6001-21-00-3гп/40
ҚАУЛЫ
2021 жылғы 4 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші М.Таймерденовтің,
судьялар С.Ж.Абдолла, Б.Д.Мақұлбековтің,
прокурор У[...],
талап қоюшының өкілі Б[...],
жауапкер өкілі Б[...] қатысуларымен,
ашық сот отырысында мобильді бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы П[...] жауапкер «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент), «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі» мемлекеттік мекемесіне ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы бұйрықты заңсыз деп танып, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, арнайы атағын қалпына келтіру, амалсыз бос жүрген күндеріне жалақысын және моральдық зиянды өндіру туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы шешімін, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Департаменттің өтінішхаты бойынша азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Департаментке, Қаржы министрлігіне 2018 жылғы 26 қазандағы № 1135 ж/қ бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, Әл-Фараби полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің (бұдан әрі - Полиция бөлімі) учаскелік полиция инспекторы лауазымына қайта орналастыру, арнаулы атағын қалпына келтіру, амалсыз бос жүрген күндері үшін 3 812 049 теңге жалақы және 5 000 000 теңге моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Департаменттің 2018 жылғы 26 қазандағы № 1335 ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
П[...] Полиция бөлмінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына қайта орналастырылған.
«Қазақстан Республикасы Ү[...]» 010 бағдарламасының әкімшісіне орындалу міндетін жүктеп, мемлекеттік қазынадан П[...] пайдасына 400000 теңге моральдық зиян үшін өтемақы өндірілген.
Талап қою арызының қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Әл-Фараби аудандық сотының 2020 жылғы 26 тамыздағы ұйғырымымен П[...] талап қою арызының арнаулы атағын қалпына келтіру туралы бөлігі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 279-бабының 8-бөлігіне сәйкес қараусыз қалдырылған. Аталған ұйғарым апелляциялық тәртіпте дауланбаған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Департамент өтінішхатында іс үшін маңызы бар мән-жайлар дұрыс айқындалмай, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын, жергілікті соттардың П[...] жұмыстан оған қатысты айыптау үкімінің күшіне енгеніне не қылмыстық іс ақтау негіздері бойынша тоқтатылғанына байланысты емес, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін шығарылғанын ескермегенін көрсетіп, даулы сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған пікірін, талап қоюшы өкілінің қарсылығын, прокурордың сот актілерін өзгерту туралы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, өтінішхат уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты сот актілерінің күші жойылуға жатады деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілген.
Іс құжаттарынан анықталғандай, П[...] Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы лауазымын атқарған.
2018 жылы 3 қазанда Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 190-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Департаменттің 2018 жылғы 26 қазандағы №1335 ж/қ бұйрығымен П[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі - №380-ІV) 80-бабы 1-тармағының 13)
тармақшасы негізінде құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары қатарынан шығарылған.
Шымкент қаласы прокуроры орынбасарының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағына сәйкес, П[...] әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Осыған байланысты П[...] азаматтық іс бойынша сотқа талап қою арызымен жүгінген.
Төмендегі соттар талап қою арызын ішінара қанағаттандыра отырып, П[...] тәртіптік жаза қолдануға негіз болатын құқық бұзушылық жасамағанын, Департамент тарапынан сотқа дейінгі тергептексеру аяқталмай, тағылған айып бойынша айыптау үкімі шығып, заңды күшіне енбей тұрып, кінәсі дәлелденбеген әрекеті үшін тәртіптік жаза қолданылғанын көрсеткен.
Сот алқасы келесі негіздер бойынша төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдары іс мән-жайларына сәйкес келмейді және қабылданған сот актілері материалдық құқық нормаларын бұзу арқылы қабылданған деп санайды.
2018 жылғы 3 қазанда азамат Н.Ш[...] департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына арызданып, учаскелік полиция инспекторы П[...] Шымкент қаласының темір жол вокзалы алдында орналасқан дүңгіршігінде кедергісіз сауда жасау және өзінің тарапынан қамқорлық жасау үшін ай сайын 5000 теңге ақша талап еткенін көрсетіп, оған шара қолдануды сұраған.
Сол күні басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында 2018 жылғы 9 қазанда сағат 17:00 шамасында жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесінде П[...] өзінің қызмет аумағында орналасқан темір жол вокзалына барып, Ш[...] 15000 теңге пара алғаны бейнежазылымнан көрінеді.
Жедел-тергеу тобымен жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде П[...] оқиға болған жерден бой тасалап қашып кеткен.
Шымкент қаласы прокурорының орынбасарының 2019 жылғы 20 желтоқсандағы қаулысымен П[...] ісәрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының дәлелденбеуіне байланысты ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағы негізінде қылмыстық іс тоқтатылған.
Аталған қаулыда Н.Ш[...][...] сіріңке ұсынуы жеткілікті дәлелдеме ретінде танылуға жатпайтыны және соңғының лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған қылмыстық құқық бұзушылық әрекетінен Ш[...] келтірілген 15000 теңге материалдық шығын айтарлықтай залал болып табылмайтыны көрсетілген.
Осы орайда, П[...] қатысты қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан емес, іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.
№ 380-IV Заңның 80-бабының 2-тармағына сай әрекеттер, оның ішінде қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес, бірақ азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер, атап айтқанда қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдалану құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылықтар болып табылады.
Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясы 2018 жылғы 24 қазанда П[...] ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы шешім қабылдаған.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің» ( бұдан әрі - Әдеп кодексі ) 5- тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілер, оның ішінде құқық қорғау органының қызметкерлері өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігі төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, жасағаны үшін заңнамада, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге тиіс. Талап қоюшыға қатысты қылмыстық істің тоқталуы, оның жұмыстан босатуға негіз болған мәнжайларды жоймайды. П[...] өзінің іс-әрекеттерімен Әдеп кодексінің талаптарын бұзғанын және құқық қорғау органдарының абыройына нұқсан келтіргенін, аталған фактілер тәртіптік жазаға тарту үшін жеткілікті негіз болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтініште келтірілген мән-жайлар өз дәлелін тапты деп санайды. Төмендегі соттардың жіберілген кемшіліктері заң талаптарын өрескел бұзғаны болып табылады, себебі олар істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.
Осыған орай, сот актілері өзгертілуге жатады.
Сот актілерінің «Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі бастығының 26 қазан 2018 жылғы №1335-ж/қ П[...] ішкі істер органдары қатарынан босату туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, П[...] Шымкент қаласының полиция департаменті Әл-Фараби полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына қайта орналастырылған бөлігінің күштері жойылып, осы бөліктерінде талап қою арызды қанағаттандырусыз қалдыруға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының 26 тамыз 2020 жылғы шешімі, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 17 қараша 2020 жылғы қаулысы өзгертілсін.
Сот актілерінің талап қоюшы П[...] «Шымкент қаласының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің 26 қазан 2018 жылғы №1335-ж/қ бұйрығын заңсыз деп тану, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру туралы талаптарын қанағаттандырған бөлігінің күші жойылсын, осы бөлікте талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.
Сот актілерінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын.
«Шымкент қаласының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесінің өтінішхаты ішінара қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші М. Таймерденов
Судьялар С. Абдолла Б. Мақұлбеков
Көшірмесі дұрыс. Судья С. Абдолла
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.