Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 19.05.2026 по делу 6003-25-00-2к/5656 (Гражданское)

6003-25-00-2к/5656

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 19 мамыр Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева, прокурор Р.Б.Казмуханбетовтың, талап қоюшының өкілі Г.Акипбаеваның, жауапкердің өкілі Б.Байгараевтің, даудың нысанасына талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар: Шу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілі Б.К.Бахитовтың, Қазақстан Республикасындағы «Синьсин құрылыс және дамыту Қытай Компаниясы» өкілі А.К.Рустамбекованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкер «Корпорация NEXAGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі-ЖШС, Серіктестік) нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағаны үшін жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер «Корпорация NEXAGRO» ЖШС-нің өкілі Б.Байгараевтің Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешіміне және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, «Корпорация NEXAGRO» ЖШС-нің Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылдық округінің аумағында орналасқан нысаналы мақсаты «тауарлы ауыл шараушылығы өндірісі үшін» көлемі 24,0327 гектар жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағанына байланысты мемлекет жер қорына қайтарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда, Серіктестікке Жамбыл облысы, Шу ауданы, Алға ауылдық округінің аумағында орналасқан кадастрлық №06-096-057-079 жалпы көлемі 1883,4 га, оның ішінде: жайылымдық 1350,45га, егістік 379,20 га, шабындық 153,75 га, нысаналы мақсаты «тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісі үшін» жер учаскелері бөлініп берілген.

Департаментпен 2024 жылғы 27 қарашадан 3 желтоқсан аралығында Серіктестіктің жоғарыда аталған жер учаскесінде жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде Серіктестік жер учаскесінің бір бөлігін мақсаты бойынша пайдаланбай, пайдалануындағы көлемі 1883,4 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 24,0327 гектар жер учаскесін (бұдан әрі- даулы жер) өндірістік мақсатта, яғни асфальт бетон зауыты, құрылыс материалдарын сақтау базасы ретінде пайдаланып отырғандығы анықталған.

Осыған байланысты Серіктестікке қатысты Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 339-бабымен әкімшік іс өндірісі қозғалып, 2024 жылғы 2 желтоқсандағы №243100550000054 қаулысымен ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылып, Серіктестікке Қазақстан Республикасы жер заңнамасының талаптарын бұзған бұзушылықтарды жою туралы №79 нұсқама беріліп, 3 (үш) ай мерзім ішінде заң бұзушылықты жою жөнінде шаралар қолдану, яғни жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту талап етілген .

Нұсқамада белгіленген мерзім өткеннен кейін, Департаментпен Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабының 14тармағына сәйкес, 2025 жылғы 3 наурыздағы №19-22/7.1-433 нұсқаманың орындалуы туралы ақпаратты ұсыну қажеттілігі туралы Серіктестікке сұрау жіберілген, бірақ «Корпорация NEXAGRO» ЖШС тарапынан нұсқаманың орындалуы туралы мәлімет ұсынылмаған. Сотта анықталғандай, Серіктестік даулы жер учаскесін Қазақстан Республикасындағы «Синьсин құрылыс және дамыту Қытай Компаниясы» ЖШС-нің филиалына (бұдан әрі- Қытай Компаниясы) жалға беріп өндірістік мақсатта, яғни асфальт бетон зауыты, құрылыс материалдарын сақтау базасы ретінде пайдаланып отырған.

Бұл мән-жай Серіктестікпен, Қытай Компаниясымен жоққа шығарылмаған және дауланбаған.

Демек, тексеру барысында даулы жер учаскесі осы уақытқа дейін

нысанылы мақсаттына байланысты пайдаланылмағаны анықталған.

Департаменттің талап қоюы қанағаттандырылуға жатады деген бірінші сатыдағы соттың тұжырымын сот алқасы дұрыс деп тапқан.

Кассациялық сот, соттардың жауапкерге тиесілі көлемі 24,0327 гектар жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбағанына байланысты мемлекет жер қорына қайтарылғаны заңды деп санайды.

Өйткені, мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесін меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртібі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі –Жер кодексі) 92, 93, 94-баптарында көрсетілген талаптармен жүзеге асырылады.

Жер учаскесін нысаналы мақсатта пайдаланбай отырғандығын жауапкер дауламайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың жер заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2007 жылғы 16 шілдедегі № 6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі-нормативтік қаулы) 2-тармақшасына сәйкес, жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртiбiмен қаралады.

Жер құқығы қатынастарынан туындайтын талап қоюға, атап айтқанда: Жер кодексінің 92, 93, 94-баптарына сәйкес, жер учаскелерін алып қою туралы талап жатқызылатындығы көрсетілген.

Сонымен қатар, нормативтік қаулының 10-тармақшасында көзделген талаптар соттармен тиісті деңгейде сақталған және жауапкермен жер учаскесін нысаналы мақсатта пайдаланбауы толығымен анықталған.

Сондықтан, жауапкердің пайдалануындағы көлемі 1883,4 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің, көлемі 24,0327 гектар жер учаскесін өндірістік мақсатта пайдалануына байланысты ішінара мәжбүрлеп алып қоюға жатпайды деген уәжі негізсіз.

Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жан-жақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.

Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын

басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 3 қазандағы шешімі және Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Корпорация NEXAGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Б.Байгараевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.