ВС РК - Постановление от 15.12.2021 по делу 6001-21-00-3гп/505 (Гражданское)

№ 6001-21-00-3гп/505

Қ А У Л Ы

2021 жылғы 15 желтоқсан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Б.Ж.Тоқтарова,

судьялар З.Б.Кейкибасова, А.Ә.Сапарова,

талап қоюшының өкілі А[...], жауапкердің өкілі

М[...] қатысуымен бейнеконференцбайланыс арқылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында С[...] Ф[...] тұрғын үй мен моншаны ортақ мүлік деп тануды, сол жылжымайтын мүліктерден әрқайсысының тең үлестерін танып, әрқайсысының үлестерін ақшалай белгілеу туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімін, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысын қайта қарау туралы талап қоюшы С[...] келтірген өтінішхаты бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

С[...] толықтырулары мен нақтылаулары ескеріліп, Ф[...] қатысты сотқа талап қою арызын беріп, онда ол 2011 жылы салынған техникалық паспорт бойынша Қызылорда қаласы, [...] мекенжайы бойынша орналасқан «Б» литер тұрғын үй-жай және «Г» литер монша деп аталатын жылжымайтын мүлікті (бұдан әрі - даулы мүлік) ортақ меншік деп тануды сұраған. Сондай-ақ, ол осы мүліктің әрқайсысының тең үлесін тануды және әрқайсысының ақшалай үлесін анықтауды сұраған. Даулы мүлік онын жауапкермен тіркелген некеде тұрған кезінде салынғанымен және ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншік режимінде екендігі жөніндегі талаптарымен уәждеген.

Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған. Сонымен қатар сот «Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысының атына жеке ұйғарым шығарған.

Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта талап қоюшы сот актілерімен келіспей, олардың күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Жауапкермен өтінішхатқа пікір ұсынылмаған.

Алқа істің мән-жайлары бойынша тараптар өкілдерінің түсіндірмелерін тыңдап, азаматтық іс материалдарын зерделеп, өтінішхаттың уәждерін талқылап, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Сот алқасы іс бойынша мұндай негіздер бар деп санайды.

1988 жылғы 26 желтоқсандағы сатып алу-сату шарты бойынша № [...] үйдің көлемі 51,40 шаршы метр, сарай 28,00 шаршы метр, жер алаңы 600 шаршы метр (бұдан әрі - ескі үй) Ф[...] заңды некеде болған зайыбы А[...] меншігіне тіркелген.

А[...] 1995 жылғы 29 маусымда қайтыс болған.

2003 жылғы 24 қарашада нотариус Е[...] куәландырылған мұраға құқық беру туралы куәлікке сай А[...] қалған ескі үйге оның жұбайы Ф[...] мұрагерлігі танылған.

Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 11 шілдедегі шешімімен Ф[...], Ф[...] талап қою арызы бойынша Ф[...] берілген 2003 жылғы 24 қарашадағы мұраға құқық беру туралы куәлігі жарамсыз деп танылып, күші жойылған. 2020 жылғы 5 мамырда нотариус Е[...] куәландырылған мұраға құқық туралы куәлікке сай бұрынғы жұбайы А[...] қайтыс болғаннан кейін, көлемі 51,40 шаршы метр, сарай 28,00 шаршы метр, жер алаңы 600 шаршы метр ескі үйге Ф[...] және қыздары Ф[...], Ф[...] теңдей үлесте мұрагерлігі танылған.

2009 жылғы 28 тамызда С[...] жауапкер Ф[...] заңды некеге тұрған. Қызылорда қалалық сотының 2019 жылғы 24 желтоқсандағы шешімімен неке бұзылған.

Тараптар некеде болған кезде, яғни 2009 жылдан бастап, ескі үй орналасқан жер учаскесінде литер «Б» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 143,1 шаршы метр тұрғын үй мен литер «Г» ретінде тіркелген, жалпы ауданы 16,1 шаршы метр монша салынған.

Бұл тұрғын үй мен монша 2011 жылғы 10 мамырдағы қабылдау актісі негізінде рәсімделіп, тиісті түрде мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, техникалық паспортпен берілген.

Іс материалдарынан көрінгендей, 2020 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша даулы мүлікке меншік құқығы жауапкер мен оның қызы Ф[...] атына тіркелген және ортақ бірлескен меншік режиміне ие. Тараптар арасында даулы мүлікті бөлу туралы келісімге қол жеткізілмегендіктен, С[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюдан бас тартуды талап қоюшы даулы мүлік орналасқан жер учаскесі бойынша талап қоймаған деп негіздеген. Жер учаскесі оған тұрғызылған жылжымайтын мүлікпен тығыз байланысты. Сондықтан даулы мүлік мәселесі жер учаскесі бойынша мәселе шешілгенге дейін шешілмейді.

Сонымен қатар, сот талап қоюшы тарапынан жер учаскесінде үлесі бар Ф[...] қыздарын жауапкер ретінде тарту ұсынысы болмағанын көрсеткен.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіскен.

Алайда соттар келесіні ескермеген.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 33-бабының 1-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.

Соттар даулы мүліктің тараптардың тіркелген некеде тұрған кезеңінде салынғанын және пайдалануға қабылданғанын анықтаған және іс материалдарымен расталған.

Бұл ретте жауапкер мен оның қыздары заң бойынша мұраға қалдырылуына орай ортақ бірлескен меншік құқығымен өздеріне тиесілі жер учаскесінде даулы мүліктің салынуына және пайдалануға қабылдануына қарсы болмаған. Неке бұзылғанға дейін талап қоюшыға ешқандай шағым түспеген.

Сот құрылыс-тауартану сараптамасының 2020 жылғы 10 қарашадағы № 2112 қорытындысына сәйкес жер учаскесін есептемегенде тұрғын үйдің құны 11 444 000 теңге мөлшерінде анықталған, талап қоюшы моншаның құнын 600 000 теңге мөлшерінде көрсеткен.

АПК-нің 15-бабының 2-бөлігінде тараптардың азаматтық сот ісін жүргізу барысында өз ұстанымын, оны қорғау тәсілдері мен құралдарын өз бетінше және соттан және іске қатысатын басқа да адамдардан тәуелсіз таңдайтыны бекітілген.

Осы баптың 3-бөлігіне сәйкес сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мәнжайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.

Сот іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдарлары туралы ескертеді, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылайды, олармен істің мән-жайларын талқылайды және осы Кодексте

көзделген жағдайларда, оларға өздерінің құқықтарын жүзеге асыруға жәрдемдеседі.

Сот шешімді әрбір тарапқа бірдей негіздерде зерттеуге қатысуды қамтамасыз еткен дәлелдемелерге ғана негіздейді.

АПК-нің 225-бабының 2-бөлігіне сәйкес сот істі талап қоюшы мәлімдеген талаптар шегінде шешеді.

Аталған нормалардың талаптарына қарамастан, жергілікті соттар талап қоюшының даулы мүлік жөніндегі талаптарын шешуді осы мүлік орналасқан жер учаскесі бойынша мәселенің шешілуіне тәуелді етіп қойған.

Алайда талап қоюшы өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырып, жер учаскесі бойынша қандай да бір талаптар қоймай өз ұстанымын дербес таңдаған. Кассациялық сатыдағы соттың отырысында талап қоюшының өкілі даулы үйде отбасы мүшелерімен жауапкердің тұратыны, талап қоюшының басқа жерде тұратыны жөнінде түсіндірме берген.

Мұндай жағдайларда сот алқасы талап қою мәні бойынша қаралуға жатады деген қорытындыға келеді.

Осыған байланысты даулы сот актілерінің күші жойылуға, ал іс бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберілуге жатады.

Істі жаңадан қарау кезінде сот заң бұзушылықтарды жойып, Ф[...] қыздарын жауапкер ретінде іске қатысуға тарту туралы мәселені шешуі, істің барлық мән-жайларын мұқият зерттеуі, іске қатысатын адамдардың дәлелдерін тексеруі, ұсынылған дәлелдемелерге дұрыс құқықтық баға беруі және анықталуына қарай заңды және негізді шешім қабылдауы қажет.

Іс материалдары мен кассациялық іс жүргізуден көрінгендей, С[...] бірінші өтінішхатты заңда белгіленген мерзімде берген және мемлекеттік бажды дұрыс төлеген. Одан әрі ол 2021 жылғы 27 қыркүйекте № 2109274919594 түбіртекпен 27 120 теңге және 2021 жылғы 28 қыркүйекте № 2109288945563 түбіртекпен 3 000 теңге сомасында мемлекеттік бажды артық төлеген.

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы кодексінің 108-бабына сәйкес көрсетілген сомалар артық төленген ретінде талап қоюшыға қайтарылуы тиіс. АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 4) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Қызылорда облысы Қызылорда қалалық сотының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы шешімінің және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 11 наурыздағы қаулысының күші жойылсын.

Іс Қызылорда қалалық сотына басқа құрамында қайтадан қаралуға жіберілсін.

С[...] төленген мемлекеттік баж 27 120 (жиырма жеті мың жүз жиырма) теңге және 3 000 (үш мың) теңге сомасында қайтарылсын.

С[...] өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Б.Тоқтарова Судьялар З.Кейкибасова А.Сапарова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.