6001-23-00-6ап/305
ҚАУЛЫ
2023 жылғы 1 тамыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Н.Ү.Қайыпжан,
судьялар – Ж.Б.Ермагамбетова, Б.Т.Нажмиденов болып,
ашық сот отырысында талап қоюшы Н[...] жауапкер «Қызылорда облысының бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісін заңсыз деп танып, күшін жою, жұмыс берушінің кінә дәрежесін 100% деп акт қабылдау туралы талап қоюы бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға – «Аралтұз» акционерлік қоғамымен (бұдан әрі – АҚ) келтірілген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы сотқа жауапкерге жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгінген.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
«Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасы» мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі – Еңбек басқармасы) құрылған комиссияның зардап шегуші Н[...] қатысты 2022 жылғы 25 ақпандағы еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісі заңсыз деп танылып, күшін жойылған.
Еңбек басқармасының 2022 жылғы 8 ақпандағы бұйрығымен құрылған комиссияға еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны арнайы тергеп-тексеру актісін соттың құқықтық ұстанымын ескеріп қайтадан жасау міндетті жүктелген.
Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Кассациялық шағымда мүдделі тұлға қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Тиісті түрде хабарланған тараптар кассациялық сатының сот отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
Сот алқасы, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, шағымның дәлелдерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Соттарда анықталған мән-жайларға қарағанда, Н[...] 2022 жылғы 1 ақпандағы бұйрыққа сәйкес «Аралтұз» АҚ-ның №4 тұз өңдеу цехының жүкшісі ретінде жұмысқа қабылданған. 2022 жылғы 1 ақпанда жұмыс беруші «Аралтұз» АҚ-мы араларында еңбек шарты жасалған.
2022 жылғы 5 ақпанда «Аралтұз» АҚ-ның жүк тиеушісі Н[...] №4 тұз өңдеу цехында жұмыс жасап жүрген уақытта, оның аяғы жүк тасымалдауға арналған «ЛК-600-21» айналмалы тасымалдау құрылғысының (бұдан әрі – Құрылғы) таспасына қысылып қалып, жазатайым оқиға салдарынан оң аяғына ота жасалып, аяғы тізеден төмен кесілген.
Еңбек басқармасы өндірістегі жазатайым оқиға бойынша тергептексеру жүргізіп, оның нәтижесі бойынша 2022 жылғы 25 ақпанда еңбек қызметімен байланысты арнайы тергеп-тексеру актісін (бұдан әрі – Акт) жасап, жұмыс берушінің кінәсі 50 пайыз, жұмыскердің кінәсі 50 пайыз деп белгілеген.
О[...] Н[...] өз бетінше әрекеттер жасап, жұмыс жасап тұрған Құрылғының тасымалдау таспасынан жүкті алуға ұмтылған сәтте аяғы тайып кету салдарынан аяғын салып алып, өз денсаулығына зиян келтіргені анықталған.
Талап қоюшының шағымы негізінде Қызылорда облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы тергеп-тексеру нәтижелерін қайта қарап, 2022 жылғы 11 мамырдағы қорытындымен Актіні өзгеріссіз қалдырған.
Талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешімге келген төменгі сатыдағы соттардың жұмыс беруші қызметкерді Құрылғыға, яғни жұмыс орнына жібермес бұрын, өндірістік жарақаттануды болдырмайтын және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ететін қажетті шаралар қабылдауы керектігі, оның ішінде қызметкерге нұсқау беру және онымен байланысты ұйымдық-өкімдік құжаттармен танысу бойынша іс-әрекеттер жасалуы қажеттігі туралы тұжырымдарға келген.
Сот алқасы соттардың осы қорытындыларымен келіседі, өйткені олар істің мән-жайларына және материалдық құқық нормаларын дұрыс қолдануға негізделген.
Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің (бұдан әрі – Еңбек кодексі) 23-бабының 2-тармағының 9), 19) тармақшаларында жұмыс беруші жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, еңбек, ұжымдық шарттарға сәйкес еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, жұмыс орындары мен технологиялық процестерде кәсіптік тәуекелдерді болғызбау жөнінде шаралар қолдануға, өндірістік және ғылымитехникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізуге міндетті екендігі қарастырылған.
Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сай, егер еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру кезінде комиссия өрескел абайсыздық зиянның туындауына немесе оның ұлғаюына себеп болғандығын анықтаса, онда комиссия тараптардың сабақтас жауаптылығын қолданады және жұмыскер мен жұмыс беруші кінәсінің дәрежесін пайызбен айқындайды.
Бұл ретте Актіні қабылдау және талап қоюшының шағымы негізінде Қызылорда облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторымен тергеп-тексеру нәтижелерін қайта қарау барысында ӘРПК-нің принциптері ескерілмеген.
Осы тұрғыда арнайы құрылған комиссиямен жазатайым оқиғаның мән-жайлары толық зерттемегені және жұмыс берушінің іс-әрекеттеріне тиісті баға берілмегені жөнінде соттардың қорытындылары дұрыс.
Сонымен қатар, ӘРПК-нің 4-бабының бірінші бөлігінің 6) тармақшасында әкімшілік қалау – ол әкімшілік органның, лауазымды адамның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мақсаттарда және шектерде заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі екендігі айқындалған. Жауапкерде шешім қабылдау мүмкіндігін беретін әкімшілік қалау бар. ӘРПК-нің 156-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіге дау айту туралы талап қою негізді болып табылса және сот оның заңсыздығын таныса, онда ол толық немесе қандай да бір бөлігінде оның күшін жояды.
Сондықтан, жауапкерде әкімшілік қалаудың барын ескере отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы жергілікті соттармен қабылданған сот актілері заңды әрі негізді. Сот алқасы, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, дауланып отырған сот актілері күшінде, мүдделі тұлғаның кассациялық шағымы қанағаттандырылусыз қалдырылуға жатады деген тұжырымға келді.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 22 шілдедегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Аралтұз» АҚ-ның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс. Судья Б. Нажмиденов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.