Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.02.2026 по делу 6003-25-00-2к/3737(2) (Гражданское)

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 18 ақпан №6003-25-00-2к/3737(2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, В.Е.Тохтарбаева,

талап қоюшы Г.О.Утепованың, оның өкілі О.М.Аубакировтың, жауапкер К.А.Базарбаеваның, оның өкілі Р.Р.Мусакуловтың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында,

талап қоюшы Газиза Омирзаковна Утепованың жауапкер Каршыга Андреевна Базарбаеваға ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау және моральдық зиянды өндіру туралы талап қою жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының өкілі О.М.Аубакировтың Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер К.А. Базарбаеваның 2024 жылғы 16 қыркүйекте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «№1 «Өркен» арнайы мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ф.Ш.Казбекованың атына жазылған арыз-шағымындағы «Газиза Омирзаковна Утепова өсекпен айналысатын, тәрбиешілерге жала жауып, көп мөлшерде ақша жинайтын жемқор» деген мәліметтер талап қоюшы Г.О. Утепованың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәлімет деп танылған.

Жауапкер К.А.Базарбаевадан талап қоюшы Г.О.Утепованың пайдасына келтірілген моральдық зиянның өтемақысы ретінде 100 000 теңге және 2 846 теңге көлемінде мемлекеттік баж алымы өндірілген.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертілген.

Талап қоюшы Г.О.Утепованың жауапкер К.А.Базарбаеваға ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау туралы және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған. Шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы Г.О.Утеповадан жауапкер К.А.Базарбаеваның пайдасына өкілдің көмегіне 150 000 теңге өндірілген.

Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында апелляциялық сот жауапкердің талап қоюшының ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді таратқанына назар аудармағанын, істің мән-жайын дұрыс анықтамағанын, материалдық құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот іс құжаттарын зерделеп, іске қатысушы тұлғалардың түсініктерін тыңдап, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427- бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

Апелляциялық сотпен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Сот практикасында жеке және заңды тұлғалардың ар-намысын, қадір-қасиетін және iскерлiк беделін қорғау жөніндегі заңнаманы қолдану туралы» 1992 жылғы 18 желтоқсандағы №6 нормативтік қаулысының (бұдан әрі - Нормативтік қаулы) 1-тармағына сай, азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату деп баспада жарияланған, радио, телевизия арқылы, басқа да масс-медианы пайдаланып хабарланған, мінездемелерде, көпшілік алдында сөз сөйлеуде, әртүрлі ұйымдарға, лауазымды адамдарға жолданған арыздарда көрсетілген немесе басқа, оның ішінде бірнеше немесе ең болмағанда бір адамға ауызша хабарланған мәліметтер танылатынын соттардың ескергені жөн.

Заңдарды, қоғамның моральдық қағидаттарын сақтау тұрғысынан қоғамдық пікірде немесе жеке азаматтардың пікірінде азаматтың немесе ұйымның ар-намысы мен қадір-қасиетін кемітетін, шындыққа сай келмейтiн мәліметтер (мысалы, еңбек ұжымында, отбасыда опасыз әрекеттің, лайықсыз қылықтардың жасалғаны туралы мәліметтер; өндірістік-шаруашылық қызметке, беделге нұқсан келтіретін мәліметтер және т.б.) нұқсан келтіретін мәліметтер болып табылады.

Нормативтік қаулының 2 тармағында Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 141, 143-баптарында, АПК-нің 23 және 150-баптарында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша қозғалған азаматтық істерді қараған кезде соттарға: теріске шығару туралы талап қойылған мәліметтердің таратылғантаратылмағанын, олар азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, ұйымның беделіне нұқсан келтіретін-келтірмейтінін және осы мәліметтердің шындыққа сай келетiнiн түбегейлі толық анықтау қажет екені көрсетілген.

Ар-намысқа және қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер шындыққа сай келмейтiнi анықталған жағдайда, жауапкердің осы мәліметтерді таратуда кінәсінің болуы-болмауына қарамастан, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.

АК-нің 143-бабында азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.

Азаматтық істі құжаттарына қарағанда, 2024 жылғы 16 қыркүйекте жауапкер Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «№1 «Өркен» арнайы мектепинтернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ф.Ш.Казбекованың атына арыз-шағыммен жүгініп, онда «Газиза Омирзаковна Утепова өсекпен айналысатын, тәрбиешілерге жала жауып, тәрбиешілерден көп мөлшерде ақша жинайтын жемқор» деген мәліметтерді көрсеткен.

Нормативтік қаулының 8 тармағына сәйкес, АК-нің 141-бабының 3- тармағына және 143-бабының 1-тармағына сәйкес таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетiнін дәлелдеу міндеті жауапкерге жүктеледі. Талап қоюшы талап қоюында көрсетілген адамның ол жөнінде нұқсан келтіретін мәліметтерді тарату фактісін ғана дәлелдеуге міндетті, сонымен қатар ол ар-намысына және қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтердің шындыққа сай келмейтiні жөнінде дәлелдемелерді де ұсынуға құқылы. Егер дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот тараптарға қосымша дәлелдемелер беру жөнінде ұсыныс жасауға немесе өз бастамасымен оларды талап етіп алдыртуға құқылы.

Қолданыстағы заң талаптары бойынша осы санаттағы істерді қарау барысында соттар: 1) теріске шығару туралы талап қойылған мәліметтердің таратылғантаратылмағанын; 2) олар азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, ұйымның беделіне нұқсан келтіретін-келтірмейтінін; 3) осы мәліметтердің шындыққа сай келетiнiн түбегейлі толық анықтау қажет.

Жауапкердің мектеп директорына арыз-шағыммен жүгінініп, онда талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсат келтіретін мәліметтерді көрсетуі, мектеп директорының осы көрсетілген фактілер бойынша тексеру жүргізуі, арызшағымдағы мәліметтердің мектеп ұжымына таратылғанын растайды.

2024 жылғы 24 қазандағы №1259 сараптама қорытындысында зерттеуге ұсынылған К.Базарбаеваның арыз-шағым мәтінінің құрамында шындыққа сәйкес келмеген жағдайда Ғ.О.Утепованың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жағымсыз мәліметтер бар деген тұжырымға келген.

Бірінші сатыдағы сот жауапкермен көрсетілген мәліметтер, талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәліметтер деп танылуға жатады деген дұрыс тұжырымға келген. Өйткені, жауапкермен азаматтық істі қарау барысында таратылған мәліметтердің шындыққа сай келетінін растайтын дәлелдемелер ұсынылмаған.

Мұндай жағдайда кассациялық сот апелляциялық соттың жауапкер жоғарыда көрсетілген мәліметтерді талап қоюшы Г.О.Утепованың тікелей басшысы - мектеп директоры Ф.Ш.Казбекованың атына жазған арызда көрсетуі орынды деген уәжін негізсіз деп табады.

Талап қоюшының өсекпен айналысып, жала жабатыны, себепсіз қарамағындағы тәрбиешілерден көп мөлшерде ақша жинайтын жемқор екені тиісті дәлелдермен, оның ішінде құзыретті құқық қорғау органдарының, соттың актілерімен дәлелденбеген.

Сондықтан, бірінші сатыдағы сот аталған негіздерге байланысты жауапкер К.А. Базарбаеваның 2024 жылғы 16 қыркүйекте мектеп директорының атына жазған арыз-шағымындағы мәліметтер талап қоюшы Г.О.Утепованың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сай келмейтін мәлімет деп таныған.

Сонымен қатар, апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспей, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қаулысындағы тұжырымын апелляциялық сотта куә ретінде сұралған Ж.Р.Абишеваның, Г.Ходжаеваның мектептің аттестациясына өту үшін мұғалімдерден ақша жинағаны өздеріне белгілі екенін растаған жауаптарымен негіздеген.

Алайда, бұл куәлер нақты Г.О.Утепованың мұғалімдерден тікелей ақша жинағаннын растамаған. Апелляциялық сот куә Г.Ходжаеваның мектеп директорының 2023 жылғы 1 желтоқсандағы №137-ж/қ бұйрығымен зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты жұмыстан босатылғанын, мектепте жұмыс істемейтінін назарға алмаған. Кассациялық сот бірінші сатыдағы соттың АК-нің 143, 951, 952 баптарының талаптарына сай мәліметтерді анықтау барысында талап қоюшының ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтірілгенін назарға алып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 100 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өндіруін заңды деп санайды. Істің мұндай тұрғысында бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруы негізді.

Сондықтан кассациялық сот апелляциялық соттың қаулысының күші жойылып, бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.

Тараз қалалық сотының 2025 жылғы 3 наурыздағы шешімі күшінде

қалдырылысын.

Жауапкер Каршыга Андреевна Базарбаевадан талап қоюшы Газиза Омирзаковна Утепованың пайдасына 1 500 (бір мың бес жүз) теңге мемлекеттік баж өндірілсін.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков Судьялар: Л.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.