6001-22-00-6ап/2173
Қ А У Л Ы
2023 жылғы 16 мамыр Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,
судьялар Б.Т.Нажмиденов, Г.К.Нұрбаев болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы С[...] жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шымкент қаласының Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне, Шымкент қаласы Әділет департаментінің «Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі» филиалының басшысы аға-сот орындаушы М[...], мүдделі тұлғалар Е[...], жеке сот орындаушылар К[...], Ж[...] Шымкент қаласының әділет департаментінің басшысының орынбасары И[...] өз ісіне немқұрайлы, селқос қарағандықтан дұрыс жауап бермегенін заңсыз деп тану, борышкер Е[...] берешегін 6 сәуір 2012 жылдан 2019 жылға дейін есептеуді Шымкент қаласының әділет департаментінің «Атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі бөлімі» филиалының басшысы аға сот орындаушысы М[...] міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 тамыздағы қаулысына талап қоюшының берген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешімімен әкімшілік талап қанағаттандырусыз қалдырылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша шығарылған бірінші және апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жоюды сұраған.
Тараптар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, Шымкент қаласы ӘлФараби аудандық сотының 2012 жылғы 6 сәуірдегі сот бұйрығымен борышкер 01.01.1979 жылы туылған Е[...] өндіріп алушы 18.10.1981 жылы туылған С[...] пайдасына балалары: 22.07.2004 жылы туылған Т[...], 29.07.2006 жылы туылған Т[...] және 26.04.2008 жылы туылған Т[...] кәмелет жасқа толғанға дейін күтіп-бағу үшін 2012 жылдың 4 сәуірінен бастап ай сайын еңбек ақысынан және басқа да табысынан ½ мөлшерінде алимент өндірілген.
2013 жылы 25 сәуірде өндіріп алушы С[...] арызы бойынша Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша аумақтық сот орындаушылыр бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы А[...] атқарушылық іс жүргізу қозғаған.
2016 жылы мемлекеттік сот орындаушысы Ж[...] атқарушылық құжатты қайтару туралы қаулы шығарған.
2021 жылы 4 қарашада талап қоюшы С[...] Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық сотының 2012 жылғы 6 сәуірдегі сот бұйрығын орындауға қабылдау жайлы өтініш берген.
Шымкент қаласының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы К[...] 2021 жылғы 10 қарашадағы қаулысымен атқарушылық өндірісі қозғалған. Жеке сот орындаушы К[...] 2021 жылғы 6 желтоқсандағы қаулы негізінде борышкер Е[...] алимент берешегін 2019 жылдың қаңтар айынан 2021 жылдың қараша айына дейін 3132300 теңге мөлшерінде есептеген.
2022 жылдың 6 мамырында талап қоюшы әділет органына шағым түсіріп, онда 2016 жылға дейін мемлекеттік сот орындаушылары болып істеген А[...] пен Ж[...] өздерінің мерзімінде істемеген борышкердің берешегін 6 сәуір 2012 жылдан 2019 жылға дейін есептетуді сұраған.
«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Шымкент қаласының Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі өзінің 2022 жылдың 26 мамырындағы хатында талап қоюшының шағымын қанағаттандырмаған және бұрынғы мемлекеттік сот орындаушысы Ж[...] мемлекеттік сот орындаушысы болып қызмет атқармайтындықтан оның тәртіптік жауапкершілшігін қарауға мүмкіндік жоқ екенін көрсеткен.
С[...] сотқа бұзған құқығын қалпына келтіру үшін, борышкер Е[...] берешегін 6 сәуір 2012 жылдан 2019 жылға дейін есептеуді міндеттеу жайлы талап қоюмен жүгінген.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 169-бабының 1-тармағына сай, алимент төлеу туралы келісімнің негізінде немесе атқару құжатының негізінде өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты не осы Кодекстің 158-бабында көзделген алимент төлеу туралы келісім табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізіледі.
Алайда, жоғарыда көрсетілген заң нормаларына сәйкес өткен кезең үшін алимент өндіріп алу атқару құжаты табыс етілгенге дейінгі үш жыл мерзім шегінде жүргізілетіндігі көзделген.
Сот алқасы, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттың сот орындаушының өткен кезеңге алимент берешегін өндіруге заңда көрсетілген мерзімнен асатын уақытқа міндеттеуге ешқандай негіз жоқ деген тұжырымымен келіседі.
Сонымен қатар, аталған мән жайлар Әділет департаментінің бастығының орынбасары И[...] қолымен жолданған жауап хаты заңға сәйкес рәсімделіп, келіспеген жағдайда сотқа жүгіну құқығы көрсетілген. Осының негізінде бірінші және апелляциялық сатыдағы сот әділеттілік өлшемшарттарын басшылықа алып, әкімшілік талапты қанағаттандырудан бас тартқан және қанағаттандырудан бас тарту жайлы негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 11 шілдедегі шешімі және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 тамыздағы қаулысы өзгеріссіз, талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Дуйсенбаев Г.Б. Нажмиденов Б.Т. Нұрбаев Г.К.
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.