КСАД РК - Постановление от 08.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/149 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 қырқүйек 6003-25-00-4к/149 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Е.М.Нұралиев

судьялар Л.Е.Кудекова, Ш.С.Манжуева болып,

талап қоюшы М.К. Турсынбекова, талап қоюшының өкілі С.И. Султанбекова, жауапкердің өкілі Ә.Е.Қайсаевтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Мунсыз Калкамановна Турсынбекованың жауапкерлер «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне 2024 жылғы 8 қазандағы бұйрықтың күшін жою және кезекті қалпына келтіруге мәжбүрлеу туралы талап қоюы бойынша қозғалған әкімшілік ісімен,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешіміне, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымы бойынша қарап, төмендегіні

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы бірінші сатыдағы сотқа арыз түсіріп, онда жауапкерге қатысты жағарыдағы талаптарымен жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттын шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы өзінің кассациялық шағымында, іс бойынша қабылданған жоғарыдағы сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды және талап арызды қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық сот, тараптардын түсінігін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігі бойынша, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427–бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, М.К.Турсынбекова 2007 жылғы 11 қыркүйектен бастап «1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған.

Басқарманың 2024 жылғы 8 қазандағы №03-06/277 бұйрығымен М.К.Турсынбекованың кезегі 2017 жылғы 1 наурызға ауыстырылған, оған негіз болған талап қоюшының жұбайына меншік құқығымен тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығаруы.

Атап айтқанда, 2006 жылғы 27 сәуірдегі сатып алу-сату шарты негізінде талап қоюшының жұбайы Ж.Н.Жунусовтың Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Новый кенті, Крупская көшесі, 13-үй мекенжайы бойынша жер учаскесі бар тұрғын үй сатып алғаны анықталған. Аталған тұрғын үй кейіннен 2012 жылғы 8 ақпандағы сатып алу-сату шарты негізінде иеліктен шығарылып, ол туралы 2012 жылғы 1 наурызда тіркелген.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 - бабы екінші тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады. Заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі.

ӘРПК-нің 5-бабы екінші тармағы бойынша, әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақтылы шешу болып табылады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 69-бабы 1-тармағына сәйкес, осы елді мекенде тұрақты пайдалануында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтары, егер; есепке қойған кезде және коммуналдық тұрғын үй қорынан немесе мемлекеттік кәсіпорынның тұрғын үй қорынан тұрғын үй берген кезде Қазақстан Республикасының аумағында меншiк құқығында олардың тұрғын үйi болмаса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаж деп танылады. Талап қоюшы М.К.Турсынбекова 2007 жылғы 11 қыркүйектен бастап «1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде № 4567 қойылған, сөйтіп 17 жыл мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұрған. Алайда, Басқарманың 2024 жылғы 8 қазандағы №03-06/277 бұйрығымен оның кезегі Заңның 72-73 баптарының негізінде 2017 жылғы 1 наурызға ауыстырылған.

Заңның 73-бабы 4-тармағына сәйкес, азамат тұрғынжайға мұқтаждар есебiне ол үшiн негiздер болмаса да қойылып, тәртiп бұзушылық байқалған, бiрақ кейiннен мұндай негiздер пайда болған (отбасы мүшелерi санының көбеюi, отбасының жиынтық табысының кемуi және сол сияқтылар) жағдайларда ол негiздер пайда болған күннен бастап мұқтаж деп танылады және оның кезегi соған сәйкес ауыстырылады.

Талап қоюшының жұбайы Ж.Н.Жунусовтың Қостанай облысы, Арқалық қаласы, Новый кенті, Крупская көшесі, 13-үй мекенжайы бойынша жер учаскесі бар болғанына қарамастан, талап қоюшы М.К.Турсынбекова 2007 жылғы 11 қыркүйектен бастап «1 және 2-топтағы мүгедектігі бар адамдар» санаты бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде № 4567 қойылғаны расталды.

Бүл тұста жауапкердің тарапынан бақылаудың болмағаны жоққа шығарылмайды.

ӘРПК-нің 13 -бабының үшінші бөлігіне сәйкес, әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен қабылданған заңсыз әкімшілік акт, сондай-ақ әкімшілік органның, лауазымды адамның кінәсінен жасалған заңсыз әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушы үшін ауыртпалық салатын салдарға алып келмейді.

Кассациялық соттың пікірінше, аталған іс бойынша Заңның 74-бабы төртінші бөлігінің талаптары қолданылмауға тиіс, себебі талап қоюшы тарапынан қандайда бір есепке қойылуына қатысты заң бұзушылық орын алмаған және бұл жағдай ол үшін ешбір ауыртпалық салдарға әкелмеуі тиіс. Мұндай жағдайда, төменгі сатыдағы соттардын сот актілерінің күші жойылып, әкімшілік іс бойынша жаңа шешім шығарылуға жатады.

Өйткені, талап қоюшының жауапкердің 2024 жылғы 8 қазандағы бұйрығының күші жойылып, оны кезекті қалпына келтіруге мәжбүрлеу қажеттілігі туындап отыр.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 21 қарашадағы шешімі, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 ақпандағы қаулысы бұзылып, іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Мунсыз Калкамановна Турсынбекованың талабы қанағаттандырылсын.

«Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 8 қазандағы бұйрығының күші жойылсын.

Талап қоюшы Мунсыз Калкамановна Турсынбекованы кезегі қалпына келтірілсін.

Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Е. Нұралиев

Судьялар

Л. Кудекова

Ш.Манжуева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.