№ 6ап-19-16
ҚАУЛЫ
2016 жылғы 24 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья А.Қ. Қыдырбаева,
судьялар М.Т. Балкен, Н.Ө. Жолдасбеков,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],
әкімшілік жауаптылыққа тартылған Б[...],
жәбірленуші Б[...], «Астана қаласының Ішкі істер Департаменті» ММ-нің өкілдері Ә[...], У[...] (сенімхат негізінде) қатысуымен кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2015 жылғы 8 желтоқсандағы және Астана қалалық сотының 2016 жылғы 9 ақпандағы қаулыларына келтірілген наразылығымен түскен
Б[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
а н ы қ т а ғ а н ы :
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2015 жылғы 8 желтоқсандағы қаулысымен Б[...] әрекетінде құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, оған қатысты ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік іс өндірісінен қысқартылған.
Астана қалалық сотының 2016 жылғы 9 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың қаулысы өзгерізсіз, жәбірленуші Б[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың
қаулыларымен келіспей, олардың күшін жоюды, іс жүргізу өндірісін қайта қалпына келтіруді, істі қайта қарау үшін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберуді сұраған. Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], жәбірленуші Б[...], Астана қаласы Ішкі істер Департаментінің өкілдері Ә[...] мен У[...] пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы әкімшілік жауаптылыққа тартылған Б[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.
Бірінші сатыдағы сот өз тұжырымдамасын жүргізуші А.Б[...] Республикасының Жол жүру қағидаларының (бұдан әрі – Қағида) 13.3 және 13.9-тармақтарының талаптарын бұзбағанын, керісінше, С.Б[...] 5.2.5-тармағын, яғни, бағдаршамның қызыл сигналы, сондай-ақ, қызыл және сары сигналдардың қосыла жануы жүруге тыйым салатын ережесін, сақтамағанын көрсеткен.
Сондай-ақ, апелляциялық сатыдағы сот жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктердің қиылыста бағдаршамның қандай белгісінде өткендігі туралы «ҚМЖЭБА[...]» ЖШСнің маманы Т[...] пікірін тыңдап, соңғысының сотта бейнежазбаны қараған соң автокөлік бір секундта он алты метр қашықтық жүретіні, сондай-ақ, Б[...] бағдаршамның қызыл сигналына жүрді деген пікірлерін басшылыққа алып, соңғысы Қағиданың 5.2.5-тармағын сақтамаған деген тұжырым жасаған.
Алайда, жергілікті соттардың бұл тұжырымдары заң талаптарына сәйкес келмейтініне байланысты негізсіз.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, Б[...] 2015 жылғы 16 қарашада сағат 15:46-шамасында «Тойотa» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі (бұдан әрі – м/б) [...] автокөлігін Астана қаласы Б.М[...] даңғылымен басқарып келе жатып, бағдаршамның рұқсат беретін сигналы іске қосылғанда, көше қиылысы арқылы қозғалысын аяқтап жатқан Б[...] басқаруындағы «Митсубиши» маркалы м/б [...] автокөлігіне жол бермей, соқтығыс жасаған.
Осыған байланысты уәкілетті орган А.Б[...] 13.9 және 13.3-тармақтарының талаптарын сақтамағаны үшін оның әрекетін ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігімен саралаған.
Әкімшілік істегі жүргізушілер еш кедергісіз танысып, қолын қойған сызбаға сәйкес, соқтығыс Б[...] «Митсубиши» автокөлігі Тәуелсіздік-М[...] көшелері қиылысынан өту барысында, яғни, соңғысы қиылыстан өту маневрін аяқтауға 4,5 метр қалғанда болған, ал Б[...] «Тойота» автокөлігімен Б[...] автокөлігіне сол көшелердің қиылысына 4,8 метр кіргенде соққан. Сондай-ақ, автокөліктерге келтірілген залалдарға сәйкес, Б[...] өз автокөлігінің алдыңғы жағымен, Б[...] автокөлігінің оң жақ бөлігіне соққан.
Аталған жәйттер іске тіркелген бейнежазбадан анық көрінеді.
Қағиданың 13.9-тармағында бағдаршамның рұқсат беретін сигналы іске қосылғанда жүргізуші жол қиылысы арқылы жүрісін аяқтайтын көлік құралына және осы бағыттағы жолдың жүру бөлігінде өтуді аяқтамаған жаяу жүргіншіге жол береді делінген.
Демек, бұл нормаға сәйкес, Б[...] өз автокөлігімен бағдаршамның рұқсат беретін сигналы жанып, көше қиылысына шыққанымен, осы қиылыспен жүрісін аяқтап жатқан Б[...] автокөлігіне жол беруге тиіс еді.
Сонымен қатар, жол-көлік оқиғасы болар бұрын Б[...] М[...] көшесінде рұқсат беретін бағдаршамның сигналын күтіп тұрған сол жағындағы екі автокөліктің қапталынан басып озып, бұл екі автокөлік оның шолуын шектеу келтіргеніне қарамастан, қиылысқа шыққан.
Қағиданың 13.3-тармағына сәйкес, жүргізушіге шолуды шектейтін жол-жөнекей бағытта жүріп жатқан көлік құралдарының алдына түсуге тыйым салынады. Ал егер жол қиылысында немесе оның алдында көлік құралы тоқтаса, онда көршілес жолақпен жүріп бара жатқан басқа көлік құралдарының жүргізушілері мұның қауіпсіз екендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүруді жалғастырады.
Сөйтіп, Б[...] сол жағындағы шолу шектеулі болуына қарамастан, сол жағында тұрған екі автокөлікті басып, үлкен жылдамдықпен қиылысқа шыққанын бейнежазбадан және автокөліктерге келтірілген залалдардан көруге болады.
Бұндай жағдайларда, А.Б[...] 13.3 және 13.9-тармақтарының талаптарын сақтады деген бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тұжырымдары негізсіз және мерзімінен бұрын қабылданған болып табылады. Керісінше, іс бойынша жиналған, сондай-ақ, оқиға орнындағы бейнежазбадан А.Б[...] аталған талаптарын сақтамағаны анық.
Аталған жәйттерге жергілікті соттар тиісті құқықтық баға бермеген.
Осыған орай жол-көлік оқиғасы С.Б[...] 5.2.5-тармағын сақтамағандықтан болды, ол маманның пікірімен дәлелденеді деген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымдарының дұрыстығы күмән туғызады, себебі «ҚМЖЭБА[...]» ЖШС-нің маманы Т[...] бағдаршамның қалай жұмыс жасауына, оның қалыпты жұмысына қызмет көрсететін мекеменің ғана маманы, яғни ол нақты Тәуелсіздік және М[...] қиылысындағы бағдаршамның қандай режиммен жұмыс жасайтыны жөніндегі ғана жауап бере алатын тұлға.
Сондықтан, Т[...] автокөліктердің қандай жылдамдықпен жүру мүмкіндігін анықтауы негізсіз, себебі, ол сарапшы болып табылмайды.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-тің 31, 773-баптарына сәйкес, автокөліктердің қандай жылдамдықпен жүргені арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен немесе сарапшының қорытындысымен анықталады. Алайда, Б[...] немесе Б[...] автокөліктерінің дәл оқиға уақытында бір секундта он алты метр қашықтықпен жүргені туралы дәлелдемелер, сондай-ақ, автотехникалық және басқа да құжаттар, сарапшының қорытындылары істе жоқ.
Бұндай жағдайда, мамандандырылған сот алқасы жергілікті соттардың Б[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы қабылдаған сот актілері бұзылуға жатады деген прокурордың наразылықта келтірген уәждерімен толық келіседі.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 1-тармақшасына сәйкес, судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыда жазылған iстiң нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің наразылықты қарау кезiнде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуi әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қаулының күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылады.
Сондықтан, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2015 жылғы 8 желтоқсандағы және Астана қалалық сотының 2016 жылғы 9 ақпандағы Б[...] қатысты қабылданған қаулылары заңсыз болғандықтан күші жойылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 840-бабының 1-тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Б[...] қатысты әкімшілік өндірісті қысқарту туралы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2015 жылғы 8 желтоқсандағы және Астана қалалық сотының 2016 жылғы 9 ақпандағы қаулыларының күші жойылып, іс бойынша іс жүргізу өндірісі қайта қалпына келтіріліп, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына өзге құрамында қайта қарау үшін жіберілсін.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
А. Қыдырбаева М. Балкен Н. Жолдасбеков
Көшірмесі дұрыс. Судья Жолдасбеков
Н.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.