Қ А У Л Ы
2025 жылғы 6 қараша №6003-25-00-2к/1970 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі Т.Э.Саитгалиевтың, жауапкерлер өкілдері С.Б.Карамурзаевтың және С.К.Кузембаеваның бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Жангелдиева Камила Аллашбаевна (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкерлер «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Банк-1) мен «Bereke Bank» акционерлік қоғамына (бұдан әрі - Банк-2) несие шарттарын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны несие шарттары алдау жолымен жасалғанына негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 8-бабының 7-тармағын, 157-бабының 1-тармағын, 159-бабының 8 және 9- тармақтарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2021 жылғы 21 маусымда Банк-2 және талап қоюшы арасында банктік заем шарты жасалып, соңғысы тұтынушылық мақсатта 1 774 562 теңге несие алған.
2024 жылғы 22 маусымда Банк-1 және талап қоюшы арасында кредит желісін беру (ашу) туралы келісім жасалып, соңғыға тұтынушылық мақсатта 2 000 000 теңге, оның ішінде басқа шарт бойынша заемды қайта қаржыландыру мақсатында 27 864 теңге несие берілген.
Талап қоюшының 2025 жылғы 30 қаңтардағы жағдай бойынша Банк-1 алдындағы берешегі 2 151 019 теңге, 2025 жылғы 14 ақпандағы жағдай бойынша Банк-2 алдындағы берешегі 1 857 827 теңге құраған.
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық сотының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі үкімімен Д.Ж.Адильбаева Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1) және 4) тармақтарымен кінәлі деп танылып, сотты болған, сотталушы Д.Ж.Адильбаевадан жәбірленуші К.А.Жангелдиеваның пайдасына қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген 5 591 658 теңге материалдық залал өндірілген және атқару парағы берілген
Сот үкімімен Д.Ж.Адильбаеваның талап қоюшыға мемлекет тарапынан үй алу бағдарламасы бойынша «кезектен тыс үй алып беремін» деп сеніміне кіріп, алдағаны анықталған.
Талап қоюшы талап қоюында АК-нің 159-бабының 8 және 9-тармақтары негізінде тараптар арасында жасалған несие шарттарын жарамсыз деп тануды сұрап, оны несиелерді өзі алмағанымен, сотталушы Д.Ж.Адильбаеваның өзінің сеніміне кіріп, алдау жолымен несиелер алдырғанымен негіздеген.
Бұл ретте соттар талап қоюшы мен сотталушының арасында орын алған қарым қатынастарға Банктердің қатыстары жоқ және олар өзге үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері үшін жауаптылықта болмайды, Банктер тарапынан несие алу кезінде талап қоюшыға қандай да бір заңсыз әрекеттер жасалмаған, талап қоюшының үшінші тұлғалардың ықпалымен несие рәсімдеуі оның өзіне берілген азаматтық құқықтарына салғырт қарағанының салдары болып табылады, талап қоюшы қылмыстық іс шеңберінде жәбірленуші және азаматтық талап қоюшы болып танылып, сотталушыдан оның пайдасына несие сомаларын құрайтын материалдық залал өндірілген, яғни талап қоюшы өзіне келтірілген материалдық залалды өндіру жөніндегі құқығын жүзеге асырған деген дұрыс қорытындыға келген.
Істің мұндай тұрғысында, талап қоюды қанағаттандыруға құқықтық негіздер жоқ деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады. Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 8 сәуірдегі шешімі мен Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 шілдедегі қаулысы күшінде, талап қоюшы Жангелдиева Камила Аллашбаевнаның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.