КСАД РК - Постановление от 16.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/1250 (Административное)

ҚАУЛЫ

16 қазан 2025 жыл №6003-25-00-4к/1250 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші судья Туғанбаев М.А., судьялар – Нуралыева Н.Е., Қасымов М.А. болып, жауапкердің өкілі Т.С.Смагулованың қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшылар С.Х.Сатбаев, Б.Т.Байгаранова, Н.Т.Хасенов, «ABS групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «АМАНГУЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Құрманбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – талап қоюшылар) «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрлігі табиғи монополияларды реттеу Комитетінің Абай облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – жауапкер, Департамент) тарифті және тарифтік сметаны бекіту туралы бұйрықты даулауы бойынша қабылданған,

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген. Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімімен талап арыз қанағаттандырылған.

Департаменттің 2024 жылғы 22 мамырдағы №34-НҚ жеке кәсіпкер Т.М.Рахимов көрсетіп отырған, бәсекелес кірме жол болмаған кезде кірме жолдардың қызметтеріне тариф және тарифтік сметаны бекіту туралы бұйрығының күші жойылған.

Департаментке жеке кәсіпкер Т.М.Рахимовтің тарифті бекіту туралы өтінімін жариялық тыңдау рәсімін қайта өткізіп қарау міндеттелген.

Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Кассациялық шағымда жауапкер істі қарау барысында зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Сот отырысының уақыты мен орыны туралы тиісінше хабарланған талап қоюшылар мен мүдделі тұлғалардың өкілдері сотқа келген жоқ.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115-бабына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Әкімшілік істі қарау барысында соттар анықтағандай, жеке кәсіпкер Т.М.Рахимов бәсекелес кірме жол болмаған жағдайда жылжымалы құрамның өтуі үшін кірме жолды ұсыну қызметін көрсетуші ретінде табиғи монополиялар субъектісі болып тіркелген және Департаменттің дауланып отырған бұйрығымен аталған тұлғаның өтінімі бойынша мемлекеттік қызмет көрсету ретінде жеке кәсіпкерге кірме жолдарға қызмет көрсету бойынша тариф және тарифтік сметасы бекітілген.

Осы бұйрықтың анықтама-негіздемесінен жеке кәсіпкер Т.М.Рахимов үшін 7 556,88 теңге вагон/км мөлшерінде жаңа тариф бекітілгені көрінеді. Бұрынғы бекітілген тарифтің мөлшері 3 033,46 тенге вагон/км болған.

Талап қоюшылар Аягөз станциясында орналасқан жылжымалы құрам үшін кірме жолдардың қызметін тұтынушылары болып табылады және осы бекітілген тарифпен келіспей, Департаменттің бұйрығын даулап сотқа жүгінген.

Соттар осы істі қарап, талап арыз қанағаттандырылуға жатады деген негізді тұжырымына іс бойынша анықталған келесі жағдайларды ескере отырып келген.

Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабына сәйкес тұтынушы реттеліп көрсетілетін қызметтерді осы Заңға сәйкес тарифтер бойынша сатып алуға және жария тыңдауларға қатысуға құқылы.

Заңның 20-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган тариф оңайлатылған тәртіппен бекітілген кезде ол бекітілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жария тыңдаулар өткізеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларының» 308-тармағына сәйкес уәкілетті органның ведомствосы тарифті оңайлатылған қағидалармен бекітуге арналған өтінімді, ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.

Осы Қағидалардың 310-тармағында көрсетілгендей уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық органы тарифті оңайлатылған тәртіппен бекітуге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде жария тыңдаулар өткізеді.

Жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты және (немесе) онлайн-трансляцияға сілтемені уәкілетті органның ведомствосы немесе оның аумақтық органы оңайлатылған тәртіптегі тарифтің жобасын талдау бойынша жария тыңдаулар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялайды.

Аталған құқықтық қатынастар орын алған кезде заңды күшінде болған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 11) тармақшасында мерзімді баспасөз басылымы – бұл тұрақты атауы бар, ағымдағы нөмірі бар және кемінде 3 айда бір рет шығатын газет, журнал, альманах, бюллетень және оларға қосымшалар деп көрсетілген.

Яғни, Департамент жеке кәсіпкер Т.М.Рахимовтың кірме жолдарға қызмет көрсету бойынша тарифті және тарифтік сметаны бекіту туралы өтінімін қарағанда, көрсетілген Заң нормасына сәйкес жария тыңдаулардың өткізілетін күні мен орны туралы ақпаратты және (немесе) онлайнтрансляцияға сілтемені осы іске қатысты әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауы міндетті еді.

Алайда, соттар анықтағандай, Департамент тарапынан аталған заң нормасы орындалмаған, жария тыңдауларды өткізу туралы хабарлама мерзімді баспасөз басылымдарында жарияланбаған. Бұл жағдайды Департаменттің өкілі кассациялық сотта жоққа шығармады және оның себебін мемлекеттік сатып алудың ұзаққа созылуымен түсіндірді.

ӘРПК-нің 6, 7, 8, 84-баптарына сәйкес әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу осы тарауда баяндалған қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.

Әкімшілік рәсімдердің және әкімшілік сот ісін жүргізудің қағидаттарын бұзу оның сипатына және елеулі болуына қарай әкімшілік актілерді, әкімшілік әрекеттерді (әрекетсіздікті) заңсыз деп тануға, сондай-ақ шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.

Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімдерді өз құзыреті шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырады.

Әкімшілік орган, лауазымды адам және сот әкімшілік істі қарау кезінде объективтілік пен бейтараптықты сақтай отырып, әкімшілік іске қатысушылардың әрқайсысына олардың әкімшілік істің мән-жайларын жанжақты және толық зерттеуге құқықтарын іске асыруына тең мүмкіндік пен жағдайды қамтамасыз етуге міндетті.

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.

Департаменттің тарифті бекіту процессінде тікелей жоғарыда көрсетілген заңнама нормаларымен көзделген рәсімдік әрекеттерді орындамауы, соттар анықтағандай, талап қоюшылардың құқықтарының бұзылуына алып келген.

Қорыта келе, дауланып отырған әкімшілік акт ӘРПК-нің талаптарын бұза отыра қабылданғандықтан, соттар оны дұрыс заңсыз деп таныған.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде кассациялық сот дауланып отырған әкімшілік акт заңсыз деген жергілікті соттардың тұжырымымен келіседі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Мұндай жағдайда жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 7 қарашадағы шешімі мен Абай облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 19 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Туғанбаев М.А.

Судьялар Нуралыева Н.Е. Қасымов М.А.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.