ВС РК - Постановление от 13.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/193 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 13 ақпан №6001-24-00-6ап/193 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,

судьялар – Е.Ж.Өмірәлиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,

прокурор Н.А.Молдахановтың қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Маңғыстау облысы білім басқармасының Ақтау қаласы бойынша «Ақтау қаласы бойынша білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (әрі қарай - Бөлім) жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Департамент), мүдделі тұлғалар «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі ішкі мемлекеттік аудит комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай – Комитет), 04.08.2023 жылғы және 16.01.2023 жылғы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманың 1, 6-тармақтарын заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешіміне, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы қаулысына жауапкер Департаментің келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жауапкерге 04.08.2023 жылғы және 16.01.2023 жылғы анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқаманың 1, 6-тармақтарын заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюмен сотқа жүгінген.

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер Департамент кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды. Тараптар сотқа келген жоқ, келмеген себептерін сотқа хабарлаған жоқ. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы ӘРПК 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, 13 маусым 2023 жылы Бөлімге қатысты, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықтарда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жас басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану мәселесі бойынша Департамент тарапынан аудиторлық тексеріс жүргізіліп, аудиторлық есеп жасақталған.

Аудиторлық есеп бойынша Бөлімнің тарапынан бөлінген қаржыландыру сомалары нормасынан асып кеткені, бюджет қаражатынан негізсіз төлемдер төленіп келген, бұзушылық сомасы 373 469,2 мың теңгені құраған. 4 тамыз 2022 жылы Департамент анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама Бөлімге жолданған.

Бөлім, аудиторлық есеппен келіспей, Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігіне шағымданып, 21 желтоқсан 2022 жылғы Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің сапа бақылау қортындысының нәтижесімен шағым ішінара қанағаттандырылып, бұзушылық сомасы кемітілген.

16 қаңтар 2023 жылы Департамент 4 тамыз 2022 жылы жолданған нұсқамаға, қосымша нұсқама қабылдап, бұзушылық сомасын 373 469,2 мың теңгеден 307 026,4 мың теңгеге кемітіп отыра Бөлімге қайта жолдаған.

Бөлім, бұл нұсқамамен келіспей, Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігіне шағымданып, 15 наурыз 2023 жылы аталған шағым қанағаттандырусыз қалдырылған.

Өз кезегінде Бөлім, нұсқаманың 1-ші және 6-шы бөліктерімен, яғни 307 026,4 мың теңге қаражатты бюджетке қайтару, тұлғалардың жауапкершілігін қарау бөліктерімен келіспей, сотқа жүгініп, талабын келесідей негіздермен уәждеген. Талап қоюшының пікірінше, ешқандай артық қаржыландыру орын алмаған. Қаражат балабақшалардағы бала санына қарай, жан басына бөліне отыра төленіп келген. Балабақшаларға бала саны сыйымдылығына орай қабылдау мүмкін емес, себебі бала саны көп, балабақшалар аз. Сыйақы балабақшалардың жұмысшыларына үнемделген сомалардан төленіп отырған. Сол себепті, аталған нұсқалардың бөліктерін заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Жергілікті соттар талапты қанағаттандырғанда нормативтік қаржыландыру әдістемесінің талабына сай қаржыландыру көлемі – жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативінің негізінде анықталатын білім беру процесіне және білім беру ортасына арналған шығыстарды қаржыландырылғанын негіздеген.

Сонымен қатар, Қаржы орталығы Акционерлік Қоғамының хатына сай, №597 бұйрықпен бекітілген әдістеме тек қана қаражатты жоспарлауды көздейтін, ал қаражатты жұмсау қолданыстағы бюджет заңнамасы негізінде жүзеге асырылатыны көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» қаулысының 2 тармағының 6 тармақшасының талабына сай, осы қаулыға 24 және 25-қосымшаларға сәйкес ұйымдардың қызметкерлеріне үнемдеу есебінен сыйлықақы беру жүзеге асырылатын, материалдық көмек көрсетілетін және ынталандырушы үстемеақы белгіленетін шығыстар түрлерінің тізбесі бекітілген.

Жылдың соңында бағдарлама шеңберінде жоспарлы бөлініп жұмсалған қаражаттан үнемделген сомма бюджеттік бағдарламада айқындалған 112 ерекшелік бойынша аустырылып, Бөлім қызметкерлеріне сыйлық ақы ретінде берілген.

Аталған заң нормаларына сай, үндемделген қаражат есебінен материалдық көмек көрсетілетін және ынталандырушы үстеме ақы төлену заңмен қарастырылғандықтан, Бөлімнің қызметкерлерге сыйлықақы бергені заңды деген тұжырмымен сот алқасы келіседі . Істің басқа да егжей-тегжейлі мән-жайлары, соттардың негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген. Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 16 мамырдағы шешімі, Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министірлігі ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің келтірген кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С.Баймаханов Е.Өмірәлиев Ғ.Әлжанов

Судьялар

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.