Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 11.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/4005 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 11 наурыз №6003-25-00-2к/4005 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, құрамында: төрағалық етуші судья Г.Бастаубаев, судьялар А.Даненова, А.Токсанбаев, талап қоюшы Б.Казыбеков, талап қоюшылардың өкілдері К.Орынбасаров, Б.Камалов, үшінші тұлғаның өкілі А.Сырымбетованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар Манат Осербаевич Даулетбаев, Рыскүл Бауык, Рустем Айболтович Жумашев, Қыдырхан Жағапар, Сәбит Мұрат, Зинагуль Арипбаевна Искакова, Жанар Нұрсағатқызы Қасенова, Гаухар Айтмуханбетовна Толебаева, Назигуль Сансызбаевна Саниязова, Жумабек Бескемпирович Уразалиев, Болат Дауытакынович Елгезеков, Жасулан Жанбыршиев, Гульжанат Молдабаева, Жанат Макенович Жумабеков, Бекболат Кундеубай, Турсын Ахметович Бегалиев, Жумабек Жуанышевич Мырзалиев, Талап Жаксылыкович Жумаканов, Абилсейт Абилбаевич Тампышов, Кемелбек Канайбек, Бәзітай Рақым, Қажен Ишан, Тамара Кадиржановна Жанбыршиева, Канат Ауганбаевич Койлыбаев, Нурман Акишович Султанбаев, Болат Төлеген, Газиз Нургожаевич Нурпейсов, Қуанышбай Нұрсейт, Бектурсын Кожалимович Казыбеков, Дархан Сураншиевич Есенбаев, Ақмарал Такенқызы Мұстафаева, Куаныш Казиевич Аскарбаев және Куатбек Мамайханович Акимбаевтың жауапкер «Нурай несие» кредиттік серіктестік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамына кепілдік шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қабылданған Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешіміне және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысына даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының кассациялық шағымымен келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Талап қоюшылар аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны кепілдік міндеттемесіне қолдарын қоймағандарымен негіздеген.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылдың 16 қыркүйегіндегі қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025

жылғы 4 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, 2013 жылғы 23 желтоқсандағы және 2015 жылғы 5 маусымдағы «Нурай несие» кредиттік серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі -серіктестік) мен оның қатысушылары талап қоюшылар арасында жасалған «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қоғам) берілген кепілдік міндеттемесі жарамсыз деп танылған және серіктестіктен үлестік тәртіпте талап қоюшылардың әрқайсысының пайдасына 1 846 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген.

Қоғам кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған. Кассациялық сот, іске қатысушылардың түсіндірмелерін тыңдап, іс құжаттары мен шағым уәждерін тексеріп, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 331-бабына сай, (әрі қарай - АК) кепiл болушылық немесе кепiлдiк шарттарының негiзiнде кепiлдiк және кепiл болушылық пайда болады. Кепiлдiктi қолдану заңмен белгiленуi мүмкiн. Кепiлдiк немесе кепiлгерлік шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиіс.

Жазбаша нысанды сақтамау кепiлдiк немесе кепiлгерлік шартының маңызсыздығына алып келеді.

АПК-нің 76-бабы 4-бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 36-бабында көзделген негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылған тұлға жасаған іс-әрекеттің азаматтыққұқықтық салдары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен талап қою кезінде қайта дәлелденбейді.

«Жетісу ӘКК» ӨДИ АҚ Алматы облысы аумағының әлеуметтікэкономикалық дамуына байланысты мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ететінін, шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосатынын, Қазақстан Республикасындағы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» мемлкеттік бағдарламасы шегінде АҚ шағын кәсіпкерлік өкілдері шағын қаржы мекемелеріне және несие серіктестіктерін несиелендіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі №819 қаулысына сәйкес шағын қаржы мекемелерін және несие серіктестіктерін анықтау мақсатында конкурс ұйымдастырылған. Конкурс нәтижесінде Райымбек ауданы (сол уақытта) бойынша жеңімпаз болып «Нұрлы несие» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

танылған. Серіктестік заңды тұлға ретінде Алматы облысы Кеген ауданында 2018 жылғы 1 қазанда тіркелген. Талап қоюшылар басқа тұлғалармен бірге серіктестіктің құрылтайшылары (қатысушылары) болып табылады, басшысы болып У.Арышов тағайындалған.

Осыған байланысты, қоғам мен серіктестік арасында 2013 жылғы 2 шілдеде №12-38/13, 2013 жылғы 18 желтоқсанда №12-61/13, 2014 жылғы 18 шілдеде №12-07/14, 2015 жылғы 1 маусымда №12-42/15 соңғы несие алушыларға шағын несие беру шартымен келісім шарттар жасалған.

Талап қоюшылар (соңғы несие алушылар) 2023 жылғы 23 желтоқсанда, 1 шілдеде және 2015 жылғы 5 маусымда серіктестіктің қоғам алдындағы несиенің қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында кепілдік міндеттеме берген.

Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы №2а/1732 қаулысымен талап қоюшылардан бірлескен түрде қоғамның пайдасына 263 984 042 теңге, содан 231 806 819 теңге негізгі қарыз, 32 177 223 теңге өсім ақы, 2 639 840 теңге төленген мемлекеттік баж өндірілген.

Аталған сот қаулысы заңды күшіне енген және мәжбүрлі өндіруге жолданған.

Атқару өндірісі барысында жеке сот орындаушы М.Баймуханбетовамен талап қоюшылардың жеке мүліктеріне тыйым салынып, есеп шоттары бұғатталған.

2024 жылғы маусымда талап қоюшылар жеке сот орындаушыдан мәнжайды білу үшін барғанда, Алматы облысы сотының 2023 жылғы 21 желтоқсандағы қаулысының қанағаттандырылуына талап қоюшылардың аттарынан серіктестіктің қарызын өтеуде бірлескен жауапкерлер деп танып және қарызды бірлесіп өндіруге 2013 жылғы 23 желтоқсандағы және 2015 жылғы 5 маусымдағы жалған кепілдік міндеттемелері негіз болғаны белгілі болған.

Кеген аудандық полиция басқармасының тергеушісі А.Ханеттің 2024 жылғы 19 шілдедегі қаулысымен қозғалған қылмыстық ісі бойынша серіктестіктің басқарушысы У.Арышов даулы 2013 жылғы 23 желтоқсандағы және 2015 жыл 5 маусымдағы кепілдік міндеттемелерді жасап, талап қоюшылардың атынан қолдарын қойып, оны құзырлы органдарға ұсынып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 385бабы 3-бөлігімен қылмысты жасағандығын толықтай мойындаған.

2024 жылғы 31 желтоқсандағы тергеушінің қаулысына сәйкес, серіктестіктің басқарушысы У.Арышовты қылмыстық жауаптылыққа тарту мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық іс ҚК-нің 35-бабы 1-бөлігі 4- тармағына сәйкес ақтамайтын негіздер бойынша өндірістен тоқтатылған.

Осыған орай, талап қоюшылар кепілге қолдарын қоймағандықтан оны жарамсыз деп тануды сұраған.

Бірінші сатыдағы сот серіктестік басқарушысы У.Арышовқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру акталмайтын негіздер тоқтатылғанын, қаулымен

талап қоюшылар серіктестігі арқылы алынған несиені қайтарымын қамтамасыз ету мақсатында кепілдік міндеттемелерге қол қоймағандары анықталғанын, бұл мән-жайлар АПК-нің 76-бабы 4-бөлігіне сәйкес азаматтық іс қаралғанда қайта дәлелденбейтінін негізге алып және У.Арышов пен қоғам арасында төленбеген қарыз бөлігін кестеге сәйкес қайтару жөнінде дауды сотқа дейін реттеу туралы медиациялық келісім жасалынғанын ескеріп, талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен келіскен.

Қоғамның жауапкер серіктестік заңды күшіне енген сот шешімімен таратылғаны, оның мирасқоры жоқ болуына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы уәжін келесі негіздерге байланысты негізсіз деп табады.

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 27 қарашадағы шешімімен серіктестік мәжбүрлі түрде таратылған. Тарату рәсімін жүзеге асыру «Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті» мемлекеттік мекемесіне жүктелген.

АК-нің 35-бабы 2-тармағына сәйкес заңды тұлғаның құқықтық қабілетілігі ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады.

Осы Кодекстің 50-бабы 10-тармағына сәйкес заңды тұлғаның таратылуы аяқталды, ал заңды тұлға өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізгеннен кейін есептеледі.

Алайда мемлекеттік тіркеу органдарының дерек қорының мәліметіне сәйкес серіктестік таратылмаған.

Осыған байланысты азаматтық іс бойынша іс жүргізу АПК-нің 277бабының 8) тармағына сәйкес тоқтатылуға жатпайды.

Сондай-ақ, сот талап қоюшылар кепілдік міндеттемелерін пайдакүнемдік және жауаптылықтан жалтару мақсатында заң талаптарына қайшы жасағандықтан, олардың құқықтары АК-нің 158-бабы 3-тармағына сәйкес қорғалуға жатпайтыны туралы шағым уәжін де сот негізсіз деп санайды. Себебі қоғам сотқа талап қоюшылар серіктестіктің басшысымен келісіп, кепілдікке басқа тұлғалардың қолтаңбасын қойдырып, пайдаланғаны туралы дәлелдеме ұсынбаған.

Кассациялық шағымның қалған уəждері соттардың қорытындыларын теріске шығармайды, тек келіспей, дәлелдемелерге басқа құқықтық баға берумен байланысты. Шағым иесімен соттармен материалдық және процестік құқықтық нормалары елеулі түрде бұзғаны туралы дәлелдемелер ұсынылмаған.

Көрсетілгендердің негізінде, сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1) тармақшасын басшылыққа алып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 4 маусымдағы шешімі және Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 16 қыркүйектегі қаулысы күшінде, даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірлік даму институты» акционерлік қоғамының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Г.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.