Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/672 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 сәуір №6003-26-00-2к/672 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында төрағалық етуші судья Г.Б.Бастаубаев, судьялар М.Т.Кадырова,

Н.О.Косанов,

талап қоюшы өкілі Б.О.Исмаиловтың, жауапкер өкілі Е.Т.Шуланбековтың бейнебайланыс арқылы қатысуларымен,

ашық сот отырысында арыз беруші «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) борышкер «Ас-Бай и компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) банкрот деп тану туралы электрондық азаматтық істі Серіктестіктің Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Басқарма аталған арызбен сотқа жүгініп, оны Серіктестіктің қаржылық дәрменсіздігіне негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен арыз қанағаттандырылып, Серіктестік банкроттық рәсімі қозғала отырып таратылған, оның мүлкі мен істерін басқару құқығы уақытша басқарушыға берілген, шешім шығарылғанға дейін берілген кредитор талаптарының сомасы 305 483 437 теңге мөлшерінде айқындалған және бір қатар әрекеттер жасау міндеттелген, 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.

Серіктестік кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілген.

«Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ Заңының (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 2- тармағының екінші абзацында борышкердің салықтық берешек сомасын,

сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешекті Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шарасы қабылданғаннан кейін өтемеуі кредитордың салықтық және кедендік төлемдер бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы өтінішпен сотқа жүгінуіне негіз болып табылатыны бекітілген.

«Соттардың заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерді оңалту және олардың банкроттығы туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы №2 Нормативтік қаулысының 15-тармағына сәйкес егер борышкер есепке алу құжаттамасына қолжетімділікті қамтамасыз етпесе, онда уақытша басқарушы Заңның 49-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытынды жасаудың мүмкін еместігі туралы акт жасайды.

Соттар уақытша басқарушының Заңның 88-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сай мемлекеттік органдардан, жеке және заңды тұлғалардан борышкер және оның мүлкі туралы ақпаратты сұратуға құқылы екенін ескеруі тиіс.

Бұл ретте сот іс материалдарындағы өтініш беруші, әкімші, өзге де мүдделі тұлғалар ұсынған дәлелдемелерді, оның ішінде тиісті құқықтық баға берілуге тиіс уақытша басқарушы актісінің мазмұнын негізге алып шешім қабылдауға тиіс.

Серіктестік Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында салық төлеуші ретінде 2010 жылғы 11 ақпанда тіркеліп, Шымкент қаласы, Самал-2 шағын ауданы, 1207 «А» үйде орналасқан, басшысы Н.У.Тойлыбаев, негізгі қызметі: тұрғын үй ғимараттарының құрылысы.

Сот шешіміне сәйкес Серіктестіктің салықтық берешегі 305 483 437 теңге, оның ішінде негізгі төлем сомасы 114 451 573 теңге, өсімпұл 189 487 869 теңге, айыппұл 1 543 995 теңге, бұл берешек қосылған құн салығынан және корпоративті табыс салықтары бойынша 2019 жылдың ІІ, ІІІ, ІVтоқсандарына, 2021 жылдың ІІ-тоқсанына 2021 жылғы 15 сәуірдегі табыстау нәтижесінде пайда болған.

Аталған берешекті өндіру мақсатында Басқарма тарапынан сол кезде қолданыста болған «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 121-бабының 3- тармағында қарастырылған барлық мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылған.

Соттар Басқарманың арызын қанағаттандыру барысында соңғысы Серіктестікке мәжбүрлеп өндіру туралы барлық шаралар қолданған (салық берешегін өтеу туралы хабарламалар жолданған, банк шоттарындағы ақша

есебінен өндіріп алу өкімдері бойынша инкассалық өкімдер орындаусыз қалған), уәкілетті органдарға Серіктестіктің меншігіне тіркелген жылжитын және жылжымайтын мүліктердің бар-жоғы жөнінде сұраныстар жолданып, ондай мүліктің тіркелмегені анықталған, Серіктестік төлем қабілеті жоқ борышкер, уақытша басқарушы берген қорытындысында борышкер қаржылық тұрақтылықтың ІІІ-сыныбына жатады және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар деп асығыс тұжырым жасаған.

Басқарма арызының мазмұнына қарағанда Серіктестіктің берешегі 2022 жылғы 24 тамыздағы №158 салықтық тексеру актісі негізінде пайда болғаны көрсетілсе, сот шешімінде көрсетілгендей берешек қосылған құн салығынан және корпоративті табыс салықтары бойынша 2019 жылдың ІІ, ІІІ, ІVтоқсандарына, 2021 жылдың ІІ-тоқсанына 2021 жылғы 15 сәуірдегі табыстау нәтижесінде пайда болғаны туралы дәлелдемелер іс құжаттарында жоқ.

Шымкент қаласының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы үкімімен Серіктестік директоры мен бас есепшісі Н.У.Тойлыбаев пен З.Менлибайқызы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 245-бабының 3-бөлігімен (аса ірі мөлшерде салықты және (немесе) бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеуден жалтару) сотты болып, бас бостандықтарынан айырылған.

Бұл қылмыстық істің қозғалуының себебі ретінде жоғарыда аталған 2022 жылғы 24 тамыздағы №158 салықтық тексеру актісі негіз болған, оған сай Серіктестіктің 2019 жылғы 1 қаңтар мен 2020 жылғы 30 маусым аралығында мемлекет алдындағы салық бойынша берешегі 223 817 377 теңгені құрағаны көрсетілген.

Үкіммен азаматтық талапкер Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің талап қоюы қанағаттандырылып, азаматтық жауапкерлер Н.У.Тойлыбаев пен З.Менлибайқызынан мемлекет пайдасына 223 817 377 теңге мүліктік шығын (төлеуден жалтарған салық сомасы) өндірілген.

Шымкент қалалық сотының 2024 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен Н.У.Тойлыбаев пен З.Менлибайқызына бірінші сатыдағы сотпен тағайындалған жаза өзгертіліп, оларға шартты жаза тағайындалған.

Тағайындалған жазаның өзгертілуіне Н.У.Тойлыбаев пен З.Менлибайқызы тарапынан сот үкімімен өндірілген төлеуден жалтарған салық сомасы 223 817 377 теңге мүліктік шығынның және өзге де сот шығындарының толығымен мемлекетке төленуі негіз болған.

Демек, Басқарманың Серіктестікті банкрот деп тану туралы арызы негізделген 2022 жылғы 24 тамыздағы №158 салықтық тексеру актісінде көрсетілген салық бойынша берешек 223 817 377 теңге сот үкімі негізінде мемлекетке төленген.

Мұндай жағдайда Серіктестіктің №158 акті бойынша қарызы дәлелденбеген болады.

Сонымен қатар, соттар уақытша басқарушы берген қорытындысында борышкер қаржылық тұрақтылықтың ІІІ сыныбына жатады және оны банкрот деп тану үшін негіздер бар деп көрсеткенін басшылыққа негізсіз алған.

Өйткені, іс құжаттарына Серіктестіктің уақытша басқарушысының 2024 жылғы 6 желтоқсандағы борышкердің қаржылық тұрақтылығы туралы қорытынды жасау мүмкін еместігі туралы актісі тіркелген, онда ол Серіктестікті банкрот деп тану мәселесін соттың қарауына қалдыратынын көрсеткен.

Өз кезегінде, борышкер уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына қол жеткізуді қамтамасыз етпегендігі оны сөзсіз банкрот деп тануға негіз бола алмайды. Істің мұндай тұрғысында, соттардың сот актілерінің күші жойылып, арызды қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім шығарылуға, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатады. АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 13 желтоқсандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 қарашадағы қаулысының күші жойылсын.

Арыз беруші «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің арызын қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығарылсын.

Борышкер «Ас-Бай и компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Г.Бастаубаев

Судьялар М.Кадырова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.