажмиденов Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.