6001-23-00-3ПП/52
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 8 маусым Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Ж.Әлмағамбетова, судьялар С.А. Жармұхамбетова, Т.Ә.Молдахметова, прокурор К[...], талап қоюшының өкілі Е[...], жауапкер Т[...] және оның өкілдері адвокаттар М[...] мен А[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкерлер Н[...], А[...], Т[...], Т[...], «Алатау ауылдық округі әкімдігі» мемлекеттік мекемесіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары» мемлекеттік мекемесіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиалына, жеке нотариус П[...] Алатау ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 14 қаңтардағы №10 шешімін, жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін, 2011 жылғы 31 тамыздағы және 2016 жылғы 30 наурыздағы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы «Түркістан облысының жер инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Жер инспекциясы) сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгініп, уәждерін Алатау ауылдық округі әкімі даулы жерді өз құзыреті шегінен шығып, ауылдық округтің аумағына кірмейтін жерден табыстағандығымен негіздеген.
Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Осы соттың 2021 жылғы 2 ақпандағы ұйғарымымен Жер инспекциясының Алатау ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 14 қаңтардағы № 10 шешімін және кадастрлық № [...] жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін сәйкестендіру актісін жарамсыз деп тану туралы талаптары бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талап қоюды қанағатандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Н[...] мен А[...] арасындағы 2011 жылғы 31 тамыздағы № 4501 және А[...] мен Т[...], Т[...] арасындағы 2016 жылғы 30 наурыздағы № 781 сатып алусату шарттары жарамсыз деп танылған.
Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымында апелляциялық сот алқасымен осы істі қарау барысында құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар орын алғанына назар аударылған.
Сот алқасы Т[...] және оның өкілдері адвокаттар М[...] мен А[...] ұсынымды қолдағаны, талап қоюшының өкілі Е[...] апелляциялық қаулыны өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттары мен ұсыным уәждерін зерделеп, төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актісінің күші жойылып, бірінші сатыдағы сот шешімі күшінде қалдырылуға жатады деген тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 6-бөлігіне сәйкес қабылданған қаулының орындалуы адамдардың өмірі, денсаулығы не Қазақстан Республикасының экономикасы мен қауіпсіздігі үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін болатын жағдайларда, қабылданған қаулы адамдардың әлдеқандай тобының құқықтары мен заңды мүдделерін немесе өзге де жария мүдделерді бұзатын жағдайларда, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайларда, осы АПК-нің 434-бабының үшінші және бесінші бөліктерінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сотпен жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, Төлеби аудандық жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2005 жылғы 12 қаңтардағы № 2 хаттамасы негізінде Алатау ауылдық округі әкімінің 2005 жылғы 14 қаңтардағы № 10 шешімімен Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округі, Біркөлік ауылының аумағындағы 1 500 шаршы метр жер учаскесі (бұдан әрі – даулы жер) Н[...] тұрғын-үй және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншік құқығымен табысталған және осы шешім негізінде аталған жер учаскесіне кадастрлық № [...] сәйкестендіру актісі рәсімделген.
Н[...] аталған жер учаскесін өз атына рәсімдегеннен соң 2011 жылғы 31 тамыздағы сатып алу-сату шарты бойынша А[...] сатқан, А[...] өз кезегінде, бұл жерді 2016 жылғы 30 наурыздағы сатып алу-сату шартымен Т[...] сатқан.
Талап қоюшының даулы жерге қатысты сотқа талап қоюды келтіруге азамат М[...] арызы бойынша құзыретті орган жүргізген тексеру қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтар негіз болған.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуын талап қоюшымен Н[...] даулы жер қолданыстағы жер заңнамасының талаптарын бұза отырып берілгендігін растайтын дәлелдемелердің сотқа ұсынылмағанымен негіздеген.
Мұндай тұжырыммен келіспеген апелляциялық сот алқасы, Алатау ауылдық округі әкімі даулы жер учаскесін Н[...] өз құзыреті шегінен шығып, ауылдық округтің аумағына кірмейтін жерден табыстаған, яғни даулы жерді жауапкерге табыстағанда, әкімнің ондай құзыреті болмаған, жер мемлекеттің иелігінен заңға көрінеу қайшы жолмен шығып кеткен деген қорытындыға келген.
Қазақстан Республикасының Жер колексінің 19-бабының 1) тармақшасының талабына сай ауыл, ауылдық округтер әкiмдерi ауылдық елдi мекеннiң шекарасы (шегi) шебiнде жер учаскелерiн жеке меншiкке және жер пайдалануға беруге құзыретті.
Осы Кодекстің 43-бабының 2-тармағында жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердiң, ауылдардың, ауылдық округтердiң әкiмдерi осы Кодексте белгiленген өздерінің құзыретi шегiнде жүзеге асыратыны көрсетілген. Анықталғандай, даулы жер Н[...] Төлеби ауданының жер учаскесіне құқық беруді анықтау комиссиясының 2005 жылғы 12 қаңтардағы хаттамасына сай берілген.
Аталған жер учаскесінің шекарасын осы комиссия анықтап, Төлеби ауданының жер комитетінің төрағасы бекіткен. Яғни, 2005 жылы Н[...] даулы жерді беру туралы шешімді ауылдық округтің әкімі дербес қабылдамаған. Атап айтқанда, бұл мәселені Төлеби ауданының жер комитеті шешкен. 2006 жылғы 20 тамызда Төлеби ауданының жер қатынастары бөлімімен жерге мемлекеттік акті берілген.
Сонымен қатар, апелляциялық сот алқасы даулы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдаған кезде ауылдық округтің 2006 жылы бекітілген сызбасын және ауданның 2018 жылы бекітілген бас жоспарын негізге алған. Ал даулы жер жауапкерге 2005 жылы берілген.
Бұдан бөлек, Т[...] даулы жерді сатып алғаннан кейін осы учаскеде екі қабатты, көлемі 250 шаршы метрді құрайтын тұрғын-үй салып, ол үйде отбасымен тұрып жатқаны анықталды.
Бұл жайт Т[...] адал сатып алушы екенінің дәлелі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабында азаматтық құқықтарды қорғау сотпен құқықтарды қалпына келтіру арқылы жүзеге асырылатыны, ал АПК-нің 4-бабында азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау және қалпына келтіру азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері болып табылатыны көзделген.
Бұл орайда сот алқасы, осындай жағдайлар болған кезде апелляциялық сатыдағы сот, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы заңның
жоғарыда көрсетілген талаптарына және азаматтардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру туралы азаматтық іс жүргізу қағидаттарына қайшы шешім қабылдаған деп санайды.
Істің бұл тұрғысында сот алқасы ұсынымды негізді және қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келеді, себебі жоғарыда баяндалған мән-жайлар дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыру үшін негіз болып табылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 17 мамырдағы қаулысының күші жойылып, Төлеби аудандық сотының 2021 жылғы 2 ақпандағы шешімі күшінде қалдырылсын. Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Г. Әлмағамбетова Судьялар С. Жармұхамбетова Т. Молдахметова Көшірмесі дұрыс Судья Т. Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.