№6001-24-00-6ап/177
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 30 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов,
судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Ш.Т.Даниярова,
мүдделі тұлғалардың өкілдері Н.С.Амангалиев, А.М.Нурушевтың қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Достық» шаруа қожалығы Дархан Русланович Курманалиевтің Казталов ауданының әкіміне дау айту туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысына мүдделі тұлға «Райымбек» шаруа қожалығының басшысы Р.М.Мустахимнің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 20 қазандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 13 қаңтардағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 31 қазандағы қаулысымен процессуалдық құқық нормасы бұзылғанына байланысты апелляциялық сот алқасы қаулысының күші жойылып, іс жаңа қарауға жолданған.
Жаңа қарауда Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімінің күші жойылып, талап қою арызын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Казталов аудандық жер комиссиясының 2022 жылғы 19 мамырдағы хаттамалық шешімі №7 лотқа қатысты заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымда апелляциялық сот алқасы іс бойынша материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, қабылданған сот қаулының күшін жоюды сұраған.
Сот алқасы кассациялық шағым бойынша тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге апелляциялық сот алқасымен жол берілмеген.
Соттармен анықталғандай, Казталов ауданының жергілікті атқарушы органдарымен Казталов ауданының Бірік ауылдық округінде орналасқан жалпы ауданы 300 гектар жайылымдық жер теліміне шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурс жарияланған.
Жер комиссиясының 2022 жылғы 19 мамырдағы хаттамасы бойынша қатысушы Р.М.Мустахимге («Райымбек» ШҚ) 7 дауыс берілгендіктен 7-лот бойынша жеңімпаз болып танылған. Д.Р.Курманалиев («Достық» ШҚ) 6 дауыспен екінші орын алған.
Казталов ауданы әкімдігінің 2022 жылғы 26 мамырдағы қаулысымен Р.М.Мустахимге ауыл шаруашылығы өндірісі үшін Казталов ауданының Бірік ауылдық округінде орналасқан 10 жыл мерзімге уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) 300 гектар жер телімі берілген.
Бұл әрекетпен келіспей, талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот жер комиссиясының отырысы заңнамаға сәйкес өткізілгенін және заң бұзушылықтардың анықталмауына байланысты конкурсты заңсыз деп тануға негіз жоқ деген тұжырымға келген.
Апелляциялық сот алқасы бұл тұжырыммен келіспей, конкурстық комиссияның отырысы әкімшілік рәсім және заң талаптарының бұзылуымен формалды түрде өткізілгені, хаттамада баллдарды есептеу қалай жүргізілгені туралы ақпарат болмауымен негіздеген.
Конкурстық комиссиямен қатысушылардың мекен жайы туралы мәліметтері, екінші қатысушының басқа ауылдық округінде өзге жер телімінің бар екендігі туралы дәлелдері тексерілмеген. Осыған қоса, конкурс бойынша жер комиссиясы отырысының аудио, - бейне жазбасы жүргізілген, бірақ ресми интернет ресурстарда онлайн трансляция жүргізілмегенін көрсеткен.
Апелляциялық сот алқасының тұжырымымен келісе отырып, сот алқасы талап қоюды қанағаттандырудың негізділерін өзгерту қажет деп санайды.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-1-бабының 14тармағына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурстың жеңімпазын жер комиссиясы тиісті өлшемшарттарды ескере отырып, балл беру арқылы конкурстық ұсыныстарды салыстыру негізінде айқындайды.
Осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жер учаскесін алу кезінде олардың конкурстық ұсыныстарына қосымша балл беру түрінде артықшылық беріледі.
Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалайды, салыстырады және жеңіп алған конкурстық өтінімді айқындайды.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 20 желтоқсандағы №518 бұйрығымен бекітілген Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсты ұйымдастыру мен өткізу Қағидаларының 23-тармағында осы ауданда, қалада, ауылда, кентте кемінде 5 жыл тұратын адамдарға конкурстық ұсыныстарына қосымша 10 балл беру түрінде артықшылық берілетіні көрсетілген.
Соттармен анықталғандай, даулы лот бойынша конкурс Бірік ауылдық округінде орналасқан жер учаскесі бойынша өткізілген.
Конкурсқа қатысу үшін тапсырылған өтінімдерінен анықталғандай, талап қоюшы «Достық» ШҚ басшысы Д.Р.Курманалиевтің мекен жайы - Казталов ауданы, Бірік ауылдық округі, Бейбітшілік көшесі, 19, ал мүдделі тұлға «Райымбек» ШҚ басшысы Р.М.Мустахимнің мекен жайы -Казталов ауданы, Казталов ауылдық округі, Даниялов көшесі, 14 деп көрсетілген.
Сонымен қатар, 2021 жылғы 22 қыркүйектегі №407 отбасы мүшелері туралы анықтамаға сәйкес, талап қоюшының мекен жайы Казталов ауданы, Бірік ауылдық округі, Бейбітшілік көшесі, 19 деп көрсетілген.
Жер комиссиясы аталған мәліметтерді тексермеген, ал олар расталған жағдайда талап қоюшы қосымша 10 балл алуға құқылы болды, бұл жағдай конкурс нәтижелеріне әсер етеді. Жергілікті соттармен бұл мән-жайларға тиісті құқықтық баға берілмеген.
Жоғарыда көрсетілген жағдайларда, конкурстық комиссияның отырысы заң талаптарының бұзылуымен өткізілгеніне байланысты жойылуға тиіс болған.
Қабылданған шешімнің негіздерін өзгертуі даулы сот актісін түзетуге әкеп соқпайды. Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актісінің күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Батыс Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 30 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Мүдделі тұлға «Райымбек» шаруа қожалығының басшысы Р.М.Мустахимнің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов Ғ. Әлжанов Ш. Даниярова
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.