6001-22-00-3г/3956(2)
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 10 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов арыз беруші Қазақстан Республикасының І[...] Министрлігі «Атырау облысының полиция Департаменті Атырау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі шетелдік М[...] Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығару туралы арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған
Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 1 тамыздағы шешіміне кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы М[...] өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Қазақстан Республикасының І[...] Министрлігі «Атырау облысының полиция Департаменті Атырау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Полиция департаменті) Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның заңнамасын бұзғаны үшін Республиканың аумағынан тыс шығару туралы арызымен сотқа жүгінген.
Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 1 тамыздағы шешімімен арыз қанағаттандырылып, М[...] Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарылып, шешімді орындау үшін оған 5 күн мерзім белгіленген. М[...] мемлекет кірісіне 1 532 теңге өндірілген.
Өтінішхат беруші бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары зерттелген дәлелдемелерге және істің нақты мән-жайларына сәйкес келмейтінін, істің бір жақты қаралғанын және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Судья мұндай заң бұзушылықтарға сотпен жол берілген деп санайды.
Анықталғандай, Өзбекстан Республикасының азаматы М[...] Қазақстанның аумағында 2006 жылдан бастап тұрып, асырауында заңды некеден баласы бар.
Сонымен қатар, арызданушы отбасының жалғыз асыраушысы болып, жұмысшы болып қызмет атқарады. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға еңбектенуде.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 5 шілдедегі қаулысымен Қазақстан
Республикасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 610-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін М[...] кінәлі деп танылып, оған әкімшілік айыппұл салынған.
42 882 теңге салынған айыппұл 2022 жылдың 11 шілдеде арызданушымен толық төленілген.
«Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 28-бабына сәйкес егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса ол республика шегiнен қуылуы мүмкiн.
Атырау қалалық соты Полиция департаментінің арызын қанағаттандыру туралы шешімін М[...] әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген.
М[...] өтінішхатында бірінші сатыдағы сотпен іс бойынша шешім қабылдау барысында осы уақытқа дейін үлгілі әке, осыған дейін ешқандай әкімшілік немесе қылмыстық әрекеттер жасамағаны, оның әрекеттерімен мемлекетке нұқсан келтірілмегені ескерілмегенін көрсеткен.
Атап айтқанда, өтінішхат иесінің пікірінше оның іс-әрекеттері мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету немесе қоғамдық тәртiптi қорғау мүдделерiне қайшы келмейді, халықтың денсаулығы мен адамгершiлiк қасиетiн сақтау, республика азаматтарының және басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн оған Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі қатаң әкімшілік жазаны қолдануды қажет етпейді.
Судья өтінішхатта көрсетілген уәждердің іс үшін маңызы бар екендігін және даулы сот актісін қайта қарауға негіз болатынын ескере отырып, оны іспен бірге алқа отырысында қарауға жолдау қажет деп санайды.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау қалалық сотының 2022 жылғы 1 тамыздағы шешімін қайта қарау туралы М[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының отырысында кассациялық тәртіппен қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхат берген тұлғаға жолдансын.
Судья М.Бектұрғанов Көшірмесі дұрыс. Судья М.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.