ВС РК - Постановление от 30.05.2023 по делу 6001-22-00-6ап/2336 (Административное)

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 30 мамыр 6001-22-00-6ап/2336 (2) Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өміралиев болып,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкерлер «Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Жамбыл облысының Полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан – Полиция департаменті), Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы К[...], кадр саясаты басқармасы жеке құрам жөніндегі инспекциясының инспекторлары А[...], М[...] өзіндік қауіпсіздік басқармасының жедел тобының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі У[...] көлік құралын тоқтату, тексеру, медициналық куәландырудан өткізу бойынша іс-әрекеттерін заңсыз деп танып, тәртіптік жауапкершілікке тартуды міндеттеу, 2021 жылғы 3 қыркүйектегі нұсқаманы заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы шешіміне, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысына талап қоюшы өкілінің келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген.

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының кадр саясаты басқармасы жеке құрам жөніндегі инспекциясының инспекторлары А[...], М[...] 2021 жылғы 8 мамырда 0162/08 мемлекеттік нөмірі бар көлік құралды тоқтату, құжаттарды тексеру бойынша іс-әрекеттері заңсыз деп танылған.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.

Сондай-ақ, анықталған заң бұзушылықтар бойынша Полиция департаментіне қатысты жеке ұйғарым шығарылған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің күші жойылып, оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылған.

Шешімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Осы соттың 2022 жылғы 13 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың жеке ұйғарымының күші жойылған.

Талап қоюшының өкілі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, бірінші сатыдағы сот шешімінің талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру бөлігін өзгертіп, апелляциялық саты сотының қаулысының күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды немесе істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа құраммен қайта қарау үшін жолдауды сұраған.

Жауапкер өкілі кассациялық шағымға қарсы пікірінде сот актілерін күшінде қалдырып, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Іске қатысушы тараптардың өкілдері істі мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы қарауды сұраған.

Сот алқасының отырысы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында қарауға тағайындалған болатын. Тараптар өкілдерінің сотқа келмеуі туралы уәждерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) дәлелді деп санамайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды. Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді. ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

АПК-ның 449 бабының екінші бөлігіне сай кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегiнен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес сот іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар қолданылуға жататын заңды қолданбаған.

К[...] сотқа берген талап қоюында Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасының (бұдан әрі – ӨҚБ) қызметкерлерінің 2021 жылдың 8 мамырында жасаған іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған.

Жергілікті соттардың талап қоюды мәні бойынша қарап, шешім қабылдауы қате болып табылады.

Полиция капитаны К[...] Жамбыл аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік инспектордың көмекшісі қызметін атқарады.

Сотта зерделенген дәлелдемелерге қарағанда жедел хабарлама бойынша жедел тексеру ісі тіркелгені, нәтижесінде К[...] пен К[...] қатысты есірткі затын пайдаланғандығын анықтау үшін медициналық куәландырудан өткізу туралы 2021 жылғы 3 қыркүйекте жедел уәкіл У[...] «Тапсырманы орындау нұсқамасы» берілгені анықталған.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 29 шілдедегі № 478 бұйрығымен (73-қосымша) бекітілген «Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы туралы» Үлгілік Ереженің (бұдан әрі – Ереже) 5-тармағының 2) тармақшасына сай, жеке, заңды және лауазымды адамдардың ауызша және жазбаша өтініштерін, ӨҚБ-ның құзыретіне жататын мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни жариялымдар мен хабарламаларды уақтылы қабылдауды, тіркеуді және қарауды жүзеге асырады.

Ереженің 7-тармағының 3) тармақшасына сай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты, ішкі істер органдары мен бөліністеріндегі заңдылықты бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі қызметті ұйымдастыру жай-күйін тексеруді жүзеге асыратыны көрсетілген.

Осы Ереженің 10-тармағының 4) тармақшасында ішкі істер органдарының жеке құрамы арасындағы заңдылық пен тәртіп бұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық ісшараларды жүзеге асырады. Полиция қызметкерлері дайындап жатқан және жасаған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу ӨҚБ-ның міндетіне жататыны, жария және жасырын ақпаратты жинауды жүзеге асыратыны Ереженің 8-тармағында көзделген.

Жедел-іздестіру жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің (бұдан әрі – ҚПК) және « Жедел-iздестiру қызметi туралы » Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі ҚПК-нің 58-бабының бірінші бөлігіне сәйкес прокурор – өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, ... заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адам.

«Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының екінші бөлігіне сай жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асырушы органның iс-әрекетi жөнiнде жоғары тұрған органға, не прокуратураға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

ҚПК-нің 306-бабының үшінші бөлігіне сай мамандандырылған тергеу соттары, мамандандырылған ауданаралық тергеу соттары қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамдардың, жедел-іздестіру қызметінің, сотқа дейінгі тергептексерудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын прокурордың шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жасалған шағымдарды қарайды, осы Кодексте көзделген жағдайларда процестік әрекеттерді санкциялайды, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

ӘРПК-нің 3-бабының жетінші бөлігінің 2)-тармақшасына сай іс жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік, азаматтық процестік заңнамасында және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген істер әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Яғни, К[...] талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды.

Сондықтан талап қою арызы қайтарылуға жатады.

Дауланып отырған сот актілерінің күші осы негіздермен жойылатындықтан, соттардың қабылдаған жеке ұйғарымға байлынысты актілерінің де күштері жойылуы тиіс.

Сот актілері шағымда көрсетілген негіздермен байланысты емес себептермен бұзылғандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырылуға жатпайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 2 наурыздағы шешімінің және жеке ұйғарымының, Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 шілдедегі қаулысының және ұйғарымының күші жойылсын.

Талап қоюшы К[...] талап қою арызы қайтарылсын.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар

Ш. Даниярова Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.